«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ӘНШІНІҢ ЖЕТІСТІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сахна – қасиетті орын. Онда сан алуан өнер түрлері тоғысады. Та­рих та, керуен-керуен көш те, сынаптай сырғыған уақыт та, тіршілік пен өмір де осынау киелі мекенге өз бедерін салады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қазақ мәдениеті үшін жаңа кезең басталды. Соңғы жылдары республикада ұлттық мә­дениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару, сол ар­қылы Дүниежүзі қауымдастығына танылу жолдары қарастырылуда. Өнер мен мәдениет саласына қызығушылық танытатын жастардың саны да артуда. Олардың қатарына Айыртау ауданының тумасы Жәния Қарабатырды қосуға болады.

Ол кішкентай кезінен ән шырқа­ғанды ұнатқан. Қызының шығарма­шы­лыққа бейім екенін байқаған анасы оны музыка мектебіне бере­ді. 11-сыныпта оқып жүргенде Жә­ния болашақта қандай мамандық таңдау керектігін ойлана бастайды. Жас талапкер өнер мен мәдениеттің ордасы Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк коллед­жінің эстрадалық вокал бөліміне оқуға түсті.

2020 жылы Жәния колледжді үздік бітіріп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қабылданады. Қазір бойжеткен осы оқу орнының екінші курсында оқып жүр. Биылғы жылдың қараша айында Жәния Арменияда өткен “Арменияның алтын дауысы: 2021-2022” халықаралық байқауына қатысты.

– Байқауға Қазақстан, Латвия, Литва, АҚШ, Италия, Украина, Бе­ларусь, Ресей және басқа елдерден әртүр­лі жастағы 600-ден астам вокалист қатысты. Бұл байқауда мен “Авторлық ән” (Гүлсім Мырзабеко­ваның “Қазағым-ай”) және “Әлемдік хит” (Кристина Агилераның “Hurt”) аталымдары бойынша бас жүлдені жеңіп алдым. Алдағы уақытта өзімнің жеке альбомымды шығарып, Қазақстанға ғана емес, барлық ТМД елдеріне танылғым келеді. Алдыма әлемдік деңгейдегі байқауларға қа­тыссам деген мақсат қойдым, – дейді бойжеткен.

Шыны керек, жас дарындардың көбі көпшіліктің алдына шығудан жү­рексініп жатады. Сахнаға шыққанда қатты қобалжығаннан микрофонның қайда қалғанын білмейтіндер де бар. Жәнияның айтуынша, сахнаға неғұрлым көбірек шыққан сайын қорқыныш та соғұрлым азаяды.

– Мен көбінесе поп, соул және патриоттық әндер орындаймын. Репертуарымда 100-ден астам ән бар. Біразы шетел тілінде орындалады. Сүйікті әншілерім Назима, Бейонсе және Рианна. Бос уақытымда кітап оқып, табиғатта серуендегенді ұнатамын. Медеуге жиі барып тұрамын, – дейді талантты жас.

Ғылым-білім, мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды қолдауда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры орасан зор жұмыс атқарып отыр. Бүгінде қор жанында шығармашыл жастар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің құ­рамына республикамыздағы сәулетшілер, кинематографистер, дизайнерлер, жазушылар, суретшілер және басқа да шығармашылық одақтардың өкілдері кіреді. Кеңес түрлі көрмелер, байқаулар, фести­вальдар мен концерттер, көрермендер конференцияларын ұйымдастырады. Мемлекеттік грант бойынша білім алып жүрген Жәния да қор өкілдері ұйымдастыратын ша­ралардан қалыс қалмауға тырысады. “Түрлі өнер иелерінің бастарын тоғыстырған қордың жұмыстарына атсалысу арқылы өзімді-өзім жетілдірудемін”, – дейді ол.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp