“Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,
Қош енді, қош болыңдар, гәкку-наздар!
Кеудемде күңіренген дастан қалды,
Киелі қанатымен аққу жазған”, – деп басталатын Мұқағали Мақатаевтың өлеңі кімді де болса елең еткізбей қоймайды. Аққу жайында айтылар аңыз да, әпсана да көп. Бұл – өмірдің өзгерістеріне бейімделгіш, қай жерде су болса, сонда өмір сүретін, өте сақ та, батыл құс. Дүниежүзінде оның 150-ден астам түрі кездеседі екен. Ал бізде сұңқұлдақ және сыбырлақ деп аталатын екі түрі тіршілік етеді. Аққулар – ұзақ өмір сүретін, өте әдемі, әсіресе ақын-жазушылардың шығармасына арқау болған құс. Орнитологтардың зерттеуінше, ол ұясын кез келген көлге сала бермейді екен. Ну қамысты, суы таза әрі тұщы, адамдар көп бара бермейтін көлдерді таңдайды. Әсіресе қамысты қопалардың олар үшін маңызы зор. Сондықтан да халқымыз оның кез келген батпақты шалшық көлде кездесе бермейтіндігіне қарап “талғампаз”, “тәкаппар” құс деп атайды.
Аққу жайшылықта 3-7 жұмыртқа салып, оны 35-40 күн басады. Осы кезде еркегі ұя төңірегінен алысқа ұзамай, балапандарын қорғайды. Аққулар еркек-ұрғашы болып жұптасқан соң, жұптарын өлгенге дейін жазбайды. Олардың бір-біріне деген адалдығы туралы ел аузында ғасырдан-ғасырға жеткен аңыздар бар. Бұл құстың бір-біріне деген сүйіспеншілігі сонша, біреуі өлсе, екіншісі бұл қайғыға шыдай алмайды жан тапсыратын көрінеді.
– Аққу – қазтәрізділер отрядына жататын өте сымбатты, ірі, күшті құс. Ол сонау ықылым заманнан бері сұлулық пен махаббаттың, тазалық пен нәзіктіктің символы саналды. Олар басып шығарған балапандарын бір ай ешкімге көрсетпей, қамыстың арасында тығып ұстайды. Балапандарының түсі қара болады. Біздің көлдерде ұшырасатын сұңқылдақ және сыбырлақ аққуларды бір-бірінен ажырату оңай. Қазтәрізділердің ең ірісі – сұңқылдақ аққу. Көлде қардай аппақ болып ерекше көрінетін сұңқылдақ аққу су бетінде жүзгенде денесінің алдыңғы бөлігі суға терең батады да, артқы бөлігі көтеріңкі тұрады. Ал ұзын мойны әрқашан да тік тұрады. Ал сыбырлақ аққу суда жүзгенде мойынын “S” әрпі тәрізді бүгіп ұстайды, басын үнемі төмен түсіріп жүзеді, – дейді Мамлют қазақ мектеп-интернатының биология пәннің мұғалімі Жазира Маратбек.
Биологтың айтуынша, сұңқылдақ аққудың дауысы ащы келеді. Сыбырлақ аққудың тұмсығының кейбір жері қара, қалғаны қызғылт сары және үстінде томпақ өсінді болады. Сұңқылдақ аққу біздің өңірде бүкіл орманды дала және далалық аймақтағы көлдерде, Каспий теңізінің солтүстік шығысында, Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдерінде кең таралған. Ал сыбырлақ аққу Арал теңізі, Сырдария, Торғай өзендері бойындағы көлшіктерде көбірек.
Әр тіршілік иесінің жақсы жағымен қоса, жағымсыз қыры да болады. Аққу да дәл солай. Біріншіден, бұл құс өте қызғаншақ келеді. Өзімшілдігі басым, балапандарына ешкімді маңайлатпайды. Өзімен бірге мекен еткен өзге құстардың жұмыртқасын көрсе қасақана жарып, балапандары кезіксе өлтірмей тынбайды. Бұл әрекетіне қарап, киелі емес, жыртқыш құс па дерсің? Балапандарын қызғанғаны соншалық, өзге құстарды алысқа қуып жіберуге тырысады.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы өніміне тигізер зяны мол. Мысалы, өсіп тұрған дәнді дақылдарды жеп жояды. Үшіншіден, өзіне шынайы қауіп төнген жағдайда, жан-жануарларға ғана емес, адамға да шабуыл жасап, тіпті шоқығанда адамның сүйегін сындырып, етін жарақаттауы да мүмкін екен.
Климаты ыстық жерде бұл құстардың түсі – қара, ал суық аймақта ақ болады. Денесіне шамамен 25 мың қауырсын өседі екен. Қара аққу, көбінесе, Австралия құрлығында мекен етеді. 8000 метр биіктікте ұша алады. Орташа ұшу жылдамдығы сағатына 65 километр. Бұл – құстар арасындағы рекорд. Өмір сүру ұзақтығы 20-30 жыл. Еуропаның суда жүзетін ең үлкен құсы болып табылады. Салмағы 15 килограмға дейін барады. Суда өсетін өсімдіктермен, құрттармен және жәндіктермен қоректенеді. Көздері өте жақсы көреді. Бұл қабілет судың астынан азық табуға көмегін тигізеді.
Аққу “Қызыл кітапқа” енгендіктен оны атуға тыйым салынған. Сондықтан да болар бүгінде саны күрт көбейді. Тіпті жұмыртқадан кеш шыққандары жылы жаққа ұшып кете алмай, солтүстікте қыстап қалатын жайттар кездесті. Ежелгі заманнан аққуды ату адамның өміріне бақытсыздық әкеледі деген сенім бар. Сөз соңында ауруханада естіген бір оқиғаны айта кетейін. Қол-аяғы сынып, емделіп жатқан механизатор жігіттің айтуынша, өткен көктемде басшылық жер жетпегендей көлдің жағасын жыртқызған. Абайсызда аққудың ұясын талқандап кеткенін өзі де байқамай қалған. Дәл төбесіне төніп келген қос аққуды көргенде ғана не болғанын түсінгенін айтады. Зарлы дауыс әлі құлағынан кетер емес. Содан кейін қолы мен аяғын қатар сындырған, әйелімен ажырасып, айрандай ұйып отырған отбасының ойраны шыққан. “Аққудың киесі атты мені”, – деп терең күрсінген еді.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.