«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шағын отанның шаңырағы шайқалмасын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Үйлену оңай, үй болу қиын” демекші, от­басын құру – әр адамға жауапкершілік жүктейтін іс. Демографиялық ахуал он­сыз да нашар біздің өңірде кейбір жас­тар жауапкершіліктен қашатындай әйтеуір отбасын құруға асығар емес. Әлде жас­тардың жаңа өмірге қадам басуына ерлі-зайыптылардың көптеп ажырасуы се­беп болып отыр ма?

Біздің өңірде 2020 жылы 2931 неке тір­келсе, 860 жұп ажырасып кеткен. Үстіміздегі жылдың 11 айында 3231 неке қиылса, 681 отбасының шаңырағы шайқалған.

– Ерлі-зайыптылардың дені ажырасула­ры­на тіл табыса алмау себеп екенін айтады. Жұбайлардың бір-біріне мүліктік және басқа да талаптардың болуы отбасының шайқа­луы­на әсер етуі мүмкін. Жүріс жасау, алко­гольді ішімдік пайдалану ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуінің бір дәлелі екенін жоққа шығара алмаймыз. Негізінен тұрақты табыс­тың болмауы, отбасындағы психо-эмоционалды ахуал отбасы түтінінің түзу шығуына кері әсерін тигізеді. Әсіресе ажырасып кеткен жас отбасылар тұрмыстық қиындықтарға шы­дамайды, – дейді облыстық әділет депар­таментінің бас маманы Эмилия Зуевич.

Ілкі заманда халқымызда ажырасу бірен-саран болған. Қыздың қайтып келуі сүйекке таңба болып саналды. Ал қазіргі қоғамда бе­лең алып отырған өзекті мәселені шешудің жо­лы қандай? Мамандардың айтуынша, Сол­түстік Қазақстан облысының АХАТ органдары отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді на­сихаттауға, нығайтуға, демографиялық және отбасылық саясатты жүзеге асыруға басым­дық беруде. Облыстық АХАТ органдары тара­пы­нан некенің оң имиджін қалыптастыруға, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді на­сихаттауға, отбасының беделін арттыруға ық­пал ететін іс-шаралар жүзеге асырылғаны­мен, жағдай жақсарса, қане? Бұдан отбасы­ның шайқалмауына, ерлі-зайыптылар ара­сын­дағы ажырасуды тоқтатуға мемлекеттік органдар ғана емес, қоғам да жауапты екенін аңғаруға болады. Бәлкім, кейбір жастардың өз бетінше өмір сүруге дайын болмауына сол қоғамның өзі кінәлі шығар. Тұрақты табысы жоқ, белгілі бір мамандықты игермеген, от­басы түгілі, өз басын асырай алмай жүрген жас­тар некенің жауапкершілікті талап ететі­нін ұғынбауы да мүмкін. Ал ұл-қызының үсті­нен құс ұшырмай, әлпештеп баққан әке-ше­ше жеке отаудың жа­йын қашанғы ойлай бе­реді? Мамандардың айтуына қара­ғанда, жас отбасылардың тез ажы­расып кетуілеріне әлеуметтік-тұр­мыстық себептер ықпал етеді. Мәсе­лен, қысқа жіптің күрмеуге келмеуі, баспана мен тұрақты табыстың болмауы.

– Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ қазір кейбір жастар отбасылық жауапкершілікті біл­мейді. Бала – бауыр еті болған соң, ата-ана барлық жағдайды жасауға тырысуда. Бетін қақ­пай, ештеңеге мұқтаж қылмай еркелетіп өсіреміз деп, ынжық, жасық қылып алдық. Кей­бірі тіпті адал еңбекпен нан табуды біл­мейді. Қазір жастардың санасын материал­дық игілік жаулап алды. Олар бірден бай бо­луды армандайды. Бірақ дайын асқа – тік қа­сық болмай, табыс тауып, адал еңбек ет­кен­ге не жетсін. Сондықтан балаларымызды бор­кемік қылмай, дүниенің қадірін білуге тәр­биелеуіміз керек, – деді еңбек ардагері Жамбыл Құсайынов.

Рухани және адами құндылықтан, мате­риал­дық игілік басты орында тұрған бүгінгі қоғамда кейбір жастар шаңырақ көтеруге де асықпайды. Мәселен, Айнұр (аты-жөнін то­лық атамауды жөн көрді) жасы отыздан асса да тұрмысқа шығуға асығар емес. Отырған қыз орнын табатынына сенімді. Қаланың ор­та­лығында бір емес, екі пәтері, қымбат көлігі бар, үлде мен бүлдеге оранған арудың бо­ла­шақ жарына қоятын талабы зор. Жайлы тұр­мысы болғанын, жақсы жерде қызмет істеге­нін қалайды. Қыздардың осындай талабына сай келу үшін кейбір жігіттер жағдайын жасап алғанша отбасын құруды құп көрмейді. Соның бірі – Азамат.

– Қазір жасым 24-те. Жоғары білімді ма­манмын. Жалақым жаман емес. Пәтерден-пәтерге көшіп-қонып, отбасылық өмірімді қиын­дықтармен бастағым келмейді. Сондық­тан өзімнің баспанам, көлігім болғанша, үйленбеймін. Оның үстіне әлі жаспын. Қайда асығамын? Бойдақ өмірдің қызығын көргім келеді. Достармен ойнап-күліп, емін-еркін жүргенге не жетсін, – деді ол.

Алайда “бас екеу болмай, мал екеу бол­май­тынын” да ұмытпаған абзал. Ерлі-зайыптылар бір мақсатқа ұмтылып, адал еңбекпен ортақ дүние тапса, бар мен жоқтың парқын білетін болады. Асыл дінімізде Пайғамбары­мыз (с.ғ.с.): “Уа, жастар, араларыңдағы үйле­нуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зина­дан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі ораза ол үшін қорған”, – деп кеңес берген. Сондықтан асылы дүние-мүліктің соңынан қумай, уақытында отбасын құрған дұрыс шығар. Бірақ әркімнің өз пайымы бар.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp