«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мақсат айқын, меже биік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында облыстың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, 2022 жылы атқарылатын кешенді іс-қимыл жоспары туралы айтылды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, қол жеткен табыстар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды.

– Биылғы жыл жарқын жетістіктерге, есте қалатын оқиғаларға толы болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – халқымыздың, мемлекетіміздің ең басты байлығы. Солтүстікқазақстандықтар қай салада болмасын аянбай еңбек етті. Мен жұмысшыларға, шаруаларға, кәсіпкерлерге, дәрігерлер мен мұғалімдерге, адал еңбек етіп, болашақ жетістіктердің негізін қалаған баршаға шын жүректен алғыс айтамын. Алдағы мақсат айқын. Ең басты міндет – қарқынды төмендетпеу, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бар күш-жігерді салу, – деген Құмар Іргебайұлы коронавирустық пандемиядан туындаған көптеген кедергілерге қарамастан облыстың дамуы қарқыны бәсеңдемегенін атап көрсетті.

Биыл Үкіметте алдағы жылға арналған өңірді дамытудың жаңа кешенді жоспары бекітілді. Осы кезең ішінде облыс экономикасын дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға 500 млрд. теңге қаражат беріледі. Бұл – бұрын-соңды болмаған зор демеу. Маңызды нәтижелердің бірі – халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткішінің тұрақты өсуі, жұмыссыздық деңгейінің 4,8 пайызға дейін төмендеуі. 12 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылып, 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Орташа айлық жалақы –19, зейнетақы аударымдары 23 пайызға көбейді. Және де бір атап өтетіні, солтүстікқазақстандықтар жылжымайтын мүліктерді көптеп сатып ала бастады. Жылжымайтын мүлік бойынша 51 мыңға жуық келісімшарт жасалды.

Баяндамашы ауыл шаруашылығы саласы дамудың жаңа деңгейіне көтерілгеніне нақты мысалдар келтірді. Заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алудың, минералды тыңайтқыштар сіңірудің, астық сұрыптарын жаңарту мен аудандастырудың, озық агротехнологияларды қолданудың маңызы артып келеді. Бұл бағытқа 50 млрд. теңге инвестиция салынды. Осы талапты жете түсінген шаруашылықтар гектар берекелігін 20 центнерден 24 центнерге дейін жеткізуді қалыпты дәстүрге айналдырды. Жыл басынан бері 890 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл – өткен жылға қарағанда 111 млрд. теңгеге артық. Келіссөздердің нәтижесінде “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыт ашылды. Жергілікті шаруалар заманауи комбайндарды 35 пайызға дейін арзандатылған бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жуырда жылдық қуаттылығы 60 мың тонна болатын ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіретін еліміздегі бірегей кәсіпорын бой көтерді. Өңір басшысы әртүрлі сұрыпты дақылдарды сақтау, өңдеу және тасымалдау салаларында өзекті мәселе туындайтынын, сондықтан сыйымдылығы 116 мың тонналық 7 астық сақтау қоймасының құрылысы басталғанын жеткізді.

Агроөнеркәсіп кешенінде 36 жоба іске қосылды. Мұның өзі импорттық ет өнімдеріне тәуелділікті төмендетті. Сүт пен ет өндіру өсті, мал басы көбейді. 6 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталып, 10-ы жұмыс істей бастады. Келесі жылы тағы 8 ферма салынады. “Маслодел” мен “Eurasian Milk” сүт зауыттары өндірісті жаңғыртуға 15 млрд. теңге құйды. “Маслоделдің” жылдық қуаттылығы 87 мың тоннадан 119 мың тоннаға дейін ұлғайды. “Eurasian Milk” жылына 2,5 мың тонна ірімшік шығара алады. “ЕМС-Агро” ЖШС-і шошқа кешенін кеңейтті. Таяуда 72 мың тонна дайын өнімге арналған жаңа құрамажем зауыты пайдалануға берілді.

