“Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, ұлдың жақсы болмағы – нағашыдан” деген қазақтың нақыл сөзін естіп өскендіктен болар, нағашым, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген ғалым Амандық Қуатұлын ерекше мақтан тұтып өстім. Шал ақын ауданына қарасты Еңбек ауылы тумасының ғылымның сара жолына түсіп, ғалым ретінде ізденіс пен шығармашылықтың белестерін бағындырған сәті егеменді Қазақстанның еншісіне бұйырды. 1989 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған жас ғалым әрі қарай ғылыми ізденісін жалғастыра түсіп, 2000 жылы техника ғылымдарының докторы дәрежесін иеленді, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика кафедрасының жетекші инженері қызметінен еңбек жолын бастаған Амандық Төлешов Ғылым академиясы Төралқасының бас ғылыми хатшысы, вице-президенті қызметтеріне дейін абыроймен көтерілді. Қазіргі уақытта “Академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институты” ШЖҚ РМК-ның бас директоры қызметінде елінің дамуына сүбелі үлесін қосуда.
Ғылыми зерттеулерлеріндегі негізгі бағыттар: рычаг механизмдері мен машина-агрегаттардың кинематикасы мен динамикасы; ағынды және айналмалы машиналардың динамикасы мен басқарылуы; механикалық жүйелерді математикалық және компьютерлік модельдеу; робототехника, интеллектуалды және АЖЖ жүйелері. Ол – механизмдер мен машиналар теориясының саласын кинематиканы математикалық модельдеу әдістері мен жоғары класты байланыс механизмдерінің динамикасы саласындағы зерттеулермен, көпмоторлы ағынды машиналар-агрегаттарды басқару жүйелерінің динамикасы мен тұрақтылығын зерттеудің жасалған іргелі әдістерімен ғылымды байытқан белгілі механик-ғалым. Амандық Төлешовтің жетекшілігімен мемлекеттік және халықаралық бағдарламалар аясында іргелі зерттеулер, ғылыми жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Амандық Қуатұлының ғылыми зерттеулері өзекті практикалық мәселелерді шешуге арналған. Оның жұмыстарының қатарында автоматты басқару мен навигация жүйесі бар модификацияланған әмбебап Нюрнберг лифті бар мобильді робот, Стефенсон механизміне негізделген қосиінді баспақ, уран өндірісінің технологиялық процестерін орындауға арналған отандық робот жүйелері, медициналық робототехника саласындағы инфекциялық коронавирус пандемиясымен күресуге арналған диагностикалық және емдеу жүйесі бар отандық роботтық кешені бар.
Амандық Қуатұлы талай рет Қазақстан ғылымының даму жетістігін шетелдік әріптестеріне мойындатты. Ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытқаны үшін Халықаралық инженерлік академияның алтын мерейтойлық медалімен, ұзақ жылдар бойы механика саласындағы жемісті еңбегі үшін Ресей ғылым академиясының А.А.Благонравов машина жасау институтының “Құрмет грамотасымен”, Халықаралық инженерлік академияның “Инженерлік ерлігі” медалімен (Мәскеу қ.), А.М.Подгорный атындағы Украина инженерлік академиясының күміс медалімен, “Удмурт Республикасы жылының үздік инженері” алтын медалімен марапатталуы – ғалымның еңбегіне берілген үлкен баға.
Амандық Қуатұлы өзінің ғылым саласындағы саналы ғұмырын мемлекетіміздің дамуы мен ғылымының өркендеуіне арнап келеді. Механика және қолданбалы математика саласында бірнеше ғылыми жаңалықтар ашып, талай жас ғалымдарды тәрбиеледі. Ол – 200-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Соның ішіндегі бес оқулық пен сегіз монографияны ерекше атап өтуге болады. 6 еңбегі патенттелген. Ғылым жолындағы шәкірттері – үш доктор мен он бес ғылым кандидаты атқарған еңбектің көрсеткіші.
Амандық Төлешовтің “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен, Білім және ғылым министрлігінің “Еңбек ардагері” төсбелгісімен марапатталуы – мемлекет тарапынан еңбегіне көрсетілген құрмет деп білемін. 2016 жылы жаратылыстану-техникалық ғылымдар саласындағы көрнекті ғылыми жетістіктері үшін, ғылымды қажет ететін технологиялар мен технологияның жаңа түрлерінің үздік инновациялық әзірлемелері, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті ұйымдастырудағы ерекше жетістіктері үшін, экономиканың индустриялық-инновациялық дамуын белсенді түрде ілгерілету жұмыстары үшін академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы ғылыми сыйлықтың лауреаты атанды. Сондай-ақ “Қазақстанның құрметті инженері”, “Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері”, Қазақстан ЖОО қауымдастығының “Үздік авторы”, “ҚазҰАУ-дың құрметті профессоры” сияқты құрметті атақтар ғалымның ерен еңбегіне бас игізеді.
Амандық Қуатұлының салмақты да сабырлы мінезі оны ортасында қашанда беделді етеді. Біреуге бостан-бос дауыс көтеру оның мінезіне жат. Ағамыздың төрт баласы да өмірден өз жолдарын тапқан. Үлкен ұлы Еркебұлан техника ғылымдарының кандидаты атанса, қызы Ажар әке жолымен қолданбалы механика саласы бойынша докторлық диссертация қорғап, асылдың сынығы екендерін дәлелдеді. Қалған екі ұлы – өнер саласының мамандары, бірі – суретші, екіншісі – режиссер, олар да өз қызметтерін абыройлы атқарып жүр.
Карина САЯН,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің магистранты.