Ағама арнап естелік жазам деп ешқашан ойламап едім. Біреу білсе, біреу білмейтін шығар, геронтология деген ғылым бар. Адамның ақыл тоқтатқан кезінен бастап, өмірінің соңына дейінгі кезеңді зерттейді. Солардың есептеуі бойынша, 45 жасқа дейінгі өмір – жастық шақ, 45-59 жастың арасы – орта жас, 60-70 – жасамыс кезең, 75-89-дың арасы – кәрілік, ал 90-нан асқандар – ұзақ жасаушылар санатындағылар.
…Таңертеңгі уақыт. Лездеме бітіп, үстеліме келіп жайғасқаным сол еді, телефон шырылдап қоя берді. “Қошан, берік бол, Дулаттан айырылып қалдық”, – деді арғы жақтан ауылдағы Қарлығаш апам. Телефон тұтқасы сусып қолымнан қалай түсіп кеткенін де аңғармай қалдым. Екі қолыммен басымды ұстаған қалпы үнсіз ұзақ тұрыппын. Көкірегіме тығылған ыстық өксік осы сәт жанымды жасытты, көңілімді жабырқатты. Көкейге тас тірелді, көзге жас келді. Әріптестерім не болғанын білмей, абдырап қалғандарын кейін айтты. Бар айтқаным: “ағам, ағам”, – дей беріппін. Алпыста ғана еді.
Адамның жасын зертейтін ғылымның өлшемі жайлы жоғарыда айттым, ал атам қазақ не дейді? “Алпыс – ата жасы” депті. Онысы жасы келген, ұлғайған жанға жақындатқандағысы. Кезінде солай болған шығар, бүгін олай емес. Қазір “алпыс – тал түс” деп жатады. Бұл – адамның орта жасының ұзақтығы біршама артып келетіндігінен. “Елу – ер шағың, алпыс – дер шағың” деген де сөз бар.
Жамбыл ауданының Сәбит ауылында туып өскен ағам Дулат алпысында бұл өмірден өтті. Оның бойына айықпайтын ауыр дерт жабысқанын кейін білдік. Өзіміздің дәрігерлерден дәрмен болмаған соң, астанаға апардым. 2011 жылдың қыркүйегі болатын. Ақ халаттылар бастан-аяқ тексерді. Қараша айының соңына қарай қайта келіп, қаралу керектігін ескертті. Шамасы олар ауруды емдеуге қауқарсыз екендіктерін жасырған болулары керек, келісілген күнге жетпей ағамыздың демі үзілді. Ол үшін жарық дүниенің есігі тарс жабылып, біз жанымызға жақын жаннан айырылып қала бердік. Соңғы екі-үш ай сырқаты жанына қатты батқанын ішім сезді. Бірақ қайсар мінезінен болар, ешкімге сыр бермеді. Қайта біз қиналдық.
Бір ананың құрсағынан тараған сегіз баланың үлкені еді. Мінезі тік еді. Кейде қағылған шегедей, айтса бітті, кессе үзілді. Туа бітті турашылдығы бар. Майда сөйлеп майыспайтын. Өзім дегенде сенімді серік, сөзіне берік, жаны таза жан еді. Батыл, ойы басым болатын.
Көңіл көзін ой ашады емес пе? Оның мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ тоқығаны көп болды. Әсіресе физика, математика пәндеріне деген ынта-ықыласы ерекше-тін. Сол пәндерге өте зерек болды. Ұстаздарының алдында күнделікті сабақта жауап берумен ғана шектелмей, үйге келісімен ми қатыратын күрделі есептерді бас көтермей шешіп, дұрыс-бұрыстығы жөнінде, өзіне сенімді екенін көрсете, дәйекті дәлелдер келтіретін.
Шахматты ел арасында бекзат ойын деп атайды. Терең ойды қажет ететін оған ағамыздың құмарлығы сонша, ішер асын жерге қоятын. Білгені бар адам әр нәрсеге бейім келеді. Анда-мында оқыдым дегендердің өзі оның көмегіне сүйенетін. Әкеміз механизатор болғандықтан да шығар, ауыл шаруашылығы техникаларының тілін де жетік біліп өсті. Біреулерге көмек қажет болып жатса, ауылдағы мектептің білдей бір мұғалімімін ғой деп қарап отырмайтын, білек сыбанып, қара майға қолды салып жіберіп, кірісіп кететін. Телевизоры, тоңазытқышы, электр плитасы, үтігі және тағы басқалары бар, сынып қалса ауылдағылар аудан орталығындағы тұрмыстық комбинатқа сабылмайтын, көбін Дулат жөндеп беретін.
Ағама қатысты өткенге өлшем болатын әңгіме ауылдастарының арасында әлі де айтыла беретіні анық. Бәріміз де тағдырдың жетегіндеміз. Әркім өмірдің қазанында өзінше қайнайды. Адамның қандай болғаны, оның әр қырынан ашылғанында танылады деп те жатады. Өзі жоқ болса да, тіршілігінде істеген жақсылықтары, ешкімді сыртқа теппей, өзіне іш тартып тұратын мінезі, көңілінің көпшілдігі біз үшін әлі де мерей саналады. Сол жақсылығын өзім де талай рет көрдім. Алматының С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде қарным ашып қалмасын, қажетіне жаратсын деп әлсін-әлсін ақша салып тұратын. Үйленіп, үй болғанымда да барын аямай беріп, бәйек болып жүруші еді.
Ағам әріптестерінің арасында да сыйлы, беделді болды. Бір таңданатыным – сол кездегі ұстаздардың өз шәкірттерін біліммен сусындатудағы еңбектері ерен болатын. Арасында жоғары оқу орнын бітіргендер аз еді ғой. Бірақ орта мектепті ғана тамамдағанымен ешкімнен кем түспейтін. Менің ағам Петропавл педагогика институтына түсіп, түрлі жағдайлармен оны тастап кеткен, дипломсыз-ақ сабақ бергендердің қатарында. Ауылда “Дулат ағайдың алдынан дәріс алғанбыз” деп көңілдері тола айтатындар баршылық. “Ағай”, “Тәтей” болып қала беретін кешегі ұстаздарымыздың біз үшін жөні басқа. Мектеп директоры Мәкен Қалиев, ұстаздар Айдар Бралин, Ермек Нұрахметова, Уәзира Бралина, Зураш Кәленова, Зейнеп Бралина, Света Шәріпова және тағы басқаларды (араларында марқұм болғандар да бар) ауылдастарымыз әлі күнге дейін мақтан тұтады.
Өмір дегеніміз жалғыз өркешті нар сияқты дейді. Артқан жүгің біресе оң жағына, біресе сол жағына ауып кетіп, үнемі түзеп, теңдеп отыруға тура келеді. Адам өмірі де солай, соқпағы мен бұралаңы, қалтарысы мен қатпары көп болады. Осылардан сүрінбей-талмай өтсең және адамдық, адалдық асыл қасиеттерді бойыңнан алыстатпасаң өмірде жолың болғаныдағы!
Уақыт – ұшқыр. Ағамыздың жүзін топырақ жасырғалы он жылдан асыпты. Бірақ біздің бойымызда оған деген сазы кетпес сағыныш әсте сарғаймайды. Көз алдымыздан кетсе де, көңіліміздің төрінен түсірмейміз. Ағам Дулат Тортайұлы бақилық болмаса, Жаңа жылдың 1 қаңтарында 71 жасқа толатын еді. Замандастары сияқты әдемі қартайып, ортамызда жүру, өкінішке қарай, оған бұйырмады.
Қарашада ақ мамық,
Қар жауғаны есте жүр.
Жүрек тілек ақтарып,
Арналғаны есте жүр.
Асыл, абзал ағамыз,
Алпыс қана кешті өмір.
Қайтыс болған сол күнің,
Түсті бүгін еске бір.
Қошан ҚАЛИ,
ардагер журналист.