«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДАЛА МҰРАГЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отансүйгіштік – туған жеріңнің тарихын білуден басталады. Осы бір сөздің астарына үңіл­сеңіз көп нәрсенің мәніне жеткендей боласыз. Талай жылдар, тіпті ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ме­кендеген, бүгінде біз өмір сүріп жатқан кең жайлау, құтты қоныстардың қойнауы тарих пен ашылмаған сырға, тылсым құпияға бөгіп жатыр емес пе? Оған соңғы кездері табылған жәдігерлер мен қорымдар куә. Жан алысып, жан беріскен шайқастар өткен сайын даланың бүгінгі мұрагерлеріне сырын бермей отырған жасырын жұмбақтары қаншама? Қалай болған күнде де оны ашу, келешек ұр­паққа жеткізу – тарих деген құнды да қастерлі ғылымды, білімді серік еткен жандардың еншісінде.

Кішкенекөлдік Руслан Қайыргелдинов – желмен жарысқан желмаядай жүйткіп өткен уақыттың табын іздеп, бар білгенін шәкірт­теріне үйретіп жүрген ұстаз. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін араға жыл салып туған, азат елдің бостан ұлы. Егемен елдің еңсесін тік ұстаған ұланына тән әдетпен ойындағын бүкпесіз айтатын қасиеті де бар. 2010 жылы мектеп тамамадағасын арман қуып, Көк­шетау қаласына аттанған. Өзі қалаған тарих пәнінің мұғалімі мамандығын игергесін туған жеріне қайтып оралған. Қазіргі күні Кішкенекөлдегі №2 орта мектепте тарихтан сабақ береді. Азғантай ғана уақытта аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жүлдегер атанып, педагог мамандығын бекер таңдамағанын дәлелдеп үлгерді. Облыстық “Педагогтар дуэті” педагогикалық шеберлік пен тиімді тәлімгерлік конкурсының жеңімпазы, республикалық “Талантты мұғалім – дарынды балаларға” байқауының 2-орын иегері, облыстық “Тарих пәнінің үздік мұғалімі” сертификатын жеңіп алған білікті ұстаз. Бұдан басқа да көптеген марапаттарға ие. Ең бас­тысы, ұстаздық жолдағы жеті жылда Руслан Ерланұлы өз ісінің шын шебері, талантты ұйымдастырушы екенін таныта білді.

Студент кезінде-ақ археологиямен айналысып, түрлі қазба жұмыстарына қатысқан. Жуырда ауданымыздың аумағында табылған “Қызыл оба” қорымында ғалымдармен бірге жұмыс істеді. Өзі ғана емес, мектеп оқушыларын да жұмылдырып, тарихи мұраны қалпына келтіруге көп күш жұмсады. Әрі оқушыларды тарту арқылы, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді оятып, тарихқа қызығушылығын арттырды. Бұдан басқа, Ботай мен Кеңөт­келдегі қазбаларға да қатысқан.

Руслан Ерланұлы қай іске кіріссе де жан-тәнімен беріліп жұмыс істейді. 2018 жылдан бері аудандық “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің меңгерушісі. Ізденімпаз жастың еңбегінің арқасында ауданда тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу, жастарды жұмылдыру секілді маңызды іс-шаралар ұдайы жүргізіледі.

Өзгеге үлгі бола білген Руслан биыл аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Жас келсе іске демекші, жерлестерінің мұң-мұқтажын айтып, алғысына бөленіп жүр. Талабы таудай, азаматтық ұстанымы нық, қолынан іс келетін жігітті жерлестері де қол­дайды.

Айжан ТӨЛЕУБАЕВА,

аудандық мәслихат аппаратының басшысы.

СУРЕТТЕ: Е.Қайыргелдинов №2 Кішкенекөл орта мектебі мұ­ражайында шәкірттерімен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp