«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызыл жалынды ауыздықтаған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өртсөндірушілердің өмірі қауіп-қатерге толы. Олар бір адамды аман алып қалудың өзі қаншалықты күшті, жауапкершілікті, ерлікті талап ететінін жақсы біледі.Осындай жүгі ауыр салада жанкештілікпен қызмет етіп жүрген мамандардың бірі – Петропавлдағы №3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Айтбай Сәдуақасов. Түрлі апаттармен арпалысып, от пен судың ортасынан көптеген адамның өмірін арашалап қалған өжет өртсөндіруші жақында мемлекеттік наградамен марапатталды.

Айтбай Ерсайынұлы балалық ша­ғында ойыншық көліктермен көп ой­напты. Өзін бірде өртсөндіруші, бірде “Жедел жәрдем” көлігінің жүргізушісі, енді бірде ұшқыш болып елестететін. Бала арманы орындалды.

– Әрбір ер азамат Отанның қал­қаны, елінің абыройын тасытатын адам болғысы келеді. Мен де халық игілігі үшін қызмет етуді мақсат еттім. Жаныма жақын мамандықты таңда­дым. Мектепте оқып жүргенде құтқа­рушы болуды армандадым. Өкінішке қарай, бірден мақсатыма қол жеткізе алмадым. Десе де, уақыт өте келе ар­маным орындалып, өртсөндіруші атан­дым, – дейді Айтбай Сәдуақасов.

2016 жылы облыс орталығындағы №3 өрт сөндіру бөліміне қызметке орналасады. Алғашында қарауыл­дағы сарбаз болып жұмыс істейді. Уақыт өте тәжірибе жинақтаған соң бөлімше командирі атанады.

Лаулап жатқан өртке кіруге тек жү­ре­гінің түгі бар адам ғана тәуекел ете ала­ды. Өз өміріне төнген қауіпке қара­мас­тан, өзгені құтқару үшін жанып тұр­ған отпен күресу – кез келген адамның қо­лынан келе бермейтін іс. Кейіпкері­міз жұ­мыс барысында талай өртті ауыз­дықтап, тілсіз жаудың қақпаны­нан қаншама адам­ды аман алып шық­ты. Айтбай Ерсайынұлы осындай оқиғалардың бірін еске алды.

– Биыл қаңтардың 26-сы күні ке­зекші­лікке түстім. Ружейников көше­сін­дегі көп­қабатты үйдің үшінші қаба­тындағы өртті ауыздықтауға маман­дар жіберілсін де­ген нұсқау келді. Шұ­ғыл түрде оқиға ор­ны­на жеттік. Көк тү­тіннен пәтерде адам­ның бар-жоғын анықтау қиын болды. Жер­гілікті тұр­ғындар баспанада біреу­лер болуы мүм­кін екенін айтты. Мен бір­ден ты­ныс алу аппаратын киіп, ішке кір­дім. Мұн­дай уақытта әр секунд қымбат, жыл­­дам шешім қабылдау қажет. Эпи­леп­сиямен ауыратын бала мен оның ана­сын қауіпсіз жерге шығардым. Абы­рой болғанда, адам өлімі болған жоқ, – деп еске алды құтқарушы.

Биыл кейіпкеріміздің ерлігі еленіп, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың Жарлығымен “Ерлігі үшін” ме­далімен марапатталды. Бұл жоға­ры наг­раданы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин кеуде­сіне таққанын айта кеткен жөн. Өрт­сөндіруші Айтбай Сә­дуақасов – бейбіт күннің нағыз ба­тыры.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp