Ядролық қаруға қатысты қандай да бір сөз қозғалса Қазақстан халқының жан жарасы сыздап, Семей полигонының зардабын еске алатыны бар. Қаншама адам жақынын жоғалтқан, әлі тумаған бала денсаулығынан айырылған бұл ядролық сынақтардың қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес.
1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткізілген болатын. Арада тура 42 жыл уақыт өткеннен кейін ғана – 1991 жылы зұлматты сынақтарға нүкте қойған “Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы” Елбасының Жарлығы шықты. Осынау 40 жылдан астам уақыттың ішінде полигон аумағында мыңдаған Хиросималар жарылды деуге болады.
Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен.
Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. Семей сынақ полигонында жүргізілген жарылыстардың салдарынан миллиондаған кісі дертке ұшырап, бақилық болды. Полигонға жақын ауылдар мен аудандарда, тіпті Семейдің өзінде де адамдар арасында бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген ауру, дерт, кесел түрлері көбейді. Ана, бала өлімі жиілеп кетті.
1970 жылдың мамыр айында мемлекет алдындағы борышымды өтеуге әскерге аттандым. Ол кезде Торанғұл ауылында тракторист-машинист болып жұмыс істеп жүрген 18 жасар жігіт едім. Бізді Курчатов қаласының маңындағы Дегелең тауларының арасына апарып түсірді. Әскерде болған екі жыл ішінде 14-15 жарылысты өз көзіммен көрдім. Бұл кездері қуаты бірнеше килотонна болатын ең мықты сутегі бомбалары сыналып жүрді. Денсаулығы нашар сарбаздар ауада тараған радиация әсерінен мұрындарынан тоқтамай қан кетіп, бастары айналып, есінен танып қалатын болды. Бұл дерттің сыртқы көрінісі болса, іш-құрылысымызға әсері есейе келе өрши бастады. Бүгінде полигонда борышын өтеген азаматтардың басым бөлігі 1, 2, 3 топтың мүгедектері. Ең жаманы сол, денемізге тараған радиация біздің ұрпақтарымызға да беріледі. Солар үшін алаңдап, уайымдаймын.
1989 жылы белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат Олжас Сүлейменов ядролық сынаққа қарсы “Невада-Семей” антиядролық қозғалысын құру туралы үндеу тастады.
40 жылдан астам уақытқа созылған зұлмат Қазақ ССР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен тоқтады. Құжатта Президент сынақ жылдары мыңдаған адамның денсаулығы мен өмiрiне нұқсан келгенiн айтып, полигонды жабу туралы бастама жасаған. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу тәртiбiн белгiлеп, сынақ алаңы мен iргелес аумақтардың әлеуметтiк жағдайын және медициналық қызметiн жақсартуды қаулы еткен. “Бұл шешім – Қазақстан жерінде сансыз қасірет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылысқа тоқтау қойды. Семей полигонын жабу туралы шешім біз Кеңес Одағы құрамында болған кезде қабылданған еді. Одан ары сынақтар жүргізу үшін полигонды қалай болғанда да сақтап қалуға ұмтылған қуатты одақтың әскери командалық машинасының қарсылығын еңсеруге тура келді. Дегенмен КСРО күйрегеннен кейінгі кезеңде біз әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға ие болдық”, – деген болатын Елбасы.
Тұңғыш Президентіміз атап өткендей, сынақ алаңын жабу еліміз тәуелсiздiк алар сәтте қабылданған ең маңызды шешім еді. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда мемлекет аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Бүгінде қазақ елінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдайды. Елбасымыздың жарылыстардың үнін өшірген Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы – еліміздің ең басты жетістігі. Тәуелсіздіктің отыз жылында алынған асулардың барлығы тек бейбіт өмірдің арқасында мүмкін болды. Қазақ елінің Тәуелсіздігі баянды болғай.
Алмағамбет ЖАНБЕКОВ,
“Семей полигоны” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшесі.