Жуырда Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне бомба қойылғаны жайлы жалған хабарлама түскен. Телефон соққан белгісіз ер адам Петропавл қаласындағы үйлердің біріне жарылғыш зат қойылғанын хабарлап, қай үйде екендігін өздерің іздеңдер деп телефонды өшіре салған. Облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бір сағаттың ішінде қоңырау шалған адамды ұстады. Ол облыс аудандарының бірінің тұрғыны болып шықты. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті 2018 жылы дәл осындай қылмыс жасағаны үшін сотталған екен, бостандыққа 2019 жылы шыққан. Алайда бұрынғы “әніне” қайта басқанына қарағанда алдыңғы жазасы оған сабақ болмаған секілді.
Облыста соңғы бес жылдың ішінде 15 “телефон террорисі” ұсталды. Оның сегізінің психикалық ауытқулары болған. Ал қылмыстың жетеуін мас адамдар жасаған.
Руслан ЖАРАСБАЕВ,
облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі.