Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында: “Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет”, – деп атап өтті. Біздің ауданымыз да елмен бірге еңбек етіп, дамудың даңғыл жолын таба білді. Осы жылдарда көптеген ілкімді істер тындырылды. Пандемияға қарамастан, алға қойған мақсаттарға жетіп келеміз. Осындайда “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген халқымыздың жақсы мақалы ойға оралады.
Шағын және орта бизнес – экономиканың күретамыры. Еліміз егемендік алғаннан бері бұл сала ерекше қарқынмен дамыды. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соның бірі – “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына үлкен демеу. Биылдың өзінде гранттық қаржыландыру аясында үш жоба облыстық комиссияның қолдауына ие болды, Жұмсақ жиһаз жасау, ұлтық сусын – қымыз шығару, тамақ өнімдерін, соның ішінде кондитерлік өнімдер өндіру жобалары қаржыландырылды. Ал “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 258 млн. теңгенің 8 жобасы іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылды.
Экономика дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – тартылған инвестиция. Биыл негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 5287 млн. теңгені құрады. Соның ішінде жеке инвестициялар көлемі – 5211 млн. теңге. Нәтижесінде ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 1069 млн. теңгеге жетті.
Ата-бабамыздан аманатқа қалған жеріміз қаншалықты кең болғанымен, оны дұрыс пайдалану аса маңызды. Ауылды жерлерде жайылым жетіспеушілігі бар екенін естіп, тексере келе 86 мың гектар алқап пайдаланылмай жатқаны анықталды. Соның 51 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бүгінде жайылымдық жерлерді 8 мың гектарға ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ауданның агроөнеркәсіптік кешенінде қолданылатын техника шамамен 68 пайызға ескірген. Кейбірі кеңес заманынан бері пайдаланылып келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 2018 жылы 77 жаңа техника сатып алынса, жылдың басынан бері 148-і жеткізілді.
Ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы сомасы 5,4 млрд. теңгеге төрт инвестициялық жоба іске асырылуда. 5,6 мың бас асыл тұқымды мал сатып алу және 43 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтатын болсақ, Ақбұлақ ауылындағы “Орда Солтүстік KZ” ЖШС-і 5000 бас ірі қараны бордақылау алаңын монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Жоба қуаттылығы – жылына 15,0 мың тонна ет өндіру. “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы Кішкенекөл ауылында 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. 50 гектар жер телімі берілді, жоба құны 2 млрд. теңге. Симменталь тұқымды мал Еуропадан әкелінеді. “Шыңғыс хан” шаруашылығы 15 млн. теңгеге 240 бас қой сатып алды, оның 12 млн. теңгесі “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы қаржыландырылды. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы кооперативтері, фермерлік шаруашылықтар биыл 730 асыл тұқымды ірі қара сатып алды.
Пандемия кезінде адамдардың бетпе-бет кездесуін, бір жерде шоғырлануын шектеу мақсатымен көп шара онлайн өтті, цифрландыру саласы да жаңа деңгейге көтерілгені белгілі. Соңғы екі жылда 15 елді мекенде “Beeline” 3G ұялы байланысы орнатылды. Дегенмен әлі күнге дейін өркениеттің игіліктері жетпеген 4 ауыл бар. Тілеусай, Жасқайрат, Золотая Нива, Қарашілік елді мекендерінде алдағы жылдары бұл мәселе толығымен шешілетін болады.
Жол мақсаты – жету. Кішкенекөл ауылының кентішілік жолдарына 333 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығының 10 көшесіне асфальт төселді. Облыстық маңызы бар Кішкенекөл – Телжан – Мортық – Тлеусай – Қаратерек жолы орташа жөндеу көрді. Ендігі мақсат – Ақжар ауданының Дәуіт ауылынан Кішкенекөлге дейінгі учаскені күрделі жөндеу. Биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды.
Тоқырау жылдары жарық жаппай сөніп, электр желілеріне дейін қолды болған елді мекендердің көшелерін жарықтандыру бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Тек өткен жылы осы мақсатқа 59 млн. теңге бөлінді. Биыл тағы 60 млн. теңге қарастырылып, 513 шам орнатылды. Әсіресе шеткі көшелерді жарықтандыру жұмыстарына басымдық берілді.
Аудан тұрғындарының 95 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. 10 елді мекенде су тазарту жүйесі орнатылған, 15 ауылдың тұрғындары су тарату пункттерін пайдаланады. Биыл Қулыкөл, Қаратал ауылдарындағы су тарату желілерін жөндеу басталды. Бүгінгі таңда 60-тан астам үйге су жеткізілді. Сонымен қатар ауданның 6 елді мекенінде су тарату мұнарасын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударатын азаматтарға жәрдемақы бөлудің қазіргі тәсілдері қайта қаралатын болады. Мемлекет басшысы оларға үй салу үшін ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер учаскелерін беру мүмкіндігін қарастыру, сол арқылы мемлекеттік қолдау шараларына неғұрлым кең қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Биыл Уәлиханов ауданына 51 отбасы немесе 175 адам көшіп келді. Барлығына субсидиялар төленді және тұрғын үй жалдау бойынша шығындарын өтеуге 35 млн. теңге қаражат жұмсалды. Еңбекке жарамды 45 адам жұмысқа орналастырылды, бес адам грант, біреуі кредит алып, жеке бизнеспен айналысуда.
Соңғы жылдары медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықтарын жаңартуға ерекше назар аударылуда. Өткен екі жыл ішінде бұл мақсатқа 140 млн. теңге жұмсалды. Аудандық аурухана цифрлық маммографпен, жылжымалы медициналық кешенмен, биохимиялық анализатормен, тредмил орнатушымен және “Жедел жәрдем” машиналарымен толықты. Бүгінде аудандық емхана салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – аудан тұрғындары үшін аса маңызды әрі қажет жоба.
Саламатты өмір салты мен спорт – денсаулықтың кепілі. Ауданда 148 спорт ғимараты жұмыс істейді. 795 бала мен жасөспірім спортпен шұғылданады. Соңғы уақытта Жасқайрат ауылында 2 млн. теңгеге көше спорттық тренажері орнатылды. Аудандық стадионның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру үшін 191 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында аудан орталығында жабық мұз айдынының құрылысы басталды. Ол үшін облыстық бюджеттен 144 млн. теңге қарастырылған. Нысан 2022 жылы қолданысқа беріледі.
Жастарға сапалы білім беру – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Биылдан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа ел бойынша тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатыны белгілі. Соңғы екі жыл ішінде ауданның білім беру саласына 50-ге жуық жас маман келді. Кадр тапшылығы 10 пайызға төмендеді. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша түлектердің орташа ұпайы 78,9 пайызды құрады, бұл облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш. 106 оқушының 86-сы жоғары оқу орындарында грантқа түсті. Аудан оқушылары түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанын атап өткен жөн.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: “Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу”, – деді. Бұл әр азаматтың, әр тұрғынның міндеті, келер ұрпақ алдындағы борышы деп білемін.
Қайрат ПІШЕНБАЕВ,
Уәлиханов ауданының әкімі.