«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ізгілік жолы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам өмірінің мәні де, сәні де – ізгілік. Яғни қолыңнан кел­генше жақсылық жасау. Түптеп келгенде әр адам саналы түр­де жамандық атаулыдан арылып, игі іске ұмтылса, өмірі де қуанышқа толады. Жуырда Уәли­ханов ауданына жолым түсіп, сондай бір ізгі жанмен таныстым. Есімі – Армия Үсенов. 1944 жылы аталмыш ауданда туып, саналы ғұмырын туған жерінде өткізіп жатыр. Жоғары санатты дәрігер. Ауылындағы мектепті тамамдағасын, ірге­дегі Омбы қаласының медицина институтына түскен. Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде-ақ еңбекке араласқан. Кейін Алматыдағы мемлекеттік медицина институтына ауысып, дипломды сол жақта алған екен.

Оқу бітіргесін бірден туған жеріне оралып, еңбекке араласқан. Бір сөзбен айтқанда, сонау 1966 жылдан бері медицина саласында қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жасы ұлғайса да қатарда. 2004 жылы зейнетке шыққанымен емдеуден қол үзген жоқ. Бұрынғыдай ауруханада ем-дом жасамағанмен, жерлестері Армия Нұрмағамбетұлын іздеп келіп жатады. Кейде үйлеріне барып, ем-дом жасайды. Біз барғанда да шақыртуға шығып барады екен. Баласына суық тиіп, жөтелі үдегесін ата-анасы ескі таныс “Армия доктордың” көмегіне жүгі­нуді жөн санапты. Айтуларынша, бала кездерінде өздерін де осы дәрігер емдеген, енді кішкентайларын да қаратып алмақ.

– Дәрігер атанғаныма 55 жыл болды. Бір кезде өзім емдеген балалар қазір немерелерін алдыма әкеледі. Өмір өтіп жатыр. Сүйікті ісіммен айналысып, қолымнан келген көмегімді көрсете алғаныма қуанамын. Зейнетке шықтым деп қарап отырмай, қолымнан келген істі істеудемін. Өзіңнің қажет екеніңді, мұқтаж жандарға жақсылық жасай алатыныңды сезінудің өзі бақыт емес пе? – деді Армия Нұрмағамбетұлы.

Армия ақсақал “мен құдайға сенетін дәрігермін” деп қалжыңдайды. Онысы тек дәстүрлі медицинаға тән ем-дом жасап қана қоймай, құдайдан медет тілеп, халық емінен де бас тартпайтынын аңғартса керек. Оның шипагерлігіне сенген жерлестері балалары түшкіре қалса болды бірден жетеді. Емі де қарапайым. Дәрі-дәрмектен бөлек, ағзаға жетіспейтін дәрумендер беру арқылы, аурудың алдын алады.

– Соңғы уақытта батыс медицинасының тұйыққа тірелгеніне куә болып жүрміз. Олар аурудың салдарын жою үшін ғана жұмыс істейді. Ал шығыс медицинасы ауырмаудың жолын іздейді. Адам ағзасы мак­ро және микро элементтерден тұрады. Ауырса бір элемент жетпейді деген сөз. Сондықтан биологиялық белсенді қоспа­ларды тұтынған жөн деп есептеймін. Жуырда бір бала ауырып, дәрігерлер диагнозын қойып берді. Сіңірі тартып қала береді екен. Эпилептолог дәрігер жазып берген дәріні ішетін болса, салдары бұдан да жаман болып, миы жетілмей қалатын еді. Мен басқа диагноз қойып, өз тәсіліммен емдедім. Балаға кальций жетіспейді екен, соны ішіп еді, құлан-таза айықты, қазір шауып жүр. Бала денсаулығымен ойнауға болмайды, – дейді қарт дәрігер.

Армия Нұрмағамбетұлы – сексеннің сеңгірінде. Өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған жан өз тәнінің саулығына да ерекше назар аударады. Күн сайын жүгіріп, жаттығу жасайды.

Қасым РАҚЫМЖАН.

СУРЕТТЕ: А.Үсенов ем-дом жасауда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp