«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елдігіміздің іргетасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттың негізгі төрт тұғыры бар. Олар – жер, тіл, дін және та­рих. Тіл – ұлтты басқалардан ерекшелендіріп тұратын басты қасиеті. Туған топырақ – ұлттың өсіп-өнетін кеңістігі. Дін – сол тілде жасалынған рухани құндылықтармен бірге тұтасып, ұлттық болмысты құрайды. Тарих – ұлттың тамыры, тарихи жады, өзін-өзі тану, сол арқылы болашаққа бастар бағдары. Тарихсыз, тілсіз ұлт болмайды. Тарихын, тілін ұмытпаған, одан сабақ алған ұлттың ғана болашағы жарқын. Әрбір ұлт, алдымен, тілін сақтауға ұмтылады. Сақтай алмаса, ұлтымен де, сол ұлтты қорғау, сақтау мақсатымен құрылған мемлекеттігімен де түбінде қош айтысуына тура келеді.

Егемендік алып, тәуелсіз ел атанғанымызға биыл отыз жыл болады. Отыз жыл – тіл мәселе­сін дұрыс жолға қоюға болатын мерзім емес пе? “Туған тіліңді қорғау туған Отаныңды қорғаудан да маңыздырақ. Отаныңды жау басып алса, оны ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір азат етеріңе сенесің. Ал тілің жауланса бітті. Басқа тілге көшіп, туған тілін ұмытқан және өз ата байлығына қайта оралуға мойыны жар бермейтін жалқаулармен ұлттық рухын жоғалтып үлгерген, өзіңе түрі ғана ұқсайтын қандастарың жаудан бетер қарсыласады. Олардың үлкен бөлегі ана тілін мойындамай, өзге тілдің мүддесін ашық түрде қолдауының ар­қасында ұлт жойылуға бет алады. Әлгі бейшара ұлт үшін бұған теңдес қасірет болмас”, – деген түрік саясаткері Бедредин Даланның сөзі еске түседі.

Мемлекеттік тіл – қоғамды біріктіруші фактор, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Сондықтан оны білу – әр қазақстандыққа парыз. Сонау кеңес дәуірінен бастап қағаз жүзінде көп жұмыстар атқарылды. 1989 жылғы “Қазақ КСР-нің тіл туралы заңы” жарыққа шықты. Оны да көрдік. Бірақ өзгеріп кете қойған түк те жоқ, іс жүзінде “баяғы жартас, сол жартас”. Әлбетте, тілді қаулы-қарармен, заң шығарумен дамыта алмасақ ке­рек.

Өзіміздің саналы әрекетіміз қайда? Талпынысымыз кәні? Қа­зақ тілі тәуелсіз болмай, Қазақстан әлемдік өркениеттен өзіне лайықты орнын ала алмайтындығы барлық уақытта есте болатын, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Қазақстанды қазақтар тұратын тәуелсіз мемлекет дейтін болсақ, оның тәуелсіздігі, ең алдымен, ана тілінде туындаған ұлттық мұраттарға негізделген ұлттық идеологиядан көрінуі тиіс. Осы орайда айта кетерлік тағы бір мысал бар, әлемнің 170 елінде болған француз саяхат­шысы Франсуа елордаға келіп, қайтарында журналистермен сұхбат барысында “Қазақстан сізге ұнады ма?” деген сауалға: “Мен қай елге келгенімді түсіне алар емеспін… Өйткені жергілікті қазақ халқының тілінде біреуің сөйлемейді екенсіңдер”, – депті. Шетелдік қонақ байқағандай, біз қазақша сөйлемейтін Қазақстан, өз тілінде сөйлемейтін ұлт болып отырғанымыз – бүгінгі күннің ащы шындығы.

Ана тілін толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерудің, сол тілде жасалынған ұлттық мәдениетті сақтай білудің әлемдік тәжірибелері жеткілікті. Алысқа бармай-ақ, көршіміз қырғыз елін­де бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударалық. Біріншіден, оларда да күні кешеге дейін қырғыз тілі мемлекеттік тіл де орыс тілі ресми тіл болып келген. Мұндай жағдайдың опа бермесіне көздері жеткен қырғыз ағайындар “Қырғыз Республи­касының мемлекеттік тілі туралы” заңға түзетулер мен толықты­рулар енгізді. Жаңа заңда мемлекеттік қызметке кіру үшін қырғыз тілінен емтихан тапсыру, іс-қағаздарды мемлекттік тілде жүргізу, ресми кездесулерде қырғызша сөйлеу талап етіледі. Осындай заңды бізде неге қа­былдамасқа? Осы сияқты заң Ресей Федерациясында да қабылданды. Егемендік алғанымызға отыз жыл өтсе де, құлдық психологиядан айырыла алмай келеміз. Бұлардың барлығын тізіп, айтып жатқанымның басты себебі – өзге елдерде тілді күшейту бағытында істеліп жатқан оң шараларға назар аудару, солардың ішінен пайдалы жақтарын алып, тәжірибелерінен үйреніп, біз де осы бағытта жұмыс жасауымыздың қажеттілігі, нақтылы істерді қолға алудың керектігі. Әйтпесе, ауызбен орақ ора бергенмен іс бітпейді. Ұлттық намысты оятып, жұрт қатарлы ел болар кез келді.

Қазақстандағы тағы бір қауіпті құбылыс – ұлтымыздың қазақ және орыстілді деп екіге бөлінуі. Бұл еліміздің ертеңі үшін аса қа­уіпті екенін түсінуіміз керек. Жалтақтауды қойып, еліміздегі телеарналарды түгел қазақыландыру керек. Өйткені теледидар ХХІ ғасырдың ең күшті құралы. Мемлекеттік қызметке тұратындар міндетті түрде қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Дереу іс-қағаздарды тек қазақша жүргізу мәселесін қолға алған жөн. Бұдан былай Қазақстан Қазақ республикасы болып аталса да артық емес. Сондай-ақ заң қазақ ті­лінің мемлекеттік тіл мәртебесін тағы да айқындап, әрбір шенеунік пен депутатты қазақ тілін еркін білуге міндеттеп, мемлекеттік тілді меңгеруде қызмет түрлерінің тізімін бекіту керек.

Ана тілімізден асқан мұра жоқ. Ендеше оны қастерлеуден асқан биік парыз жоқ және мен қазақпын деген әр азаматтың перзенттік парызы екенін ұмытпағаны абзал. Өзіміз ана тілімізде сөй­лемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтемейтінін түсінуіміз керек. Сондықтан ұлтқа, халыққа, мемлекетке қызмет ете­тін ұлттық идеологияны төрге шығару – бүгінгі күннің кезек күт­тірмейтін аса маңызды мәселесі. Бізді аузын арандай ашып келе жатқан жаһанданудың апанына түсіп кетуден аман алып қалатын бір ғана ұлы күш – ұлттық идеология екендігі әрдайым есте болғандығы жөн. “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қанатты сөзін ұмытпайық.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

зейнеткер. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp