«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Аграрлық саладағы асулар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысы ау­мағы жағынан еліміздегі ең шағын өңір болса да, қамбаға астық құю жағынан көш басында. Өйткені өңір диқандары республика бо­йын­ша орылатын дақылдың 30 па­йызын өсіреді. Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2021 жылды те­ріскейлік диқандар табысты аяқ­тап отыр, басты көрсеткіш – қамба толы астық. Биыл өңір бойынша 4 млн. 300 мың гектар алқапқа егін егілді. Шығымы да жаман емес, ауа райының қолайсыздығына қарамастан 3,5 млн. тонна ырыс дәні жиналды. Гектар берекелігі орта есеппен 11,9 центнерден ай­налса, жекелеген шаруашы­лық­тарда 40-тан асқандары да бар. Бұның барлығы тың техно­ло­гияны тиімді қолданудың арқасы.

Бұрынғыдай арпа-бидай мен бұршақ қана емес, өңірде соңғы жылдары майлы дақылдарды өсіруге де ерекше көңіл бөлінуде. Нарықта сұранысқа ие, бағасы да қымбат өнімнің пайдасын диқан­дар жақсы түсінген. Бүгінде об­лыс­та майлы дақылдардың егіс алқабы 1 млн. гектарға жетті. Об­лыс әкімі Құмар Ақсақалов жур­налистермен болған кездесуде өңірде ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту мықтап қолға алын­ғанын атап өткен болатын. Биыл облыс бойынша 48 млрд. теңгенің 34 жобасы қолға алынып, бірша­масы пайдалануға берілді. Со­лардың бірі – Есіл ауданындағы тұқым зауыты. Совет ауылындағы бұл кәсіпорынды “Атамекен-Агро-Корнеевка” серіктестігі небәрі 8 айда тұрғызды. Қажетті құрылғы­лар Украинадан жеткізілді. Толы­ғымен автоматтандырылған желі­де дән 6 сатылы өңдеуден өтеді. Яғни, дәнді, майлы және бұршақ дақылдары тазартылып, егіс ал­қа­бына жеткізіледі. Мұндай тұ­қымнан астық өнімділігі де ай­тарлықтай артады. Кәсіпорынға жергілікті 20 адам жұмысқа тұрып, орташа жалақысы 190 мың тең­геге жетті.

Ауыл тірлігінің өзегі – үздіксіз жұмыс істейтін кәсіпорындар. Өкі­нішке қарай, тоқсаныншы жыл­дар­дағы тоқырауда жылдар бойы жұмыс істеп, адамдарға жұмыс, қалаға ет-сүт берген фабрикалар жабылып қалды. Жұмыссыз қал­ған ауыл тұрғындары қалаға кө­шіп, елді мекендерде қаңыраған үйлер мен бір кездерде мыңғыр­ған мал ұстаған қоралардың қи­ран­дысы ғана қалды. Шағын ауыл­дардың тоз-тозы шығып, қа­зақ алтын бесігінен айырылған­дай күй кешті. Қуантарлығы соңғы жылдары облыста сүт ферма­лары көптеп ашылуда. Осының арқасында қазіргі күні көптеген ауылдардың тамырына қайтадан қан жүгіріп, көркейіп келеді. Со­лардың бірі – Айыртау ауданын­дағы Прекрасное ауылы. Жер­гілікті кәсіпкер Бақыт Құсайынов туған жеріне оралып, шаруашы­лықтың тізгінін қолына алған бо­латын. Еңбегі нәтижесіз емес, мұнда соңғы 3 жылда 30 шақты жаңа үй салынды. Жуырда 600 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Бүгінде мұнда 600 бас асыл тұқымды ірі қара өсіріледі. Жоба құны – 1,6 миллард теңге. 30 жаңа жұмыс орны ашылған. Солтүстік Қазақ­стан облысы сүт фермаларын салу бойынша республикада көш бастап тұр. Қазақстанда салынып жатқан әрбір екінші кешен сол­түстік өңірде. Биыл 16 ферманың құрылысы басталса, 10-ы іске қосылды.

Ауылды дамытудың озық үл­гісін көрсеткендердің бірі – “Пол­тавское” ЖШС-і. 1997 жылы құ­рылған бұл шаруашылық бүгін­дері өңіріміздегі маңдайалды аг­ро­құрылымдардың қатарында. Серіктестік жыл сайын машина-трактор паркін жаңартуға баса назар аударады. Тек биылдың өзінде 336 млн. теңгеге озық техника сатып алынған. Осының арқасында астықты дер кезінде жинады. Гектар берекелілігі облыстық деңгейден жоғары, орташа есеппен 20 центнерден өнім алған. Ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуден де шет қал­майтын серіктестік осы уақытқа дейін 240 млн. теңгеге демеушілік көрсеткен екен. Егіншіліктен бөлек, 1500 ірі қара өсіреді. Осы­ның арқасында жұмысшылар жыл бойы еңбекке тартылған. Серік­тестіктегі орташа жалақы 235 мың теңгенің маңайында. Полтавка ауылында 17 үй салып, фельд­шерлік-амбулаториялық пункт тұр­ғызса, қазір балабақша құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жолды күтіп ұстау мен асфальттауға да жыл сайын қаржы бөліп отырады.

Жанашыры бар ауылдың бо­ла­шағы да жарқын болмақ. Мем­лекет тарапынан да агроқұры­лымдарға қолдау зор. 2006 жыл­мен салыстырғанда мемлекеттік қолдау 31 есеге өскен. Егер 2007 жылы 1,6 млрд. теңге бөлінсе, 2020 жылы 50 миллиардтан асты. Шаруашылықтар да бұрынғыдай бар тапқанын астына баспай, түскен пайданы шаруашылықты одан әрі дамытуға, ауылды көр­кейтуге жұмсап жатқаны қуан­тады.

Жылды қорытындылайтын бол­сақ, биыл өңірде ет пен сүт өн­діру мен өңдеу де қарқын алғанын айта кеткен жөн. Өңірдегі екі сүт зауыты өндірісті жаңғыртуға және заманауи желілерді іске қосуға 15 млрд. теңге бөлді. Тамыз айында “Масло-Дел” зауытында жаңа сүт желісі іске қосылды. Кәсіпорын­ның қуаттылығы 87 мыңнан 119 мың тоннаға дейін өсті. Жалпы өңір жылына 600 мың тонна сүт өндіреді. Ет өндірісін 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін көбейту жоспарлануда. Осы мақсатқа жету үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Облыста екі жаңа құс фабри­касының құрылысы басталды. Қой шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы қабылдан­ды. Облысқа 13 мың бас қой әкелінді.

Бұл – аграрлы аймақтың 2021 жылғы жетістіктерінің бір парасы. Қазақтың алтын бесігі, ақ сүт берген асыраушысы – ауылды дамытуға, ауыл шаруашылығын көтеруге деген бетбұрыстар кө­ңілге қуаныш ұялатады.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp