«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қауіп сейілген жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтіп, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал және вакцинация барысы талқыланды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін айтып, аурудың алдын алудың жалғыз жолы – екпе салдыруды жеделдетуді тапсырды. Солтүстік Қазақстан облысы желтоқсанның 6-нан бері “сары” аймақта.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандар саны 1294-тен 975-ке дейін, яғни 25 пайызға кеміген. Өңірде ауырғандар саны азайған, тек Аққайың ауданында ғана 1,3 есе өскен.

– 30 қараша мен 21 желтоқсан аралығында шекаралық бақылау пункттері арқылы Ресейден 17163 адам келді, оның 8225-і жүк тасымалдаушы және 8876 жолаушы бар. 60 адам ПТР анықтамасынсыз келген, олар “COVID-19”-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарларға орналастырылды. 62 шетел азаматы шекарадан қайтты, өйткені оларда да тест нәтижесі болмаған. Коронавирустың “омикрон” штамы тіркелген елдерден автокөлік арқылы келгендер болған жоқ, – деді Әсет Жұматаев. Алайда халықаралық әуе рейстерімен Германиядан – 14, АҚШ пен Италиядан екі және Мысырдан 21 адам келген. “Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №51 қаулысының талаптарына сәйкес қажетті шаралар қабылдау үшін жолаушылардың тұрғылықты жері бойынша аумақтық басқармаларға хаттар жіберілді. Бұл адамдар медициналық бақылауға алынып, келген сәттен бастап 7 күн үй карантинінде болады”, – дейді өңірдің бас санитар дәрігері.

Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, қазір коронавируспен қатар тұмауға қарсы екпе салдыру жұмыстары жүріп жатыр.

 

Бүгінге дейін 90558 адам, яғни барлық тұрғындардың 16,5 пайызы екпе салдырған. 90488 адам жергілікті бюджет есебінен тегін вакциналанды. Ал 70 тұрғын ақылы түрде екпе қойдырды.

– Созылмалы аурулары барлар вакциналаудан өтуге асығар емес. Жоспар бойынша 75,6 мың адам екпе салдыруы тиіс. Оның тек 53,3 мыңы ғана вакцина қойдырған. Бұл адамдар қатер тобына жатады. Вирустан қайтыс болатындардың да басым бөлігі – осы санаттағы адамдар, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Қазір өңір стационарларында 300-ге жуық адам ем қабылдап жатыр. Реанимацияда жатқандардың саны да азайған. Жансақтау бөлімшелерінде 32 сырқат бар. 3468 адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Соның ішінде 3170 адам үй карантинінде. Олардың жартысында ауру белгілері жоқ, қалғанында сырқат жеңіл жағдайда өтуде.

“COVID-19” жұқтырған науқастарды анықтау, тексеру және емдеу бойынша 68 мобильді бригада жұмыс істейді. Оның 16-сы облыс орталығында, қалғандары ауылдық жерлерде. Пандемия басталғалы бригадалар 75948 шақыртуға шыққан. Қазір “Жедел жәрдем” қызметін шақырулар саны 12 пайызға төмендеген. Нұрлан Аймановтың айтуынша, 60 жастан асқандарға аурудың алдын алып, асқынуға жол бермеу үшін “COVID-19”-ға қарсы вакцина алу қажет. Облыста осындай 116181 адам бар. Олардың 54 мыңға жуығы вакцинаның бірінші компонентін алды. Мүлде екпе алмағадар саны 62 мыңнан асады.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде әлі 103 мың адам вакциналаудан өтуі тиіс екенін айтты. Осы күнге дейін 251388 адам екпе салдырған.

– Тұрғындар “COVID-19”-дан қайтыс болып жатыр. Адам өз отбасында коронавируспен бетпе-бет келіп, жақынынан айырылғанда ғана тиісті шараларды қолға алатыны өкінішті. Қызмет бабына байланысты отбасында қауіпті инфекциядан туыстары қаза тапқандармен жиі кездесемін. Олар уақытты өткізіп алғандарына, дер кезінде вакцина салдырмағандарына өкінеді. Бүгін барлық емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері келіп отыр, сіздерден екпе егу науқанын үлкен жауапкершілікпен өткізуді сұраймын. Жергілікті атқарушы билік те барынша көмектеседі. Өкінішке қарай, вакциналау барысы бізде созылып кетті. Облыс “сары” аймаққа өткенін және ауырғандар санының азайғанын көрген тұрғындар арқаны кеңге салып, қауіп-қатерді ұмыта бастады. Дегенмен вирус жұқтырғандар әлі көп, өмірден өтіп жатқандар да бар. Сондықтан жұмысты жандандыру керек, әрі алда мереке келе жатқанын ұмытпаған жөн, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов әкімдік отырысының соңында.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp