Облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында облыстың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, 2022 жылы атқарылатын кешенді іс-қимыл жоспары туралы айтылды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов баяндама жасап, қол жеткен табыстар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды.
– Биылғы жыл жарқын жетістіктерге, есте қалатын оқиғаларға толы болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – халқымыздың, мемлекетіміздің ең басты байлығы. Солтүстікқазақстандықтар қай салада болмасын аянбай еңбек етті. Мен жұмысшыларға, шаруаларға, кәсіпкерлерге, дәрігерлер мен мұғалімдерге, адал еңбек етіп, болашақ жетістіктердің негізін қалаған баршаға шын жүректен алғыс айтамын. Алдағы мақсат айқын. Ең басты міндет – қарқынды төмендетпеу, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бар күш-жігерді салу, – деген Құмар Іргебайұлы коронавирустық пандемиядан туындаған көптеген кедергілерге қарамастан облыстың дамуы қарқыны бәсеңдемегенін атап көрсетті.
Биыл Үкіметте алдағы жылға арналған өңірді дамытудың жаңа кешенді жоспары бекітілді. Осы кезең ішінде облыс экономикасын дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға 500 млрд. теңге қаражат беріледі. Бұл – бұрын-соңды болмаған зор демеу. Маңызды нәтижелердің бірі – халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткішінің тұрақты өсуі, жұмыссыздық деңгейінің 4,8 пайызға дейін төмендеуі. 12 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылып, 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Орташа айлық жалақы –19, зейнетақы аударымдары 23 пайызға көбейді. Және де бір атап өтетіні, солтүстікқазақстандықтар жылжымайтын мүліктерді көптеп сатып ала бастады. Жылжымайтын мүлік бойынша 51 мыңға жуық келісімшарт жасалды.
Баяндамашы ауыл шаруашылығы саласы дамудың жаңа деңгейіне көтерілгеніне нақты мысалдар келтірді. Заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алудың, минералды тыңайтқыштар сіңірудің, астық сұрыптарын жаңарту мен аудандастырудың, озық агротехнологияларды қолданудың маңызы артып келеді. Бұл бағытқа 50 млрд. теңге инвестиция салынды. Осы талапты жете түсінген шаруашылықтар гектар берекелігін 20 центнерден 24 центнерге дейін жеткізуді қалыпты дәстүрге айналдырды. Жыл басынан бері 890 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл – өткен жылға қарағанда 111 млрд. теңгеге артық. Келіссөздердің нәтижесінде “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыт ашылды. Жергілікті шаруалар заманауи комбайндарды 35 пайызға дейін арзандатылған бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жуырда жылдық қуаттылығы 60 мың тонна болатын ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өндіретін еліміздегі бірегей кәсіпорын бой көтерді. Өңір басшысы әртүрлі сұрыпты дақылдарды сақтау, өңдеу және тасымалдау салаларында өзекті мәселе туындайтынын, сондықтан сыйымдылығы 116 мың тонналық 7 астық сақтау қоймасының құрылысы басталғанын жеткізді.
Агроөнеркәсіп кешенінде 36 жоба іске қосылды. Мұның өзі импорттық ет өнімдеріне тәуелділікті төмендетті. Сүт пен ет өндіру өсті, мал басы көбейді. 6 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталып, 10-ы жұмыс істей бастады. Келесі жылы тағы 8 ферма салынады. “Маслодел” мен “Eurasian Milk” сүт зауыттары өндірісті жаңғыртуға 15 млрд. теңге құйды. “Маслоделдің” жылдық қуаттылығы 87 мың тоннадан 119 мың тоннаға дейін ұлғайды. “Eurasian Milk” жылына 2,5 мың тонна ірімшік шығара алады. “ЕМС-Агро” ЖШС-і шошқа кешенін кеңейтті. Таяуда 72 мың тонна дайын өнімге арналған жаңа құрамажем зауыты пайдалануға берілді.
Өнеркәсіп саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Зауыттардың тапсырысы 44,3 млрд. теңгеге дейін өсті. Келесі жылы оның көлемін 65 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланған. “ЗИКСТО” зауыты “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясымен екі жылдық келісімшарт жасасты. “Cool infinity” кәсіпорны шығарған изотермиялық вагондардың үштен бірі экспортқа жөнелтілген. Қазір Әзірбайжан және Иранмен ынтымақтастық мәселесі пысықталуда. Фанера комбинаты 11 мың текше метр дайын өнім шығарып, 30-ға жуық құрылыс алаңын қамтамасыз етті. Петропавл электртехникалық зауыты, биг-бэг қаптар өндіру бойынша жоба іске қосылды. “Радуга” компаниясы жылыжай кешенін тұрғызып, қағаз комбинатын салуға кірісті. “Mix Universal” ЖШС-і автоклавты газоблоктар мен плиталарды өндіруді аяқтап, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруды жолға қойды. Темірбетон бұйымдары зауытында еден плиталары, бетон сақиналары, іргетас блоктар және шикі бетон шығарылатын болады.
Баяндамашының айтуынша, 5 жыл ішінде кәсіпкерлердің саны 2600-ге, өнім өндіру 2 есеге көбейген. Яғни 374 млрд. теңгеден 776 млрд. теңгеге дейін жеткен. Бюджеттің кіріс бөлігінде шағын және орта бизнес салықтарының үлесі – 61 пайыз. 2026 жылға дейін 2100 шақырымнан астам жол қалпына келтіріледі. Сумен жабдықтауға 10,3 млрд. теңге бағытталды. 78 елді мекенге сапалы тіршілік нәрі тартылды. Су тарифі 2006 жылдан бері өзгермегендіктен, қайта қарау жоспарланып отыр. Қазір бір текше метр судың бағасы 850 теңге тұрса, 810 теңгені мемлекет субсидиялайды. Қалғанын тұтынушы төлейді. Өткен жылы интернет желісіне 118, биыл 40 ауыл қосылды. Бүгінгі күні 635 ауылдың 491-і түрлі технологияларды қолданады. Тұрғыны 250-ден аз 69 ауыл да интернет игілігін көретін болады.
Тұрғын үй құрылысы саласындағы оң нәтижелер де қуантады. Соңғы 4 жылда бюджеттік қаржыландыру көлемі үш еседен астам ұлғайды. Коммерциялық құрылыс қарқынды дамып келеді. 2017 жылы жеке инвестицияға 1 ғана көпқабатты үй салынса, биылғысы – 23. Алғаш рет коммерциялық тұрғын үй құрылысына шетелдік қаржыгерлер тартылды. Жобаны “YDA” түрік компаниясы ұсынды. Бүгінгі таңда 30 бюджеттік көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жалғасуда. 2017 жылдан бері 1 млн. шаршы метр баспана салынып, 30 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын жасады.
Баяндамашы бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік салаларды дамытуға жұмсалатынын атап көрсетті. Соңғы жылдары білім сапасы жақсара түсті. 2026 жылға дейін 15 жаңа мектеп салынып, үш ауысымда оқу мәселесі түбегейлі шешіледі. Денсаулық сақтау ұйымдарына 128 медициналық техника берілді. МРТ, рентген аппараттары, сараптамалық УДЗ, стоматологиялық қондырғылар, электрокардиограф жабдықтары орнатылған.
Әкімдік отырысында “Эталон” компаниясының бас директоры Медет Төлегенов, “SMBGroup Familiy” ЖШС-нің басшысы Димаш Коржов, Петропавл электртехникалық зауыты директорының орынбасары Нартай Айшев, облыстық құрылысшылар ассоцациясының төрағасы Сергей Тимофеев, “BioOperation” ЖШС-нің бас директоры Алмас Калимурзин, тағы басқалары сөз сөйлеп, алдағы іс-қимыл жоспарларымен бөлісті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.