Мамлют ауданында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған “Менің туым – менің елім” атты автошеру ұйымдастырылды. Көк туымызды желбіреткен қала тұрғындары Әнұранымызды да асқақтата шырқады. Аудандық Мәдениет үйінен басталған автошеру Ленин, Скачков, Абай Құнанбайұлы, Победа, Папанин, Энергетиктер көшелерінен жүріп өтті.
– Биыл ел егемендігіне – 30 жыл. Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын қасиетті белгілері бар. Ол – мемлекеттік рәміздер. Көк байрағымызды биіктен желбірету жастардың қолында. Осындай шаралар арқылы жастарымыз Тәуелсіздіктің қадірін біліп, ел қамын жейтін тұлға болып қалыптасады деген ойдамын. Рухымызды аспандатар көк байрағымызды жоғары көтерген шерушілердің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату, – дейді Мамлют ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Кәрімова.
Акция соңында “Достық” саябағына жиналған жастар “Көк тудың желбірегені” әнін шырқады.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”