Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихинді әріптестері мен таныс-туыстары өрт сөндіру көліктерін жинаушы ретінде де жақсы біледі. Оның ойыншық машиналарды жинаумен әуестенгеніне бес жылдан асқан. Осы аралықта топтамасында өрт сөндіру көліктерінің 90-ға жуық кішірейтілген нұсқасы пайда болды. Коллекцияда жергілікті шебердің қолынан шыққан машиналар да бар.
Азаматтық қорғаныс полковнигі Дмитрий Растихиннің кабинеті бүгінде шағын музей іспеттес. 2016 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында оқып жүрген уақытында өртсөндірушінің көзіне дүкендегі айнытпай жасалған ойыншық оттай басылады. Машиналарды ұлына деп сыйлыққа сатып әкеледі. Кейін “темір тұлпарлардың” қатарына біртіндеп жаңа түрлері – автоцистерналар, автосаты, жедел автомобильдер, арнайы жабдықтары бар машиналар қосыла бастайды.
Өртсөндірушінің айтуынша, коллекциясындағы құнды модельдердің бірі – петропавлдық шебер Юрий Родионов жасаған жылжымалы өрт сөндіру су қоймасының дәл көшірмесі. Мұның әлемде теңдесі жоқ. Өйткені бұл бірегей өрт сөндіру көлігі соңғы уақытқа дейін Қазақстанда жалғыз болды.
“Өрт сөндіру ісі ғасырлар бойы дамып келеді, сондықтан арнайы техниканың көптеген түрі бар. Мәселен, 2000 жылдардың басында өртсөндірушілер “КАМАЗ” базасындағы вакуумды өрт сөндіру автомобилін қайта жасап, оған сыйымдылығы 10 тонна 2 өрт цистернасын және секундына 40 литр су соратын қуатты сорғыны орнатты. Ол кезде мұндай сыйымдылықтағы машиналар болған жоқ. Бұл техника әсіресе көп суды қажет ететін өрт оқиғалары кезінде қолданылады. “Өртсөндірушілер оқиға орнына сусыз келеді” деген бос сөз. Өйткені су бірнеше минут ішінде бітіп, цистернаны қайта толтыру қажет. Ал өрт кезінде әр секунд қымбат. “ППВ – 10” қазір де сапта, өрт сөндіру кезінде қолданылып келеді”, – дейді Дмитрий Растихин.
Өртсөндірушіге коллекциясындағы әр машина қымбат. Оның біреуін интернет арқылы тапсырыс беріп алдырса, енді бірін оның мұндай қызығушылығын білетін достары сыйлаған.
“Менің топтамамда балабақша тәрбиеленушілері 3D принтерімен басып шығарған өртсөндіруші көлігі бар. Біз балабақшалармен жақсы байланыс орнатқанбыз. Мектепке дейінгі мекемелердің балаларымен әңгімелер, викториналар, өртке қарсы ойындар өткізіледі. Шектеулі сериямен шыққан және меншікті реттік нөмірі бар көліктердің модельдері де топтамамда сақталған”, – дейді ол.
Дмитрий Растихин өрт сөндіру саласында 17 жыл еңбек етіп келеді. Ол қарапайым инспектордан облыстық төтенше жағдай департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығына дейін өсті.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.