Тәуелсіздік күні өңірде дүниеге келген 26 сәбиге baby-бокстар сыйға берілді. “Сүйінші” деп аталатын сыйқораптарда жаңа туған сәбиге қажет керек-жарақтың бәрі бар.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, baby-бокстарға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, “Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл” мерейтойлық монетасы мен баланың алғашқы құжаты – тууы туралы куәлігі салынған.
“Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!”, – деп жазылған Президенттің құттықтауында.
16 және 17 желтоқсанда дүние есігін ашқан балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, әрі қарай құжатын ресімдеу үшін азаматтардың хал актілерін тіркеу органдарына жолданды.
Петропавлда “Сүйінші” сый-қорабын алғашқылардың бірі болып Әсемгүл Садулова алды. Ол 16 желтоқсанда ұлын дүниеге әкелді. Baby-боксты жас анаға “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының директоры Жәнібек Қамбаров және “Қазпошта” акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының орынбасары Ғани Жарасбай табыс етті.
Бұл күні baby-бокстар облыстық перинаталдық орталыққа да жеткізіліп, мереке күні өмірге сәби әкелген аналарға тарту етілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.