Өнер – адамның рухани қорегі ғой. Ата-бабамыздан қалыптасып, жалғасқан, бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген асыл өнер ешқашан маңызын да, құндылығын да жоймайды. Қандай қиын кезеңдер орын алса да өнер сын тезіне төтеп бере алды. Ел егемендікке қол жеткізіп, азаттықтың таңы атқан шақта өзге саланы айтпағанда елдің экономикалық әлеуетін көтеру оңай болмады. Осынау сындарлы шақта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев елдің тұтқасын қолына ұстап қана қоймай, әр саланы көтеруге, тұралап қалған халық тұрмысын жақсартуға бар күш-жігерін салды.
Тәуелсіздік жылдары мәдениет саласына да қан жүгіріп, көптеген тың бастамалар қолға алынды. Өнердің өрістеуіне кең жол ашылды. Өнерпаздар да қанатын кеңге жайып, айтулы додаларда еліміздің абыройын асқақтатты. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осынау уақыт кезеңінде еліміздің жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Оның барлығы Елбасымен тікелей байланысты. Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен 2000 жыл “Мәдениетті қолдау жылы” болып жарияланды. Сол жылы облыстық филармонияда қазақ халық аспаптары оркестрі құрылды. Одан басқа да өнер ұжымдары пайда болды. Жалпы өнер, мәдениет саласында көптеген жаңашылдықтар, өзгерістер орын алғанын айту қажет. Қазір еліміздің барлық аймақтарында оркестрлер, ансамбльдер, фольклорлық ұжымдар бар.
“Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады”, – деп Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай мәдени саладағы оң өзгерістерді 2003 жылы елімізде қолға алынған “Мәдени мұра”, кейін “Рухани жаңғыру” бағдарламаларымен байланыстыруға болады.
Қайырлы ҒАФУРОВ,
Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің жетекшісі.