Өнеркәсіп саласында да ай­тар­лықтай ілгерілеу бар. Зауыт­тардың тапсырысы 44,3 млрд. теңгеге дейін өсті. Келесі жылы оның көлемін 65 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланған. “ЗИКСТО” зауыты “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы­мен екі жылдық келісімшарт жа­састы. “Cool infinity” кәсіпорны шы­ғарған изотермиялық вагондар­дың үштен бірі экспортқа жөнел­тілген. Қазір Әзірбайжан және Иранмен ынтымақтастық мәсе­ле­сі пысықталуда. Фанера комбина­ты 11 мың текше метр дайын өнім шығарып, 30-ға жуық құрылыс ала­ңын қамтамасыз етті. Петропавл электртехникалық зауыты, биг-бэг қаптар өндіру бойынша жоба іске қосылды. “Радуга” компаниясы жылыжай кешенін тұрғызып, қағаз комбинатын салуға кірісті. “Mix Universal” ЖШС-і автоклавты газоблоктар мен плиталарды өн­ді­руді аяқтап, құрғақ құрылыс қос­паларын шығаруды жолға қойды. Темірбетон бұйымдары зауы­тында еден плиталары, бетон сақиналары, іргетас блоктар және шикі бетон шығарылатын болады.

Баяндамашының айтуынша, 5 жыл ішінде кәсіпкерлердің саны 2600-ге, өнім өндіру 2 есеге кө­бейген. Яғни 374 млрд. теңгеден 776 млрд. теңгеге дейін жеткен. Бюджеттің кіріс бөлігінде шағын және орта бизнес салықтарының үлесі – 61 пайыз. 2026 жылға дейін 2100 шақырымнан астам жол қалпына келтіріледі. Сумен жабдықтауға 10,3 млрд. теңге ба­ғытталды. 78 елді мекенге сапалы тіршілік нәрі тартылды. Су тарифі 2006 жылдан бері өзгермегендік­тен, қайта қарау жоспарланып отыр. Қазір бір текше метр судың бағасы 850 теңге тұрса, 810 тең­гені мемлекет субсидиялайды. Қал­ғанын тұтынушы төлейді. Өт­кен жылы интернет желісіне 118, биыл 40 ауыл қосылды. Бүгінгі күні 635 ауылдың 491-і түрлі тех­нологияларды қолданады. Тұрғы­ны 250-ден аз 69 ауыл да интер­нет игілігін көретін болады.

Тұрғын үй құрылысы саласын­дағы оң нәтижелер де қуантады. Соңғы 4 жылда бюджеттік қаржы­ландыру көлемі үш еседен астам ұлғайды. Коммерциялық құрылыс қарқынды дамып келеді. 2017 жылы жеке инвестицияға 1 ғана көп­қабатты үй салынса, биылғы­сы – 23. Алғаш рет коммерциялық тұрғын үй құрылысына шетелдік қаржыгерлер тартылды. Жобаны “YDA” түрік компаниясы ұсынды. Бүгінгі таңда 30 бюджеттік көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жалғасуда. 2017 жылдан бері 1 млн. шаршы метр баспана салы­нып, 30 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын жасады.

Баяндамашы бюджеттің жар­ты­сы­нан астамы әлеуметтік сала­ларды дамытуға жұмсалатынын атап көрсетті. Соңғы жылдары білім сапасы жақсара түсті. 2026 жылға дейін 15 жаңа мектеп са­лынып, үш ауысымда оқу мәсе­лесі түбегейлі шешіледі. Денсау­лық сақтау ұйымдарына 128 ме­дициналық техника берілді. МРТ, рентген аппараттары, сарап­тама­лық УДЗ, стоматологиялық қон­дырғылар, электрокардиограф жабдықтары орнатылған.

Әкімдік отырысында “Эталон” компаниясының бас директоры Ме­дет Төлегенов, “SMBGroup Fa­miliy” ЖШС-нің басшысы Димаш Коржов, Петропавл электртех­ни­калық зауыты директорының орын­басары Нартай Айшев, об­лыс­тық құрылысшылар ассоца­ция­­сының төрағасы Сергей Ти­мо­феев, “BioOperation” ЖШС-нің бас директоры Алмас Калимур­зин, та­ғы басқалары сөз сөйлеп, ал­да­ғы іс-қимыл жоспарларымен бөлісті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp