«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНДЫҚОЖА БАТЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақ хал­қы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тә­уелсіздігі үшін күресіп келді. Өзі­нің ең жақ­сы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйым­­даса білуінің, сондай-ақ басқа халық­тармен бейбітші­лік, келісім мен тату көрші­лік жағдайында тұруға деген ын­та-ықыла­сының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды”, – деп қазақ хал­қының батырлары мен билерінің орасан зор еңбегіне лайықты баға берді.

Қазақ тарихының әрбір белесінде халық­тық мәні бар та­ри­хи оқиғаларға араласқан не­месе осы тарихи оқиғалардың ба­сында жүрген, ұйымдастырушы болған, асқан ер­лік көр­сет­кен батырлары аз болмаған. Қазақ жері солардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Осылайша қазіргі кең-бай­тақ өлке­міз­ді, құтты қоныс, атамекенімізді батыр ба­бала­ры­мыз ұлы жорықтарда білегінің кү­шімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп, біз­ге аманаттап қалдырды.

Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелегелі отыр. Ешкімге тәуелді болмау – қай халықтың болса да арманы ғой. Атқа мі­ніп, арда жүріп, кең даламен, орман-көл, тау-тасты аралап, тұмса табиғатпен етене араласқан қазақ үшін егемендіктен асқан ба­қыт та, арман да жоқ. Тәуелсіздік жолында та­лай ерлер ел мүддесін жоғары қойып, ауырт­палықты мойымай көтерді, тіпті өз өмір­лерін құрбандыққа шалды. Бүгінгі әңгі­ме арқауы Арғын ішінде Атығайдың Қойлы та­рапынан шыққан Андықожа Әлмәмбет­ұлы туралы өр­биді. 1672 жылы туған Анды­қожа Әлмәмбет­ұлы 80 жылдық ғұмырының көп бөлігін ат үстінде өткізіп, елін қорғауға арнады.

2013 жылы “Қазақ энциклопедиясы” бас­пасынан шыққан “Абылай хан” энциклопе­диясының 44-ші бетінде Андықожа Әл­мәмбетұлы туралы мынадай мәлімет бар: “Андықожа батыр Әлмәмбетұлы Орта жүз Арғын ішінде Атығай руынан шыққан. Сол­түстік Қазақстан облысы бұрынғы Бейнетқор ауданы “Үшқызыл” колхозының шығыс жағында “Қаршыға ұстаған” бауырында 1672 жылы дүниеге келген. Андықожа батыр Абы­лай ханның бас қолбасшысы болған Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батыр­лармен достығы берік, үзеңгілес жолдас болған көрінеді. Олар Андықожа батырдың табандылығын, ерлігін зор бағалаған. Абы­лай хан Қызылжарға алғаш келгенде, Андықожа өзінің 40 сарбазымен күндік жерден Жолдыөзек бойында қарсы алып, жол бастап отырған”.

Солтүстіктің үскірік аязына, жаздың аптап ыстығына шыныққан жаужүрек сарбаз­дар­ды басқарған Андықожа батырға жаугерші­лік заманда Абылайдың қолбасшысы Бөген­бай батыр күні бұрын хабар беріп, шақыртып алып, ұрыстың ең қиын, ең жауапты тұсына жұмсайтыны туралы деректер бар. 1726 жылы Бұланты өзенінің бойындағы шай­қаста қазақ жасақтарының оң қанатын бас­қарған Андықожаның сарбаздары жау­дың тасталқанын шығарған. Андықожаның өзі ұрысқа алдымен кіріп, соңында шығатын. Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленгендердің жалпы саны – 121 адам, соның ішінде сақталған 41 құлпытас қайта орнатылған. Сол тізімнің орта тұсында (Ақ­сарай қабырғасындағы үлкен планшетте) үш батырдың аты-жөні жазылған. Олар: Қан­жығалы Бөгенбай батыр (1690-1775), Шақ­шақұлы Жәнібек батыр (1693-1752) және Атығай Қойлы Андықожа батыр (1672-1752).

2020 жылы “Ел шежіресі” баспасынан шық­қан жерлесіміз, генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен Талғат Мұсаев құрас­тырған “Қазақтың хас батырлары” ғылыми-танымдық энциклопедиялық жинағының 377-378 беттеріндегі “Бұланты шайқасы”, 378-381 беттерінде жазылған “Аңырақай шай­қасы” туралы оқиғаларының бел орта­сында болған атақты батыр Андықожа Әл­мәмбетұлының туғанына келер жылы 350 жыл толады.

Бұланты шайқасы 1727 жылы Ұлытау өңі­ріндегі Бұланты және Білеуті өзендері ара­лығында жоңғар басқыншыларымен болған. 1723-1725 жылдары қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына де­йінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлы­тауға қарай бет бұрды. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ бас қолбасшылыққа Әбілқайыр ханды сай­лайды. Бұл жоңғарларға ұйымдасқан түрде тойтарыс беруге мүмкіндік туғызды. Соның нә­тижесінде Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоң­ғарлар 1726 жылы Шұбартеңіз шай­қа­сында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңіліс тапты.

1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегінде Бұланты өзенінің жағасында “Қарасиыр” де­ген жерде қазақ әскерлерінің жоңғарлармен ірі шайқасы болды. Бұл шайқаста қазақ сар­баздары қалмақтарға есеңгірете соққы бер­ді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста онда­ған мың адамынан айырылды. Қазақтар жа­ғы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат-жігерінің же­місін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қа­зақ даласына лезде тарап кетті. Өз зама­нының аса көрнекті қолбасшылары Қараке­рей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы және басқалар Әбілқайыр хан мен Қан­жығалы Бөгенбайдың басшылығымен ын­ты­мақты қимыл жасай отырып, қалың қолды ұрысқа бастады.

Алайда шайқас мұнымен біткен жоқ. Ат­тылы жоңғар қолының бір бөлігі Бұланты өзе­нінің жоғары ағысына қарай өтіп кетеді. Бі­рақ бұл жерде оларды қазақ атты әскерінің жа­сақтары қуып жетеді. Сол жерде жоңғарлар тағы талқандалды, тек жекелеген топ­тары ғана Ұлытау жағына Майтөбе мен Қу­рай­лыдан арғы тауларға өтеді. XVIII ғасыр­дың 20-шы жылдарының аяғына қарай жоң­ғарлар Ұлытау аймағынан ығыстырылды. Мұндағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғары ағысына жапсарлас жатқан аудан­да­ғы Қарамолда деген жерде болды. Жоң­ғарлар тағы да жеңіліске ұшырады. Бұл ай­мақ “Қалмақ қырылған” деген атпен белгілі.

Аңырақай шайқасы (1730ж.) – біріккен қа­зақ қолының жоңғар басқыншылығына қар­сы жүз жылдық азаттық соғысындағы ең ірі жеңісі. Саяси және әскери бірлікке қол жет­кізген үш жүз жасақтары 1728 жыдан бастап Ба­лқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғар­лар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың онтүстігінде үлкен шеп құр­ды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас ал­дында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды.

Аңырақай шайқасының ұрыс қимылдары болған алқап 200 шақырымдай жерді алып жатты. Оны ғасыр шайқасы деуге болады. Аңы­рақай шайқасы далалық Қазақстанның және Қазақстанның онтүстігінің таулы әрі шөлейт аудандарының шекарасында өткен. Мұндай жер кездейсоқ таңдап алынбаған. Шайқас өтетін жер дұшпанды талқандау жө­ніндегі ойдың жалпы айла-тәсіліне орайла­са­ды, ол жеңіліс тапқан жағдайда Іле өзені­нің басына дейін тоқтаусыз шегінуге мүмкін­дік береді. Шайқасқа қатысқан бүкіл үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Көптеген қазақ ба­тырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көр­сетті. Бұл шайқаста батырлардың бойын ер­лік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мыз­ғымас сенім биледі. Ұлы жүз қолын Жол­ба­рыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын Қан­жы­ғалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қара­керей Қабанбай, Кіші жүзді Тама Есет, Шекті Тайлақ батырлар басқарып, асқан ерлік көрсетті.

Ұрыс батырлар жекпе-жегімен басталды. Шәкәрім Құдайбердіұлы оны былайша су­рет­тейді: “… қазақ пен қалмақ екі төбеге жиы­лып, ортасында қалмақтың Қалдан-Церен ханының күйеу баласы Хоңтажы деген әскербасының баласы Шарыш деген батыр қазақтан жекпе-жекке батыр сұрап жүр екен. Әбілмансұр Әбілмәмбет ханға барып: “Тақ­сыр, бата берсеңіз мынаған мен барайын” дегенде, хан бата берген соң, Шарышқа қа­рай “Абылай, Абылай!” деп ұран салып ба­рып, Шарышты өлтіріп, басын кесіп алып, жау қашты деп айғай салған соң, қалмақтар қашыпты. Бір мезгілде Әбілмәмбет Әбіл­мансұрды қасына отырғызып: “Шырағым, сен кімсің, Абылайлап шапқаның қалай?” – десе: “Мен қанішер Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болған атамның атын ұран қылдым”, – дейді. Шарышпен болған жекпе-жектегі жеңістің құрметіне халық оны Абылай атап кетті”.

Бұл жеңістен соң Андықожа бабамызды Абылай хан Бурабайдағы ордасына жақын жерге көшіріп алған. Андықожа батыр Бәйім­бет Құлеке, Құдайберді Құлсары Бөріұлы батырлармен бірге хан ордасында ақылшы, көмекші, елші болып қызмет атқарған. Анды­қожаның Абылайдан 39 жас, Шақшақ Жәні­бек Қошқарұлынан 21 жас, Қаракерей Қа­бан­байдан 20 жас, Құлсары батыр Бөрі­ұлы­нан 33 жас, Атығай Бәйімбет Құлеке батыр­дан 28 жас, Қанжығалы Бөгенбай Қожеқұл­ұлы­нан 28 жас үлкендігі бар. Бұл жерде айтпақ болып отырғаным – бабамыздың кім­нен қанша жасқа үлкен екенін емес, жасы­ның келіп қалғанына қарамай өзінен көп кіші батырлармен тізе қосып, жоңғар мен қалмақтарға күйрете тойтарыс берудегі табандылығын атап өткім келеді. Әсіресе Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы екеуінің арасын­да қимас достық пен сыйластықтың бір мысалы ретінде жорық кезінде қоналқаға тоқтағанда Жәнібек өзі мінген тұлпарды атқосшыларына сеніп тапсырған, ал Анды­қожа мінген тұлпардың суытылуы, суары­луы мен отқа қойылуын өзі қадағалаған. Бұл арадан аға мен іні арасындағы риясыз дос­тық пен қарым-қатынасты көреміз. Тағы бір мысал ретінде, жорықтағы кешкі тыным ке­зінде Жәнібек Андықожаға: “Андеке, бар өмі­ріміз желдің өтінде, жаудың бетінде өтіп ке­леді, алда-жалда ажал құрығы жеткендей болса, тіріде шыққан төбеміз бір еді, өлгенде көріміз қатар болсын”, – деп айтқан екен.

Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы 1752 жылы күз айында қайтыс болып, сүйегі Түркістан қа­ла­сындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі­нің Әзірет Сұлтан зиратына жерленген. Қа­ралы хабарды естіген Андықожа батыр: “Ажал құрығын менен бұрын Жәнібекке сал­ған екен, маған да енді көп қалған жоқ”, – деп айтыпты. Андығожа атамыз Жәнібектің қыр­қына жетпей қайтыс болып, сүйегі 1753 жыл­дың мамыр-маусым айларында бал тол­тырылған өгіз терісіне оралып Түркістан­дағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жа­нындағы Әзірет Сұлтан зиратына жеткізіліп, үзеңгілес досы Жәнібектің қасынан мәңгілік орын тапты. Аманатты орындаған өзінің туған інісі Жабағы би еді.

Осы әңгімені жасөспірім шағымда біздің үйде қонақта болған нағашым Қосым Пай­золлаұлы мен Аралағаш орта мектебінде көп жыл оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры болған, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, белгілі өлкетанушы, шежі­реші Молдахмет Сұрағанұлы екеуінің ара­сында болған әңгіме кезінде естіген едім.

Андықожа батыр Әлмәмбетұлы сынды даңқты бабамыздың 350 жылдығы аудан, об­лыс көлемінде лайықты атап өтілсе, Петропавл қаласы мен Аққайың ауданының көшелеріне немесе жаңадан салынған ғимараттарға батыр есімін берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Қайрат БАБАҚОВ,

Аққайың аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp