«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қаламызда кәсіпкерлік қарыштап дамуда. Әсіресе соңғы жылдары Петропавлда инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – “SMB GROUP Family” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қызылжарда осыдан 16 жыл бұрын құрылған компания бүгінге дейін жылжымайтын мүлікті жалға беру және жалға алу, әртүрлі тауар­ларды көтерме-бөлшек саудаға шығару, мамандандырылған техникалық қызметтер ұсыну сияқты жұмыспен айналысып келген. Өткен жылдың сәуірінен бастап, кәсіпорын биг-бэгтер, жұмсақ кон­тейнерлер мен крафт-қаптар шығару ісін қолға алды.

– Алдымен біз тоқыма цехын салып, полипропилен жіптерін өндіретін станоктарды орнаттық, әкімшілік ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Мақсатымыз – жылына 1,2 млн. биг-бэг, 12 млн. полипропилен қап және 78 млн. қағаздан жасалған крафт-қап әзірлеу, – дейді “SMB GROUP Family” жауапкершілігі шектеулі серіктес­ті­гі­нің бас директоры Димаш Коржов.

Зауыт айына 100 мың биг-бэг, 40 мың слинг-бэг, 1 млн.-ға жуық 25 және 50 килограмдық қаптар шығара алады. Мәселен, бір жылдың ішінде кәсіпорын 1,3 млрд. теңгенің өнімін саудалап үлгерді. Заманауи қаптар Қазақстанның барлық аймақтары мен Ресейдің Омбы және Челябі облыстарына жөнелтіледі. Серіктестіктің бас директорының айтуынша, панде­мияға қармастан өндіріс бір мезетке де тоқтаған емес.

– Барша әлемді дүрліктірген пандемия бізге кері әсерін тигізген жоқ. Коронавирусқа дейін компа­ниямыз бірнеше өңірдің кә­сіпкерлерімен келісімшартқа отырды. Тап­сы­рыс берушілердің басым бөлігі – құрылыс компаниялары мен агроқұрылымдар. Бүгінде жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасалды, – дейді Димаш Владимирович.

Серіктестік жаңа өнім шығару үшін 1,5 млрд. теңге инвестиция тартты. Қомақты қа­ражатқа зама­науи құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазіргі уақытта цехтарда­ғы жұмыс барысы толығымен автоматтандырылған. Арнайы құрылғылардың көмегімен әзірленетін әр биг-бэгтің сыйымдылығы бір тоннаға дейін барады. Зауытта 240 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Еңбеккерлердің орташа жалақысы 100 мың теңгенің шамасында. Өнімі ауыл шаруа­шылығы дақылдарын және цемент, құм, пластик гранулалары сияқты құрылыс материалдарын тасымалдау және сақтауда қолда­нылады. “Ке­лер жылдан бастап сұйық битумға арналған биг-бэгтерді шығаруды көздеп отырмыз. Мұндай қапшықтар Еуропаның дамыған елдерінде сұранысқа ие. Жоспарымыз жүзеге асса, тауарымызды республикамыздың барлық өңірлері мен Ресейдің облыстарына саудалайтын боламыз”, – деген компанияның бас директоры Димаш Коржов қызметкерлердің саны да өсетінін айтты.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp