«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғалымның сара жолы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, ұлдың жақсы болмағы – нағашыдан” деген қазақтың нақыл сөзін естіп өскендіктен болар, нағашым, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген ғалым Амандық Қуатұлын ерекше мақтан тұтып өстім. Шал ақын ауданына қарасты Еңбек ауылы тумасының ғылымның сара жолына түсіп, ғалым ретінде ізденіс пен шығармашылықтың белестерін бағындырған сәті егеменді Қазақстанның еншісіне бұйырды. 1989 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған жас ғалым әрі қарай ғылыми ізденісін жалғастыра түсіп, 2000 жылы техника ғылымдарының докторы дәрежесін иеленді, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика кафедрасының жетекші инже­нері қызметінен еңбек жолын бастаған Амандық Төлешов Ғы­лым академиясы Төралқасының бас ғылыми хатшысы, вице-президенті қызметтеріне дейін абы­роймен көтерілді. Қазіргі уақытта “Академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және маши­натану институты” ШЖҚ РМК-ның бас директоры қызметінде елінің дамуына сүбелі үлесін қосуда.

Ғылыми зерттеулерлеріндегі не­гізгі бағыттар: рычаг меха­низм­дері мен машина-агрегаттардың кинематикасы мен дина­микасы; ағынды және айналма­лы машиналардың динамикасы мен басқарылуы; механикалық жүйелерді математикалық және компьютерлік модельдеу; робо­тотехника, интеллектуалды жә­не АЖЖ жүйелері. Ол – меха­низм­дер мен машиналар тео­риясының саласын кинемати­каны математикалық модельдеу әдістері мен жоғары класты бай­ланыс механизмдерінің динами­касы саласындағы зерттеулер­мен, көпмоторлы ағынды маши­налар-агрегаттарды басқару жү­йелерінің динамикасы мен тұ­рақтылығын зерттеудің жасалған іргелі әдістерімен ғылымды ба­йытқан белгілі механик-ғалым. Амандық Төлешовтің жетекшілі­гімен мемлекеттік және халық­аралық бағдарламалар аясында іргелі зерттеулер, ғылыми жо­балар мен бағдарламалар жү­зеге асырылуда.

Амандық Қуатұлының ғылыми зерттеулері өзекті практикалық мәселелерді шешуге арналған. Оның жұмыстарының қатарын­да автоматты басқару мен на­вигация жүйесі бар модифика­ция­ланған әмбебап Нюрнберг лифті бар мобильді робот, Сте­фенсон механизміне негізделген қосиінді баспақ, уран өндірісінің технологиялық процестерін орын­дауға арналған отандық ро­бот жүйелері, медициналық ро­бототехника саласындағы ин­фекциялық коронавирус панде­мия­сымен күресуге арналған диагностикалық және емдеу жү­йесі бар отандық роботтық ке­шені бар.

Амандық Қуатұлы талай рет Қазақстан ғылымының даму же­тістігін шетелдік әріптестеріне мойындатты. Ғылым мен білім са­ласындағы халықаралық ынты­мақтастықты дамытқаны үшін Ха­лықаралық инженерлік акаде­мияның алтын мерейтойлық ме­далімен, ұзақ жылдар бойы ме­ханика саласындағы жемісті ең­бегі үшін Ресей ғылым академия­сының А.А.Благонравов машина жасау институтының “Құрмет гра­мотасымен”, Халықаралық ин­женерлік академияның “Инже­нер­лік ерлігі” медалімен (Мәскеу қ.), А.М.Подгорный атындағы Ук­раина инженерлік академиясы­ның күміс медалімен, “Удмурт Рес­публикасы жылының үздік ин­женері” алтын медалімен мара­патталуы – ғалымның еңбегіне берілген үлкен баға.

Амандық Қуатұлы өзінің ғы­лым саласындағы саналы ғұмы­рын мемлекетіміздің дамуы мен ғылымының өркендеуіне арнап келеді. Механика және қолдан­балы математика саласында бір­неше ғылыми жаңалықтар ашып, талай жас ғалымдарды тәрбие­леді. Ол – 200-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Соның ішін­дегі бес оқулық пен сегіз моно­графияны ерекше атап өтуге бо­лады. 6 еңбегі патенттелген. Ғы­лым жолындағы шәкірттері – үш доктор мен он бес ғылым канди­даты атқарған еңбектің көр­сеткіші.

Амандық Төлешовтің “Қазақ­стан Республикасының ғылы­мын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен, Білім және ғылым министрлігінің “Еңбек ар­дагері” төсбелгісімен марапатта­луы – мемлекет тарапынан ең­бегіне көрсетілген құрмет деп бі­лемін. 2016 жылы жаратылыста­ну-техникалық ғылымдар сала­сындағы көрнекті ғылыми же­тістіктері үшін, ғылымды қажет ететін технологиялар мен техно­логияның жаңа түрлерінің үздік инновациялық әзірлемелері, ғы­лыми-техникалық және иннова­ция­лық қызметті ұйымдасты­рудағы ерекше жетістіктері үшін, экономиканың индустриялық-инновациялық дамуын белсенді түрде ілгерілету жұмыстары үшін академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы ғылыми сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ “Қа­зақстанның құрметті инженері”, “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қыз­меткері”, Қазақстан ЖОО қа­уымдастығының “Үздік авторы”, “ҚазҰАУ-дың құрметті профес­соры” сияқты құрметті атақтар ғалымның ерен еңбегіне бас игізеді.

Амандық Қуатұлының салмақ­ты да сабырлы мінезі оны орта­сында қашанда беделді етеді. Біреуге бостан-бос дауыс көтеру оның мінезіне жат. Ағамыздың төрт баласы да өмірден өз жол­дарын тапқан. Үлкен ұлы Ер­кебұлан техника ғылымдарының кандидаты атанса, қызы Ажар әке жолымен қолданбалы ме­ханика саласы бойынша доктор­лық диссертация қорғап, асыл­дың сынығы екендерін дәлел­деді. Қалған екі ұлы – өнер сала­сының мамандары, бірі – су­ретші, екіншісі – режиссер, олар да өз қызметтерін абыройлы ат­қарып жүр.

Карина САЯН,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің магистранты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp