«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІНІҢ ӘЛЕУЕТІ бәйгеге ақсақ ат қосқанмен тең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Тәуелсіз ел атанып, еңсесін көтерген 30 жыл ішінде спортшыларымыз талай белесті бағындырды. Түрлі әлемдік додаларда, Олимпиада ойындарында сан мәрте көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Әр байрақты бәсекені есепке алып саралап көрсек, жеңістеріміздің басым бөлігі – жазғы спорт түрлеріне тиесілі. Өкінішке қарай, қысқы түрлері кенже қалған, насихаты тө­мен спорттардың қата­рына кіре­ді. Тіпті биік шың­­ды бағындырған сайып­қы­рандарымыздың өзі сау­сақпен санарлық. Осыдан болар, жанкүйерлердің “қысқы спортта жүрген спортшыларға сенім арту – бәйгеге ақсақ ат қосқанмен бірдей” деп әзілдейтіні бар.

Мәселен, қысы алты айға созылатын облысымыздың өзінде шаңғы, коньки, биатлоннан Олимпиадада жеңімпаз атанған азаматтар жоқ. Сондай-ақ хоккейден Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін жерлестерімізді де көрген емеспіз. Еліміз қысқы Олимпия ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Алайда бүгінге дейін Қазақстанның қоржынына небәрі 7 жүлде ғана түскен. Атап айтқанда: 1 алтын, 3 күміс, 3 қола. Жалғыз алтын медальдің өзін алғаш рет қатысқан “Ақ ойындарда” бағымызды сынаған кезде иелендік. Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиадада шаңғышы Владимир Смирнов бас жүлдені қанжығасына байлады. Содан бері Қазақстан құрамасы үшін “алтынның” ауылы алыстап кеткені жасырын емес.

Негізі қысқы спорт түрлері елімізде керемет дамуы тиіс еді. Өздеріңізге мәлім, Алматы қаласы мен елордамыз 2011 жылғы “Азиадаға” ерекше қамданып, еліміздің бас шаһарларының қысқы спортқа арналған инфрақұрылымдық жүйесі жаңартылды. Бүгіндері онда трамплин, мұзайдыны – бәрі-бәрі халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Десе де Олимпиададағы жетістіктеріміз жаңаланар емес. Бұған қоса, Бурабайда трамплин бой көтерді. Өскемен мен Риддерде де қысқы спортпен айналысуға жақсы мүмкіндік жасалды. Ал облысымыздың орталығы Петропавлға келер болсақ, қысы алты айға созылатын өңірде табиғат та бұл спорт түрлеріне жылы қабақ танытып отырғандай көрінеді. Дегенмен “баяғы жартас сол жартас” қалпында қала беруде.

Иә, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы бюджеттен бөлінген қаржыны толыққанды игеріп, осыншама жас спортшымыз республикада топ жарды деп мақтанатын сөздерін жиі естиміз. Одан қалды бұл басқарманың деректері де көңілді бір серпілтеді. Алайда өңірдің жұлдызын Олимпиадада жандырған әлі де бірде бір жан жоқ.

– 2020-2021 жылдары қысқы спорт түрлерінен Ұлттық құрама сапына 46 спортшымыз енді. Бейжінде өтетін олимпиада мен параолимпиадаға қатысу үшін жолдама сарапқа салынғанда, бірнеше атлетіміз халықаралық жарыстарда бақтарын сынайды. Олардың қатарында конькимен жүгіруден Роман Креч пен Иван Аржанников, парабиатлон мен шаңғы жарысынан Александр Герц, Ербол Хамитов пен Сергей Усольцевтер бар, – дейді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз хатшысы Марат Шынтеміров.

Сондай-ақ ауыл спортшылары арасындағы нәтижелер де көңілге медеу боларлықтай. Өткен жылы облыс командасы жасөспірімдер арасындағы ауылдық ойындарда жалпыкомандалық есепте 1-ші орынға ие болды. Еліміздің қысқы спартакиадасында керлинг пен эстафетада күміс медальдарға қол жеткізді. Неге екені белгісіз, бұл спортшылардың жеңістері еселенбей келеді.

Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының мәліметінше, өңірде 2933 спорттық нысан, 12 жабық хоккей қорабы мен 17 шаңғы базасы жұмыс істеп келеді.

– Біздің негізгі базамыз Борки кентінде шоғырланған. Қысы-жазы спортшыларымыз түрлі республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалады. Қысқы спорттың 4 түрі бойынша команда мүшелерін жаттықтырып келеміз. Конькимен жүгіруден 10 атлетіміз бар. Оның 4-уі еліміздің жастар мен жасөспірімдер құрамалары сапында өнер көрсетіп жүр. Барлығы әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақтарын сынап көрді. Инесса Шумекова өткен жылдың желтоқсан айында бойжеткендер арасында Германияда өткен Әлем кубогында 13-ші орынға ие болды. Мария Кузнецова да Нұр-Сұлтан қаласында өткен гимназиада 5 қашықтықта сынға түсіп, чемпион атанды. Өзге спортшылар да республикалық додаларда жүлдегерлер қатарынан көрінді. Шорттректегі сайыстарға 4 спортшыны дайындаудамыз. Барлығы спорт шеберлігіне үміткерлер. Билонмен 9 солтүстікқазақстандық азаматымыз айналысады. Дастан Дельдеш деген тәрбиеленушіміз Ұлттық құрама мүшесі болып табылады. Ал шаңғы спортымен 3 спортшы шұғылдануда, – дейді облыстық олимпиадалық резервті даярлайтын орталықтың жетекшісі Ольга Надобенко.

Есімдері аталған жерлестеріміздің жетістіктері болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ал “неге қазіргі уақытта солтүстікқазақстандықтар халықаралық аренада жүлдегер атанбай келеді?” деген сауалға әзірге ешкім жауап бере алмай келеді. Осы сұрақты Қазбек Байболов атындағы мамандандырылған спорт мектебінің директоры Владимир Щербаковқа да жолдадық.

– Барлығы уақыт еншісінде деп ойлаймын. Себебі бір жылдары талай спортшыларымыз сарықұрлықта топ жарып жүрді. Олардың арасында Роман Креч мен Дмитрий Бабенколар болды. Қазір барша әлем елдерінің қысқы спорт түрлері дамып келеді. Көшке ілесу қиынға соғып отыр. Мәселен, біздің мектебімізге конькимен жүгіру спортымен айналысатын спортшылар үшін арнайы 400 метрлік жабық жаттығу айдыны қажет. Ол, әрине, халықаралық талаптарға сай болуы шарт. Өкінішке қарай, балалар жазда асфальт үстінде, қыста далада дайындалады, – дейді Владимир Щербаков.

Соңғы кездері спорттық нысандар ауылды жерлерде де салынып жатыр. Бұл жағымды жаңалықтың да қысқы спорт түрлерімен айналысатын жастар мен жасөспірімдердің кәсіби дамуына тың серпін беретініне сенейік.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp