Бірлік ауылында тұратын досыма барайын деп жолаушылар тасымалы бекетіне шығып едім, сол бағытқа қатынайтын автобустың жүруіне сүт пісірім уақыт бар екен. Сапаржайдың іші ығы-жығы жүргіншіге толы. Біреулер келіп жатса, енді біреулер кетудің қамында.
Ию-қию тіршілікке көз қыдыртып тұрғанымда арт жағымнан “Балам” деген дауыс естілді. Жалт қарасам, ақ кимешек киген апа тұр.
– Мына қоржынды ана тұрған орындықтың үстіне қойып берші. Ішінде тамақ бар еді, аяқтың астында тұрғаны дұрыс емес қой, – деді күлімсіреп.
Өтінішін екі етпей орындадым.
– Балам, қайда бара жатырсың? – деді орындыққа отырып жатып апа. Баратын жерімді айтып едім: – Е, екеуміздің жолымыз бір екен, – деп қасындағы орынды нұсқады.
Апамен әңгімелесе отырып ол кісінің көзі ашық, көкірегі ояу жан екенін аңғардым. Өмірде көргені көп, салт-дәстүрді жақсы білетіндігі байқалып тұр. Мен ел мен жердің тарихын, осы өңірден шыққан ғұламаларды бір-бірлеп сұрап жатырмын. Әңгіменің үстінде қасында екі бойжеткен қызы бар әдемі келіншек бізге жақындап келіп жол сұрады. Жас-шамасы қырықтан асып кетсе керек. Алайда түрі мен дене бітімі көз тартарлықтай екен. Келіншектің сұрағына апамыз үн қатқан жоқ. Аңғармай қалған шығар деген оймен оның орнына мен жауап бердім. Келіншек кетісімен апамыз ашуға мінді. Не болғанын мен де біле алмай аңтарылдым.
– Тегін білмеген тексіз! Сұмдық қой, қырықтан асқан әйелдің санын жарқыратып жыртық шалбар киіп алғаны несі!? “Мода” деген пәлесі шығар. Жасамыс тартқандардың “мода” қай теңі екен? Бесіктен белі шықпаған екі қызына қандай тәрбие бермек. Алайда олардың да келешегіне көз жеткізу қиын. Мына талғамсыз шешенің тәлімін алған олар қандай адам болар екен? Мұның күйеуі қайда қарап жүр? Болмаса бауыр-туысы жағынан “қой” дейтіндер шықпаған ба сонда? – деді апа өзін ұстай алмай күйіп-пісіп.
Расында да әлгі әйел үшін қатты ұялдым. Апа шын айтады. Немере сүйер шағында жас қыздарға еліктеп жыртық шалбар кигеніне жол болсын!?
Межелі уақыт та келіп, автобус жүргізуші жолаушыларды отырғызып алды да жүріп кетті. Апа екеуміз қатар отырдық. Ол кісінің әңгімесін тыңдаудан жалығар емеспін. Жас кезінде көрген қиындықтарын, ел басына төнген қара бұлттың салдарынан жақындарынан ерте айырылғанын айтып көзіне жас алды.
– Біз не көрмедік. Бәрін бастан кешірдік. Ауыр еңбекті де істедік. Аш та қалдық. Киімді жыртып кию тұрмақ, жыртылған жерімізге жапсырар жамау таба алмай қиналдық. Құдайға шүкір, кейін заман жақсарды. Балалардың тамағы тоқ, көйлегі көк. Бірақ сол тоқшылықты көтере алмай бара жатқандаймыз. Оған бағанағы әйелдің жыртық шалбары дәлел болады. Сап-сау киімді жыртып киетін дәрежеге де жеттік. Заман кінәлі ме, әлде адам ба? Бұлай бола берсе, бір күні тыржалаңаш көшеге шығармыз. Адамның көзі оған да үйренеді, – деп апа бір күрсініп алды.
Әңгіме жол қысқартады. Үлкен кісінің ғибратты сөздерін тыңдай отырып, досымның үйіне де жеттім. Теледидарда жаңалық көрсетіліп жатыр екен. Қазақтың тойында бір жеңілтек қыз тыр жалаңаш билеп жүр. Тойда біреу телефонына түсіріп алған сияқты. Үлкендер жағынан “Мынау не сорақылық!” деген ешкім жоқ. Бәрі іштен тынып тамашалап отыр. Мынаны көргенде автобустағы апа айтқан “жыртық шалбар” ештеңе болмай қалды.
Қазір барлығын “мода” деген атқа байлаймыз да, ойымызға не келсе, соны істейтін болып бара жатқан сияқтымыз. Ұрпаққа кері тәрбие беретін мұндай “мода” неге керек? Әсіресе жасы жер ортасына келсе де сән қуып жүрген адамдар бір сәт ойланса, артынан ерген жеткіншектер қисық жолға бұрылмайтын шығар мүмкін…
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.