“Үйлену оңай, үй болу қиын” демекші, отбасын құру – әр адамға жауапкершілік жүктейтін іс. Демографиялық ахуал онсыз да нашар біздің өңірде кейбір жастар жауапкершіліктен қашатындай әйтеуір отбасын құруға асығар емес. Әлде жастардың жаңа өмірге қадам басуына ерлі-зайыптылардың көптеп ажырасуы себеп болып отыр ма?
Біздің өңірде 2020 жылы 2931 неке тіркелсе, 860 жұп ажырасып кеткен. Үстіміздегі жылдың 11 айында 3231 неке қиылса, 681 отбасының шаңырағы шайқалған.
– Ерлі-зайыптылардың дені ажырасуларына тіл табыса алмау себеп екенін айтады. Жұбайлардың бір-біріне мүліктік және басқа да талаптардың болуы отбасының шайқалуына әсер етуі мүмкін. Жүріс жасау, алкогольді ішімдік пайдалану ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуінің бір дәлелі екенін жоққа шығара алмаймыз. Негізінен тұрақты табыстың болмауы, отбасындағы психо-эмоционалды ахуал отбасы түтінінің түзу шығуына кері әсерін тигізеді. Әсіресе ажырасып кеткен жас отбасылар тұрмыстық қиындықтарға шыдамайды, – дейді облыстық әділет департаментінің бас маманы Эмилия Зуевич.
Ілкі заманда халқымызда ажырасу бірен-саран болған. Қыздың қайтып келуі сүйекке таңба болып саналды. Ал қазіргі қоғамда белең алып отырған өзекті мәселені шешудің жолы қандай? Мамандардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының АХАТ органдары отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға, нығайтуға, демографиялық және отбасылық саясатты жүзеге асыруға басымдық беруде. Облыстық АХАТ органдары тарапынан некенің оң имиджін қалыптастыруға, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға, отбасының беделін арттыруға ықпал ететін іс-шаралар жүзеге асырылғанымен, жағдай жақсарса, қане? Бұдан отбасының шайқалмауына, ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасуды тоқтатуға мемлекеттік органдар ғана емес, қоғам да жауапты екенін аңғаруға болады. Бәлкім, кейбір жастардың өз бетінше өмір сүруге дайын болмауына сол қоғамның өзі кінәлі шығар. Тұрақты табысы жоқ, белгілі бір мамандықты игермеген, отбасы түгілі, өз басын асырай алмай жүрген жастар некенің жауапкершілікті талап ететінін ұғынбауы да мүмкін. Ал ұл-қызының үстінен құс ұшырмай, әлпештеп баққан әке-шеше жеке отаудың жайын қашанғы ойлай береді? Мамандардың айтуына қарағанда, жас отбасылардың тез ажырасып кетуілеріне әлеуметтік-тұрмыстық себептер ықпал етеді. Мәселен, қысқа жіптің күрмеуге келмеуі, баспана мен тұрақты табыстың болмауы.
– Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ қазір кейбір жастар отбасылық жауапкершілікті білмейді. Бала – бауыр еті болған соң, ата-ана барлық жағдайды жасауға тырысуда. Бетін қақпай, ештеңеге мұқтаж қылмай еркелетіп өсіреміз деп, ынжық, жасық қылып алдық. Кейбірі тіпті адал еңбекпен нан табуды білмейді. Қазір жастардың санасын материалдық игілік жаулап алды. Олар бірден бай болуды армандайды. Бірақ дайын асқа – тік қасық болмай, табыс тауып, адал еңбек еткенге не жетсін. Сондықтан балаларымызды боркемік қылмай, дүниенің қадірін білуге тәрбиелеуіміз керек, – деді еңбек ардагері Жамбыл Құсайынов.
Рухани және адами құндылықтан, материалдық игілік басты орында тұрған бүгінгі қоғамда кейбір жастар шаңырақ көтеруге де асықпайды. Мәселен, Айнұр (аты-жөнін толық атамауды жөн көрді) жасы отыздан асса да тұрмысқа шығуға асығар емес. Отырған қыз орнын табатынына сенімді. Қаланың орталығында бір емес, екі пәтері, қымбат көлігі бар, үлде мен бүлдеге оранған арудың болашақ жарына қоятын талабы зор. Жайлы тұрмысы болғанын, жақсы жерде қызмет істегенін қалайды. Қыздардың осындай талабына сай келу үшін кейбір жігіттер жағдайын жасап алғанша отбасын құруды құп көрмейді. Соның бірі – Азамат.
– Қазір жасым 24-те. Жоғары білімді маманмын. Жалақым жаман емес. Пәтерден-пәтерге көшіп-қонып, отбасылық өмірімді қиындықтармен бастағым келмейді. Сондықтан өзімнің баспанам, көлігім болғанша, үйленбеймін. Оның үстіне әлі жаспын. Қайда асығамын? Бойдақ өмірдің қызығын көргім келеді. Достармен ойнап-күліп, емін-еркін жүргенге не жетсін, – деді ол.
Алайда “бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын” да ұмытпаған абзал. Ерлі-зайыптылар бір мақсатқа ұмтылып, адал еңбекпен ортақ дүние тапса, бар мен жоқтың парқын білетін болады. Асыл дінімізде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі ораза ол үшін қорған”, – деп кеңес берген. Сондықтан асылы дүние-мүліктің соңынан қумай, уақытында отбасын құрған дұрыс шығар. Бірақ әркімнің өз пайымы бар.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.