Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында қоғам тыныштығын күзетіп, тәртіпті сақтау жолында еңбек етіп жүрген полицейлерге қатысты біраз мәселеге тоқталды. Оның бірі – сала мамандарының жалақысын көтеру.
Бұған дейін полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мақсатында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысына озық әдістерді пайдаланудың маңыздылығын атап өткен болатын. “Полиция қадамдық қолжетімділікте” қағидатын енгізу арқылы оның модульдік бекеттері желісін дамыту, полицияның жаңа учаскелік пункттерінің орналасуын оңтайландыру, бейнебақылау жүйесін көбейту жүзеге асырыла бастады. Қазіргі уақытта бұл бағытта өте белсенді жұмыс жүргізілуде. Десе де Президент осы тұрғыда жұмысты ширатып қана қоймай, тәртіп сақшыларының құқықтық қауіпсіздігін күшейту қажеттігіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жаңа Үкімет басшысына күштік құрылымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде тиісті тапсырмалар жүктеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде облыстық полиция департаментінің автопаркі 100-ден астам қызметтік көлікпен толықты. Нәтижесінде жол сақшылары, ауылдағы учаскелік полиция қызметкерлері оқиға орындарына жедел жетіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр. Бұған қоса, бір орталықтан басқарылатын бейнебақылау жүйесі қалыптасты. Бүгіндері өңірде 1614, Петропавлда 410 бейнебақылау қондырғысы орнатылды. Олардың көмегімен 25 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды.
Президенттің жаңа Қазақстанды құру бағытындағы тапсырмалары мен міндеттерінің орындалуына, ел тыныштығын сақтауға әрбіріміз жауаптымыз. Бұл ретте алда бізде үлкен жұмыс күтіп тұр.
Айдос ІДІРІСОВ,
облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі.