“АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Ten Qogam” мобильді қосымшасын іске қосты. Бұған дейін елімізде мүгедек жандарға арналған дәл осындай көмекші құрылғы болмаған. Енді ол Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мүгедектігі бар адамдар үшін пайдалы болмақ. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі адамдар өз құқықтары жайында, жеңілдіктер, тегін курстар, жұмыспен қамту және басқа да көптеген мәселелер туралы ақпаратты ала алады. Жоба қазақ, орыс тілдерінде жұмыс істейді.
– Бұл қосымша мүмкіндігі шектеулі адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне заңдардағы соңғы өзгерістер туралы, тұрып жатқан өңірлеріндегі әлеуметтік нысандардың қолжетімділігінен хабардар етеді. Қосымша арқылы инватакси қызметтерін пайдалануға, азық-түлік, дәрі-дәрмекті жеткізуге тапсырыс беруге болады, – дейді “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім.
Мобильді қосымшаға кез келген мобильді құрылғыдан кіруге болады. Елімізде теңдесі жоқ жоба әзірге Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары үшін қолжетімді, жақында оны басқа өңірлер де қолданатын болады. “Мобильді қосымшаны әзірлеуге халықты жұмыспен қамту орталығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, “Nur Otan” партиясы және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен тұратын фокус-топтар қатысты. Бүгінгі таңда қосымшаны “Play Market”-тен жүктеп алуға болады”, – дейді Ақжан Кәрім.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.