Ұлттың ұлт болып қалуының, толыққанды өмір сүруінің бірінші әрі басты шарты – тілі. Мағжан ақынның “қазақтың сар даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды тіл жоқ” деуі сондықтан. Бодандықтың қыл бұрауы одан әрі жалғаса берсе, қазақ халқы түп тамырынан ажырап қалар ма еді? Тәуелсіздік таңы атуымен ғана босағадағы ана тіліміз төрге озып, егемендіктің арқасында өңірде ұлттық білім үйлері біртіндеп ашыла бастады.
Тәуелсіздікке дейін Қызылжар қаласында жалғыз қазақ мектебі жұмыс істеп тұрған. Ол – іргетасы 1935 жылы қаланған қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық қазақ мектеп-интернаты. Облыстық “Қазақ тілі” қоғамы төрағасының қоғамдық негіздегі бірінші орынбасары қызметін атқарып жүргенде пленумдарда жасаған бірді-екілі баяндамам сақталып қалыпты. Сондағы цифрларға көз жүгіртсем, төбе құйқаны шымырлатады. Сол кезеңде (өткен ғасырдың 90-шы жылдары) республикадағы 6 млн.-нан астам қазақтың 2 млн.-ы ана тіліне шорқақ келсе, өңірде 4 мың қаракөзіміз ана тілін орыс тілі деп көрсетіпті. Облыстағы 24961 ұлты қазақ оқушының 6162-і ғана ана тілінде білім алған. Балабақшалардың барлығы дерлік орысша.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайды Қазақ КСР басшылығына бағыштап, Рәзия Баязитова, Амандық Сейфуллин, Ғалым Нұржанов қол қойған хаттан аңғаруға болады. Онда былай делінген: “Бүгінгі таңда Петропавлда 10 қазақ сыныбы ашылып, 200-ге тарта бала оқиды. Оларға орыс мектептерінен уақытша орын берілген. 320 орындық қазақ мектебінің 1992 жылдың жоспарына енгізілмеуі көңіліміздегі күдікті қоюлата түседі. Арнайы жер бөлінгенімен, құрылысты қай ұйым жүргізеді, кім қаржыландырады әлі белгісіз. 5-сыныпқа көшкен балаларымыз қайда оқымақ? Қашанғы қағажу көре береміз?”. Сол күндерді оқу ісінің ардагері Жангелді Тәжин былай еске алады: “Қалада қазақша оқытатын мектеп ашу 1996 жылы ғана мүмкін болды. Осы жылы 30 тамызда қалалық классикалық гимназияға басшылық қызметке кіріскеніммен, құрылысы әлі толық аяқталмағантұғын. Соған қарамастан есігін 1 қыркүйекте айқара ашуы тиіс болатын. Бірақ елдегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты құрылыс жұмыстары бірнеше айға кешеуілдеді. Мұғалімдер мен оқушылар құрамын толықтыру да оңайға соққан жоқ. Тек 25 қазанда халық әртісі Роза Рымбаеваның қатысуымен лентасы қиылып, ерекше салтанатқа толы сәт облыс өміріндегі маңызды оқиға ретінде есте қалды”. Мектеп бүгінде белгілі жазушы С.Шаймерденовтің есімімен аталады.
Қожаберген жырау атындағы №6 мектепті ашу да нарықтық қиындықтармен тұспа-тұс келді. Былтырға дейін 200 балаға шақталған тар ғимаратта 600-ден астам оқушы үш ауысымда оқып келді. Шыны керек, 1996 жылдың 1 қыркүйегінде екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тұрғызылған нысанның ауласында күміс қоңырау сылдыры естілгенде жағдайы дабыл қағарлық еді. Қанша күрделі жөндеу жасалса да, қаражаттың жұғын болатын түрі байқалмады. Бұл мектеп былтыр “Жас өркен” ықшамауданындағы 900 орындық үш қабатты еңселі ғимаратқа көшірілді. Мұнда бір мыңға тарта шәкіртке 73 ұстаз сабақ береді, 23 мың кітап қоры бар. Кітапхана, шеберханалар, әмбебап акт залы, зертхана, пән кабинеттері, ойын бөлмелері, асхана жұмыс істейді.
Обалы не керек, облысқа Даниал Ахметов әкім болып келе тіл жанашырларының ұлттық мектеп ашу жөніндегі ұсыныстарына бірден құлақ асып, Я.Гашек пен Нұрсұлтан Назарбаев көшелері қиылысындағы екіқабатты ескі ғимаратты тез арада қалпына келтіріп берді. Ашылу салтанатына өзі қатысып, сый-сияпат жасады. Ғұлама ойшыл әл-Фарабидің атын иеленген мектеп-лицей білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті, ұлттық тәлім-тәрбие беретін, авторлық инновацияларды оқу үрдісіне табысты енгізіп келе жатқан білім мекемесі саналады. Қазір 1-11-сыныптарда 423, мектепалды даярлық тобында 47 бала бар.
2007 жылы ашылған Абай атындағы мектеп-гимназияның жөні бөлек. Олай дейтініміз, 1100 орынға арналған білім ордасы заман талаптарына сәйкестендіріліп, жаңадан тұрғызылды. Екі спорт залы, бассейні бар. Оқушылар саны – 1046. Оның ашылу салтанатында өңір басшысы Тайыр Мансұров 500 дана көркем әдебиет және “ГАЗель” көлігін тарту еткен болатын. Мұнда музей, Абай орталығы жұмыс істейді. QR-коды бар арнайы стенд арқылы еліміздегі Абай мұражайларымен танысуға болады. Гимназияға ұлы ақынның есімі берілгелі оқу бағдарламасына елеулі өзгерістер енгізілген. Бұл – республикадағы Абай мектептерінің желісіне қосылған 17-ші білім ошағы. Қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетіп оқытылады.
Қажымұрат Нағманов әкім болып қызмет еткен қысқа мерзім ішінде қазіргі Ж.Тәшенев атындағы №20 мектепті пайдалануға берді. Ерік Сұлтановтың тұсында химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі салынды. 720 орынға шақталған ғимарат – “Береке” шағынауданының көркі. Мұнда тәжірибелі ұстаздар сабақ береді. 500 оқушы – “Өркен” білім беру грантының иегері.
Қазіргі облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың кезінде Петропавл қаласында үш қазақ мектебі бой көтерді. Солардың бірі – жуырда Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі берілген №25 мектеп. 2019 жылы тұрғызылған сәулетті нысан “Береке” ықшамауданында орналасқан. Директоры Сәуле Тұрсынованың айтуынша, білім ошағы халықаралық стандарттарға сай. Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ-лицей де – өңірдегі таңдаулы оқу орындарының қатарына қосылды.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылында өңірде 13 мыңнан астам балаға сапалы білім алуға мүмкіндік беретін 45 мектеп бой көтерді. Осы уақыт аралығында пайдалануға берілген ұлттық мектептердің саны да, сапасы да көңіл толарлық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.