Әкем – Бекбай Әділжанұлы көзі тірісінде терең ойлы, адамдық абыройын жасынан сақтаған, ел ішінде еңсесі биік, беделді кісі болды. “Келместің кемесіне мініп” кеткеніне алпыс жылдан асса да ауылдастары, дос-жарандары, туған-туысқандары оны “сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді” деп еске алып отырады.
Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, ауыр жараланып, елге әскери медициналық комиссияның шешімімен оралыпты. Менің есімімді майдандас жолдасы Есләм ағаның құрметіне қойыпты. Ол менің кіндік әкем еді. Соғыстан мүгедек болып оралған соң учаскелік милиционер болып қызмет еткен. Әкем 1940 жылы 9-шы ақпанда әскерге шақырылып, кеңес-фин соғысына қатысқан. Майдан даласында жүріп, елге хат жазады. Бір жапырақ қағаздың ортасына фотосуретін де қыстырыпты. Оның сыртында мынадай жазу бар: “Оң қолдарын ұстасып тұрғандар – Әділжанов Бекбай және Аужанов Байділда. Сол жағында – оң қолында үлкен қол сағаты бар Байылов Болтим”.
Кейін мен Болтим ағаның ұлымен әңгімелестім. Ол: “Әкем өткен ғасырдың 60-шы жылдары сіздің әкеңізді іздестірді. “Бекбайға берешегім бар еді. Беріп құтылу керек”, – дейтін. Соғыста фин мергені атқан оқтан әкем екі рет жарақат алған екен. Сонда сіздің әкеңіз көмектесіп, өмірін сақтап қалуға себепші болыпты. Сорғалап аққан қанын тоқтатып, шаңғымен сүйреп әкелген. Сіздің әкеңізге рақметін жаудырып отыратын”, – деді.
Әкем салиқалы, салмақты, сабырлы қалпынан танбайтын еді. Ол 18 жылдан астам уақыт ұжымшарда жұмыс істеді. 1942-1943 жылдары бұрынғы Қызылту ауданының “Балға” ұжымшарының төрағасы қызметін атқарған. 1947 жылы кеңес өкіметінің 30 жылдық тойына орай Мәскеу қаласында өткізілген Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты.
Әкем болашақтың білімсіз, мамандықсыз бұлыңғыр болатынын түсініп, 1950-1953 жылдары Петропавл қаласындағы орта ауыл шаруашылығы мектебінде оқып, “кіші агроном” мамандығын алған. Бұл кезде тың игеру басталып, ұжымшарлар таратылып, олардың орнына кеңшарлар құрылды ғой. Әкем 1957 жылы “Тың жерлерді игергені үшін” медалімен марапатталыпты.
Ол кісі ауылда бөлімше агрономы болып қызмет атқарған кезде қасынан бір елі де қалмайтынмын. Екеуіміз салт атпен егістікті аралауға шығатынбыз. Әңгіме арасында соғыс жылдарындағы қиындықтар туралы сұрайтынмын. Баламның жан дүниесін жараламайын дейді ме, тіл қатпайтын. Табиғат, өсімдіктер әлемі туралы айтқанда алдына жан салмайтын. “Әке, мен де сіз сияқты агроном боламын”, – дейтінмін. Әкем болса: “Әрине. Тек ол үшін жақсы оқу керек. Егер білімің таяз, мінезің қыңыр, өзің жалқау болсаң, ешкімге керексіз болып қаласың”, – деуші еді. Өзі де жоғары білім алғысы келетінін айтатын. Әттең, ол мақсатына жете алмай кетті.
Менің балалық шақ, бал дәурен күндерім алыстағы Талдысай өзенінің бойында, ата-баба қонысы – Жамбыл ауылында өтті. Мен сол кезді сағына еске аламын. Еске алған сайын әкемнің мейірімді бейнесі көз алдыма келеді. “Балам, сен біреу өзіңді мақтады екен деп, көкірек керуші болма. Адамға талантты Құдай береді, оны әрі қарай дамыту – пенденің өз қолында. Толдым деген адам төгіледі, болдым деген адам шашылады. Осыдан абай бол!”, – деген сөзі санамда бүгінге дейін сайрап тұр.
Әкем соғыс жылдарында әртүрлі жағдайларға байланысты бір-бірлерінен көз жазып қалған анасын, бауырлары мен туыстарын іздеп тауып, бәрін ауылға жинады.
Бірде, шамасы, он жаста болармын, досымның үйіне бардым. Сыртта отырған үлкен кісілерге қолымды ұсынып, сәлем бердім. Араларында мен танымайтын шоқ сақалды ата болды. Ол сәлемімді алған соң, қасындағы кісіден: “Бұл кімнің баласы?”, –деп сұрады. Бір аға: “Бекбайдың үлкен ұлы ғой”, – деп жауап берді. Сосын әлгі ата: “Балақай, бері қарай келші”, – деп мені өзіне шақырды. Маңдайымнан сүйді де: “Әкеңе тартқан азамат бол! Әкеңнің атына кір келтірме!”, – деді. Сәл үнсіз қалып: “Әкең менің басыма іс түскенде жауапкершілікті өзіне алып, маған үлкен жақсылық жасап еді. Оны ұмытуға болмайды”, – деді күрсініп.
…Ол кісі соғыстан кейінгі ауыр кезеңде ұжымшардың шаруасын атқарған екен. Бір күні шаршаған соң арбаға жегулі атын босатып, аяғын тұсап, жайылымға қоя береді де өзі мызғып алмақшы болады. Содан қатты ұйқыға кетеді. Атын іздеп таба алмайды. Бұл оқиға елге тарап, шоқ сақалды атаның үстінен мемлекетке зиян келтіргені үшін қылмыстық іс қозғалады. Ол кезде менің әкемнің ұжымшарда зоотехник болып қызмет істейтін кезі. Ол бұл іске өзі араласып, ретін тауып, шоқ сақалды атаны аман алып қалыпты. “Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды” деген осы.
Шешем Күлбағисаның төрт сыныптық қана білімі болды. Комбайн, трактордың оқуын оқып, бар өмірі қара жұмыспен өтті. Сол ауыртпашылықтың бәрін қыңқ етпей көтеруші еді.
Ағасы – Сабыр Ұлы Отан соғысы басталмаған кезде ауырып дүниеден өткен. Артында қызы – Күлбағила қалған. Ал кіші ағасы – Шамшиден соғысқа қатысып, із-түссіз жоғалып кеткен. Одан Зияш есімді қыз бар. Анам сол ағаларының жетім қалған қыздарын өзі тәрбиелеп, өсіріп, құтты орындарына қондырды.
Шешемнен: “Атбасардың қызы Жамбыл ауылына қалай тап болды?” – деп сұрайтынмын. Сонда анам былай деп жауап беретін:
“20-шы ғасырдың бас кезінде болуы керек, біздің ауыл күнкөріс қамы үшін Сібірге қарай көшеді. Көшкен ауылдың ішінде менің аталарыма туыстығы бар қарт болған. Жол ауырлығын көтере алмаған атамыздың денсаулығы нашарлап кетеді. Көшпенді ауыл Жамбыл ауылына тоқтайды. Туған-туыстары ақсақалды соңғы сапарына осы ауылдан жөнелтпекші болады. Содан науқастың жанын қинамас үшін бір атадан тарайтын үш-төрт отбасы ауылдан бөлініп, Жамбыл ауылында қалып қояды. Ауырған ата көктемге дейін жатқан. Сөйтіп, өз ауылынан бөлініп қалғандар жергілікті тұрғындармен сіңісіп кеткен”.
Жамбыл ауылынан шаруашылықтың орталығына дейін – 45 шақырым жер. Жаңа жыл өткен соң әкем есеп беру үшін жолға шығады. Шаруаларын бітіріп, жолдағы “Жұмысшы” ауылына тоқтайды. Сондағы бір үйде дастарқан үстінде отырған жерінде әкем дүниеден өтіп кеткен. Бұл 1959 жылдың 9-ші қаңтары еді.
Әкемнің жылдық дұғасына келген аға-інілері мен қарындасы бізді төр бөлмеге жинап алып: “Күлбағиса, басың жас. Бес баланы өсіріп, жеткізу саған қиын болады. Сондықтан кішкентай қызыңды алып қал, қалған балаларды бір-бірден бізге бер. Біз жеткіземіз. Қашан болсын саған есігіміз ашық”, – деді.
Анам: “Бекбаймен бірге көрген күндеріме, бірге өткізген жылдарыма ризамын. Шаңырағын құлатпаймын, балаларым өзіммен бірге болады. Көңілдеріңізге рақмет!”, – деп жауап қатты.
Егер анамыз төртеуімізді әкемнің туыстарына бір-бірден таратып берсе, біз бүгін қандай күйде болар едік?..
Жалғанда адам баласын абзал атына сай ететін үш қасиет бар. Олар – кісінің адамгершілігі, адал еңбегі және көркем мінезі. Осы үш қасиет менің анамның бойынан табылды. Ол қыстың ұзақ түндерінде батырлар жырын, ертегілер оқып беріп, олардың мазмұнына көңіл бөліп, санамызға сіңіретін. Төзім мен сабырды серік еткен анам мәдениетті сөйлеуге, айтылар ойдың айқын және орынды болуына аса мән берді.
Анам 1997 жылы 19 қазанда 75 жасында дүниеден өтті. Оның “Еңбек кітапшасында “Жамбыл” ұжымшарындағы еңбек өтілі 16 жылдан артық екені жазылған. Ал 1957 жылдан 1968 жылға дейін “Бидайық” кеңшарында әртүрлі жұмыстарды атқарған. 1968 жылы жаңадан “Амангелді” кеңшары ашылып, біздің Жамбыл ауылымыз осы шаруашылықтың құрамына берілді. Анам осы шаруашылықта құрметті еңбек демалысына шыққанша жұмыс істеді.
“Ер адамдардың бәрі соғысқа кетті. Елде қалған біз тракторшы, комбайншы курстарында оқып, азаматтардың орындарын жоқтатпадық. Өз басым тракторды да жүргіздім, тіркемеші де болдым, комбайн мен молотилканың да “қызығын” көрдім. Ауыр жұмыстың бәрін әйелдер атқарды”, – деуші еді анам. Содан болар, ауыл жұртшылығы менің анамды ерекше құрметтеді. Өзі де белсенді болды. Санақ жүргізілсе, сайлау өте қалса, комиссия мүшесі болатын. Ауылдық кеңес депутаты болып та сайланды. “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы” мерекелік медалімен марапатталды.
Әкем дүниеден өткенде анам отыз жеті жаста ғана еді. Түн ортасы ауғанда ұйқымнан оянып кетсем, жылап отырғанын көріп, аяйтынмын. Мен оны, ол мені құшақтап, бір-бірімізді жұбатудан басқа амалымыз қалмаушы еді.
Әкеміз жоқ болса да, сол кездегі балалардың көз құрты – велосипедті ауылда алғашқылардың бірі болып міндік. Ол – ол ма, Омбы қаласынан қысты күні мұзда сырғанайтын коньки де алдыртты. Өсе келе кішкентай мотоцикл де әперді. Соның бәрі балаларым қатарларынан кем қалмасын деген аналық мейірімі екен-ау. Қолы шебер еді. Күн демей, түн демей, үстімізге шап-шақ қылып, көйлек, шалбар тігіп беретін. Қыста соғым еті, күзде қаз-үйрек, жазда сүт, май, қаймақ, құрт, ірімшік, қымыз сияқты тағамдар дастарқанымыздан үзіліп көрген емес. Бәрі де балаларым үшін деп, тыным таппай, бірді екі ете білген асыл анашымның арқасы еді.
Бүгінде біз де біраз жасқа келдік. Адамның жасы ұлғайған сайын ата-анаға деген сағыныш еселене түседі екен. Өмірімнің мәні мен сәні болған ардақтыларымның жарқын бейнесі – жүрегімде мәңгі өшпес жарық жұлдыз іспеттес!
Еслямбек БЕКБАЕВ,
қаржы саласының ардагері.