«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕР ЖӘНЕ НАРЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қараша айының 25-ші жұлдызы қазақ кино өнерінің көрнекті қайраткері, режиссер Аяған Шәжімбаевтың туған күні. Көзі тірі болғанда 69-ға келер еді. Есіл ауданының Қаратал ауылын­да туған жерлесіміз шығармашылық ғұмырында жиырма шақты көркем және деректі туынды түсірді. Кейбіріне актер ретінде атсалысты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарна арналған “АЛЖИР” фильмі жоғары бағаланып, одақтың мемлекеттік қорына кірді. Өзі кинематографистер одағына мүшелікке алынды. Ал “Жансебіл” көркемсуретті фильмі екі бірдей халықаралық кинофестивальда жүлделі болды. Бұл фильм қазақ киносының алтын қорынан орын алды. Аяған Қуандықұлы – кино маманы ғана емес, еңбек жолын “Ленин туы” (қазіргі “Soltústіk Qazaqstan”) газетінде бастаған қарымды қаламгер. Қоғамдағы түрлі түйткілдерге қатысты жазған мақалалары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Оқырман назарына еліміздегі кино саласындағы ахуал туралы жазған мақаласын ұсынып отырмыз.

Дәл қазіргідей қасиет қалма­ған аласапыран, аумалы-төкпелі, алмағайып заманда кедейлік көріп, қу сирақты болып күй кешіп отырған рухани дүниеміз – өнер екені, бұлтартпас шындық. Әр күні күрсінумен, күйінумен, кіжінумен өтіп жатқан ең кедейлер – өнер адамдары екені және анық!

Кезінде бір данышпан тауып айтқан “…өнердің ішінде біз үшін ең маңыздысы кино болып табылады…” дегендей ең маңызды өнерді тілге тиек етейік. Әрине, бар рухани дүние өнер атаулы, бір-біріне тығыз байланысты, бір-бірінсіз дамымайды. Бұған айқын дәлел – кино өнері. Ескерте кеткен жөн болар, өнер атаулының ең “кенжесі”. Солай бола тұра, бойына бәрін жинап, барлығын (өнер түрлерін) бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығартып біріктірген, ынтымақтастырған, табыстырған да осы “кенже ұл” – кино екені айдан анық дүние. Мұнда әдебиет, сурет, сөз, сәулет, театр – бәрі-бәрі бар. Ал енді, жарты ғасырдан астам ғұмыры бар қазақ киносының бүгінгі халі нешік, соған келейік. Алдымен, құлағымызға ащы айқай – құрдымға кетіп бара жатқан өнердің құтқару сұраған жан дауысы, жансебілі, жан айқайы естіледі. Басы ашық нәрсе мынау – нарық тап осылай тарықтыра берсе – ертең-ақ рухани дүниемізден айрыламыз! Өнер атаулы түгел, тістегеннің аузында, ұстағанның уысында кетеді! Қазіргі қазақ киносында осы күй айқын сезіле бастады. Кинотеатрлар қалтасы қалыңдарға сатыла бастады. Барлық экранды шетел фильмдері жаулап алды. Өңшең анайы, тұрпайы, имансыз суррогаттар. Отызға тарта жекеменшік киностудиялар ашылды. Солардың көбінде қандай дүниелер түсіріліп жатқанын айтудың өзі… Әйтеуір, ұлттық өнер емесі анық. Тарс-тұрс, қуғын-сүргін, атыс-шабыс, төбелес, төсек… Саналары су боп кеткен топас, тоғышар тобырға арналған қойыртпақтар. Пайда түсіру, ақша табу, қалта қампиту, баюдың тура жолына түскендердің ісі.

Кино – ең жария өнер түрі. Оны бір сәтте мыңдаған, миллиондаған адам көре алады. Кітапты біреу оқыр, біреу оқымас. Театрға біреу барар, біреу бармас. Сәулет шығармасы жұртқа жария боп жүзеге асар немесе шеберханадан шықпай шаңға көмілер… Сурет өнерінің еншісі­не де күнде көрме төрі тие бермес, тигеннің өзінде көрме залының табалдырығын қанша жан аттай қояр екен?… Қалай десек те, кино өнерінің осындай өзіндік артықшылығы, ерекшелігі бар. Ол – басы ашық нәрсе. Бұған бұл өнер түрінің шежірелік мәнін қо­сыңыз. Бейнетаспаға түсірілген замана келбеті бір ғасырдан астам уақыт сақталады. Осыларға қоса, кино өнерінің елдікті, ұлт таныту­дағы шапшаңдық, уақыт ұтқырлық маңызын естен шағармайық. Бірнеше қорапқа сыйып кететін тамаша туындыны төрткүл дүниенің кез келген түкпірінде, түрлі ұлт пен ұлыстарға қай уақытта болса да көрсетуге болатынын айтқан жөн. Ұлттық үрені, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ою-өрнекті, нақышты, үнді, сазды, сәулетті, сымбатты – бәрі-бәрін бір мезетте, бір сәтте жат жерге, бөтен елге таныстыруға, көрсетуге, жеткізуге, естіртуге, ұғындыруға, сөйтіп ел-елді табыстыруға, ұлт пен ұлтты жақындастыруға, бір-біріне тәнті етуге, талант құдыреттеріне табындыруда, бұл өнер түрінің “елшілік”, дәнекерлік рөлі және бар. Сондықтан да кино шын мәнінде “…өнердің ішінде біз үшін ең маңыздысы”. Осыдан келіп мынандай ой туады. Болашақта, келешекте ел болып, ұлт болып қалғымыз келсе – кино өнеріне тап қазір, ұлттық қамқорлық, жанашырлық қажет! Нарық қылқындыра бермес, қарын тояр, көйлек көбейер… Сол кезде, не көрем, не естимін, не тыңдаймын дегенде… бүгінгі барымыздан айрылып, жер сипап қалмайық, ағайын!

