«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шоқан сүйген сұлулар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың қатпарлы тарихында жас ұрпақтың болашағы, ел мен жердің амандығы жолында бас­тарын бәйгеге тіге жүріп, телегей теңіздей жұмыстар атқарған бірегей тұлғалар аз болмаған. Солардың бір шоғыры қасиетті Қызылжар өңі­рінен түлеп ұшқа­нын ешкім жоқ­қа шығара алмас. Тарихи тұл­ғалардың өмір соқ­пақтары да хал­қымыздың қилы тағдыры сынды сан тарау.

Бар болғаны жиырма тоғыз жыл өмір сүріп, қазақ аспанынан шоқжұлдыздай жарқырап өткен этнограф ғалым, зерттеуші Шо­қан Уәлихановтың қамшының са­бындай қысқа ғұмырының жұм­бақ, өнегелі тұстарымен Айыртау ауданындағы өзінің есімімен ата­латын мұражайға барсаңыз жа­қы­нырақ танысасыз. Қайсыбір жы­лы ғалым атындағы мұражайға та­баным тигенде сөреден Шоқан­ның өзі салған ұйғыр әйелдің су­ре­тін көзім шалған еді. Мұражай­дағы заттардың тарихымен та­ныс­тыратын маман бұл суреттің тарихын, әйгілі тұлғаның өмірін­дегі алатын орны туралы айтып берген. Осы сурет мені біраз ой қазбалауға жетеледі.

Жалпы шоқтығы биік Шоқан ту­ралы тереңірек білгісі келетін кез келген адам жазушы Сәбит Мұ­қановқа сүйенетіні рас. Өйткені Шоқанды Сәбеңше зерттеген, тол­ғантқан, сүйген жазушы жоқ. Шо­қан Қашқарияға барған сапарын­да Шынаргүл есімді қызға үйлен­генін тарихи деректерден, көркем шығармалардан білеміз. Алайда Шынаргүлдің кім екенінен бейха­бар­лығымыз тағы бар. Сәбит Мұ­қа­нов бұл аруды “Шоқанның Қаш­қарияға сапары кезінде үйленген әйелі” деп жазды. Тіпті, қаламгер­дің Шоқан мен Шынаргүлдің ма­хаб­батын арқау еткен “Қашқар қы­зы” атты пьесасы да бар. Туын­ды­ны оқып отырып, Шоқан мен Шы­наргүлдің арасында нәзік се­зім­нің болғанын аңғаруға бола­ды. Бұл сапарында Шоқан Уәли­ханов өзіне тапсырылған бар­лау­шы-тыңшылық міндеттерді де қо­са атқарды емес пе? Яғни, Семей қаласынан шығып, Қашқарға жол тартқан керуеншілер қосынында “тыңшы орыс офицері” бірге бара жатқаны жайлы хабар өзінен бұ­рын жетіп қойған еді. Қашқарға “Әлімбай саудагер” деген лақап атпен аттанған Шоқан үйленуге мәжбүр болады. Себебі ол жақ­тың салты сондай. Ардақты тұлға үйлену қажет екен деп жан жүрегі қаламаған адамды жар ете сал­ған жоқ. Сәбит Мұқановтың жа­зуынша, екеуі де бір-бірін қатты ұнатқан. Бірақ жол ауыр болған­дықтан, Шоқан елге қайтарында ол қызды өзімен бірге ертіп әкеле алмаған. Бар болғаны 5 ай бірге тұрды. Тіпті, олардан ұрпақ та болмаған. Бұл кезде Шоқан Уәлиханов 22 жаста болатын.

Шоқанның нағашылары Бая­науыл өлкесіндегі атақты Шор­мановтар болғанынан көпшілік оқырман хабардар. Нағашы жұр­тына келген Шоқан Тезек төренің қарындасы Айсарыға ғашық болып, оған үйленеді. Алайда қос ғашықтың махаббат дастаны ұзақ­қа созылмады. Некелес­кен­деріне көп уақыт өтпей Шоқан 29 жасында бақилық болды. Өмір­ден өтерінде Шоқан ағайын-туысына Айсарыны жалғыз қал­дырмауды аманаттаған. Осылай­ша Айсары әмеңгерлік салтымен туысы Жақыпға ұзатылады. Кей­бір деректерде ол кезде Айсары жүкті болған деген дерек те бар. Кейін Мәлік есімді ұл дүниеге келген. Алайда ол туралы ешқан­дай ақпарат жоқ.

Сол кездегі саясаттың ықпалы ма, әлде заман солай мәжбүр­ле­ді ме, қазақ зиялыларының көбі орыс қыздарын жар еткені шын­дық. Алайда олар ұлты өзге зайыптарын қазақтың тілі мен дәстүрін жетік білуге баулып, қа­зақ ұлтына қызмет етуге тәр­бие­леді. Олар бауырларынан та­ра­ған ұрпақтарына қазақ болып қа­луды, қандай жағдай болмасын ұлтты сүюді үйретті. Халқының азаттығы жолында арпалысты жолда жүрген жұбайларының ақ жағаларының кір шалмауын қа­да­ғалады.

Шоқан туралы айтқанда да, біз бұл тақырыпты айналып өте ал­маймыз. Асыл тұлға өмірінің боз­балалық кезеңіне шегініс жасап көрейікші. Шоқан сүйген сұлудың бірі Люба болатын. Ғалым 17 жа­сында Кадет корпусында оқып жүргенде губернатор Густав Гас­фордтың әйелі Любаға ғашық бол­ған. Ол жайлы Шоқанның өзі де “оның аты да, заты да махаббатқа тұнып тұр еді” деп жазады. Люба бұл кезде ауыр дертке шалдық­қан еді. Бірақ ол дерті Шо­қанға деген махаббатынан күшті емес еді. Шоқанның осы ғашық­тығы жайлы Омбыда “Любина роща” атты пьеса қойылды. Айт­пақшы, “Любина роща” деген Шо­қанның өз сөзі екен. Достары одан “Қайда болдың?” деп сұра­ғанда, осы тір­кесті айтыпты. Бір қызығы, қа­зір Омбыдағы осы жер Лю­бинский проспект деп атала­ды екен. Ал оны қиып өтетін бір көшеге Шоқан Уәлихановтың аты берілген.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp