«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРТСӨНДІРУШІНІҢ ӘЛЕМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихинді әріптестері мен таныс-туыстары өрт сөндіру көліктерін жинаушы ретінде де жақсы біледі. Оның ойыншық машиналарды жинаумен әуестенгеніне бес жылдан асқан. Осы аралықта топтамасында өрт сөндіру көліктерінің 90-ға жуық кішірейтілген нұсқасы пайда болды. Коллекцияда жергілікті шебердің қолынан шыққан машиналар да бар.

Азаматтық қорғаныс полковнигі Дмит­рий Растихиннің кабинеті бүгін­де шағын музей іспеттес. 2016 жылы Ре­сейдің Санкт-Петербург қаласында оқып жүрген уақытында өртсөнді­ру­­ші­нің көзіне дүкендегі айнытпай жасалған ойыншық оттай басылады. Ма­ши­наларды ұлына деп сыйлыққа сатып әке­леді. Кейін “темір тұлпар­лар­дың” қа­тарына біртіндеп жаңа түр­лері – авто­цистерналар, автосаты, же­дел авто­мобиль­дер, арнайы жабдық­тары бар машиналар қосыла бастайды.

Өртсөндірушінің айтуынша, кол­лекциясындағы құнды модельдердің бірі – петропавлдық шебер Юрий Родионов жасаған жылжымалы өрт сөндіру су қой­масының дәл көшірмесі. Мұның әлемде теңдесі жоқ. Өйткені бұл бірегей өрт сөндіру көлігі соңғы уақытқа дейін Қазақстанда жалғыз болды.

“Өрт сөндіру ісі ғасырлар бойы дамып келеді, сондықтан арнайы техниканың көптеген түрі бар. Мәселен, 2000 жылдардың басында өртсөн­дірушілер “КАМАЗ” базасындағы вакуумды өрт сөндіру автомобилін қайта жасап, оған сыйымдылығы 10 тон­на 2 өрт цистернасын және секундына 40 литр су соратын қуатты сорғыны орнатты. Ол кезде мұндай сыйымдылықтағы машиналар болған жоқ. Бұл техника әсіресе көп суды қажет ететін өрт оқи­ғалары кезінде қолданылады. “Өртсөндірушілер оқи­ға орнына сусыз ке­леді” деген бос сөз. Өйткені су бірнеше минут ішінде бітіп, цистернаны қайта толтыру қа­жет. Ал өрт кезінде әр секунд қымбат. “ППВ – 10” қазір де сапта, өрт сөндіру кезінде қолданылып келеді”, – дейді Дмитрий Растихин.

Өртсөндірушіге коллекциясындағы әр машина қымбат. Оның біреуін ин­тернет арқылы тапсырыс беріп алдырса, енді бірін оның мұндай қызы­ғушы­лығын білетін достары сыйлаған.

“Менің топтамамда балабақша тәр­биеленушілері 3D принтерімен басып шығарған өртсөндіруші көлігі бар. Біз ба­л­абақшалармен жақсы байланыс орнатқанбыз. Мектепке дейінгі меке­мелердің балаларымен әңгімелер, викториналар, өртке қарсы ойындар өт­кізіледі. Шектеулі сериямен шыққан және меншікті реттік нөмірі бар кө­ліктердің модельдері де топтамамда сақталған”, – дейді ол.

Дмитрий Растихин өрт сөндіру са­ласында 17 жыл еңбек етіп келеді. Ол қарапайым инспектордан облыстық тө­тенше жағдай департаментінің мем­лекеттік өрт бақылау басқармасының бастығына дейін өсті.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp