«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚТЫ ӨҢІР АСУЛАРЫ Облыс әкімі Сенаттағы парламенттік тыңдауда сөз сөйледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сенатта “Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары” тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтіп, онда облыс әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі екенін, осы себепті Сенат жұмысында басымдыққа ие екенін атап көрсетті. “1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 4,5 есе, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есе өсті. Қазақстан шетелдерге 7 млн. тоннаға дейін бидай шығару арқылы әлемдегі ең ірі экспорттаушы елдердің қатарына қосылды. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау 50 пайызға ұлғайды”, – деді Мәулен Сағатханұлы.

Құмар Ақсақалов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында экономиканы дамытудың басты драйвері саналатын ауыл шаруашылығын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктегенін, өңірдің бұл бағыттағы әлеуеті жоғары екенін айта келіп, атқарылған шараларға тоқталды.

– Ауыл шаруашылығы саласының ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 25 пайызды құрайды. Алда тұрған басты талап – отандық өнім көлемін ұлғайту. 3 жылда агроөнеркәсіптегі өсім көлемі 516 млрд. теңгеден 779 млрд. теңгеге дейін немесе 1,5 есе өсті.

Биыл 10 айда 865 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – өткен жылға қарағанда 86 млрд. теңгеге көп. Ендігі меже – бұл көрсеткішті 1 трлн. теңгеге дейін жеткізу, – деген Құмар Іргебайұлы егіс алқаптарын әртараптандыру талапқа сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Майлы дақылдар егістігі 1 млн. гектарға жуық, яғни еліміздегі ең жоғары көрсеткішке ие.

Еліміз бойынша қамбаға құйылатын астықтың төрттен бірі теріскейдің еншісінде. Агротехникалық іс-шараларды толық орындаудың арқасында өнім өндіру көлемі де, сапасы да айтарлықтай жақсарды. Машина-трактор паркін жаңарту жалғасып, 2322 техника сатып алынды. 2018 жылмен салыстырғанда, себілген тыңайтқыш көлемі 113 мыңнан 160 мың тоннаға дейін, элиталық тұқымның сортын жаңарту 5,3 пайыздан 9 пайызға дейін артты. Алдағы уақытта тыңайтқыш сіңіру 200 мың тоннаға, тұқым жаңарту 10 пайызға ұлғайтылады. Облыс әкімі ескірген техниканың үлесі әлі көп екенін, бұл астық себу және жинау кезінде үлкен қолбайлау тудыратынын айтты. Ал жаңа техника қымбат. Мысалы, Германияда “Claas Tucano-430” комбайны 131 млн. тенге тұрады, жергілікті жерлерде оның бағасы – 159 млн. теңге. Басқа импорттық комбайндар бойынша да баға осыған жетеғабыл. Сондықтан диқандарды қолжетімді техникамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Облыста “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жобасы бұл олқылықтың орнын толтырмақ. Барлық жеңілдіктерді қосқанда, бір комбайнның орташа бағасы 140 миллионнан 87 млн. теңгеге немесе 40 пайызға дейін арзандайды. Қазір жаңа кәсіпорында 92 комбайн құрастырылды, оның 43-і шаруашылықтарға сатылды.

Құмар Ақсақалов мал шаруашылығы саласында қалыптасқан жетістіктерді де тілге тиек етті. Соңғы үш жылда 12 заманауи сүт фермасы салынса, жыл аяғына дейін тағы 16 кешен пайдалануға беріледі. Оларда 45 мың тонна сүт сауылатын болады. 13 мың бас малға арналған екі бордақылау алаңы, жылына 6 мың тонна ет өндіретін екі құс фабрикасы тұрғызылуда. “EMC” ЖШС-і шошқа кешенінің қуаттылығын 50 мың бастан 100 мың басқа дейін көбейтіп, жылына 10 мың тонна ет өндіру мүмкіндігіне ие болады. Бүгінге дейін 3 мың бас асыл тұқымды ірі қара мен 13 мың бас қой сатып алынды.

Құмар Іргебайұлы ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдейтін “BioOperations” кәсіпорнының жұмысына да тоқталды. “Тайынша Май” зауыты технологиялық жағынан жаңғыртылып, майлы дақылдарды қайта өңдеу мөлшері 90 пайызға дейін жеткізіледі. Былтыр 600 мың тонна сүт өндіріліп, жартысынан астамы қайта өңдеуге жіберілді. “Маслодел”, “Евразиан Милк” кәсіпорындарына 15 млрд. теңге инвестиция құйылып, қуатты желілер іске қосылды. Сөйтіп, сүтті қайта өңдеу 60 пайызға дейін артты. Бүгінде еліміздегі сүттің төрттен бірі солтүстік өңірде өндіріледі. Өсімдік шаруашылығына – 18 млрд., мал шаруашылығына – 8,8 млрд., басқа салаларға 26 млрд. теңгенің мемлекеттік қолдауы көрсетілді.

– Биыл облыста 132 елді мекенді жаңғыртуға 22 млрд. теңге қарастырылды. 5 жылда 300 ауыл жаңартылады. Президент Жолдауын іске асыру аясында кешенді шаралар қабылданған. Облыста әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 15-і шығарылады. Азық-түлік өнімдерінің бағасын бір деңгейде ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 1,9 млрд. теңге бағытталды, – деген өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Біріншіден, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сапалы және қолжетімді минералды тыңайтқыш, пестицид, ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету. Екіншіден, субсидия жоғары нәтижелерге, биік көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылықтарға бағытталуы тиіс. Ол үшін өндіріс көлемін кеңейтіп, еңбек өнімділігін арттырып, жалақыны көбейтіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқандар бірінші кезекте ескерілуі керек. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің институциональдық жауапкершілігін қайта қараған ләзім. Өкінішке қарай, шаруалардың құқықтары көп, ал міндеттері аз. Осы себепті ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне, өмір сапасына жете көңіл аудара бермейді. Өңір басшысы жоғарыда айтылған ұсыныстар қолдау тапса, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға зор септігін тигізетініне, облыста аграрлық саланы қолдау мен дамытуға бағытталған жүйелі жұмыс жалғаса беретініне сенім білдірді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp