Облыста жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар қатары артып, сырқаттанғандар саны 15 мыңнан асты. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жыл сайын қайталанатын жағдай.
– Өткен маусыммен салыстырғанда аурушаңдық 41 пайызға өскен. Жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандардың жартысынан көбі – балалар. 534 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 13 жүкті әйел және бір жасқа дейінгі 155 бала бар. Петропавл қаласында А типті тұмаудың екі жағдайы тіркелді. Өткен жылы облыс аумағында тұмау тіркелген жоқ. Тұмауға қарсы 90558 адам егілді, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Салтанат Бекқожина.
Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, тұмаудың таралуына жол бермеу үшін маска тағу қажет. Коронавируспен күресте қолданылатын ережелер мұнда да қатаң сақталуы тиіс. “Әлемде коронавирустың “омикрон” штамы өте жылдам таралып жатыр. Ғалымдар жаңа штамның белгілері тұмауға ұқсас екенін айтады. Яғни, оның бес негізгі белгісі бар: бас ауруы, мұрын бітелу, түшкіру, тамақтың ауруы және шаршау. Кейбір адамдарда жөтел болып, тәбеттері жоғалған. Мұның бәрі суық тиюге, тұмауға да тән”, – дейді Салтанат Бекқожина.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.