Рухани дүние атаулы тегіс, мемлекет қамқорлығында, үкімет қоластында болуы шарт! Өнерді саудаға салуға болмайды!

Бүгіндері дүние жүзінде “жас қазақ киносы” деген ұғым, дуалы сөз жүр. Оған талай атышулы өнер сайыстарынан бәйгемен оралған тамаша туындылар дәлел. Өткен жылғы Мемлекеттік сыйлықтың екі бірдей кино туындысына – “Отырардың ойраны” мен “Полигонға” берілуі де көп жайды аңғартса керек. Осы деңгейден түспей, әрі дамып, өрге қарай биіктей беру үшін тап қазір кино өнеріне республика үкіметі тарапынан арнайы қаулымен бекітілген қамқорлық, жанашырлыққа толы бағыт-бағдарлама қажет. Бұл құжаттың, біздіңше, қадау-қадау баптары мынау тұрғыдан өрілсе:

1.Таза кино өнерінің сан-саласымен тікелей айналысатын мемлекеттік жекеше (ұйым) – Қазақстан Республикасының Ұлттық кинокомпаниясы құрылуы тиіс.

2. Қазақ киносының материалдық-техникалық қажеттерін өтеу, көтеру мақсатымен бүгінгі әлемдік деңгейдегі түсіру, жазу аппараттарын алу үшін қажет мөлшерде валюта бөліну керек.

3. Шығармашылық процесс үзбей жүріп жату үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен тиесілі, керекті мөлшерде қаржы бөлінуі шарт.

4. Кино саласындағы еңбеккерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары үнемі назарда болуға тиіс.

5. Түсірілген туындылар өз көрермендеріне тезірек жету үшін республика көлемінде кино­прокат және кинотарату жүйелерін жандандырып, бір жүйеге бағындыру қажет.

Бұдан басқа да ойлар көп. Мысалы, төл теледидарымыз кино өнерін дамытуда, насихаттауда егіздің сыңарындай қызмет етуі керек. Дәстүрлі хабарлар берсе! Осыған дейінгі түсірілген мыңдаған көркем, деректі, ғылыми-көпшілік мөлтек (мультфильм) шығармаларды “Қазақфильм” көрсетеді” деген айдармен үнемі жүйелі түрде беріп тұрса! Қазақ тіліне тәржімаланған, аударылған 2000-нан астам көркем фильмдер бар. Солар, құдай біледі, кинопрокат қоймаларында тау-тау боп теңкиіп, үйіліп не шашылып жатыр. Соларды тауып, жинап, көрсетіп отырса. Ол үшін әр қалаларда таза қазақ тілінде көрсететін ұлттық кинотеатрлар ашса.

Міне, әзірге ойға келгені осылар.

Қазақ киносына өз деңгейінде қамқорлық жасап, қолтығынан демесе, оның көсегесі көгерері анық-ақ. Тап осылай болған күнде, халқымыз бүгіндері санамыз бен ойымызға оралып, тарихымыздан тіріліп, бой көтеріп жатқан қасиетті бабаларымыз – батырлар мен билердің, ақындар мен әншілердің, жыраулар мен шешендердің, елге тұтқа болған көсемдердің бейнелерін елестетпей-ақ, экран жүзінен, теледидар төрінен көрері айқын. Ал тап бүгін мәселе мәз емес. Қазақ киносының қазіргі халі мүшкіл! Нарық теңізінде тұңғиыққа батып бара жатыр! Тал қармағандай сәтте!

Өз үйінде “өгей” болған ұландай ғұмыр кешуде!

Аяған ШӘЖІМБАЕВ.

(“Қазақ әдебиеті”,

21 мамыр 1993 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp