«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТЕРІ ЕРЕН ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан 40 жыл бұрынғы оқиға ұмы­тылар емес, әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр. Облыстық партия ко­митеті суы тартылып қалған көлдерді қалпына келтіру жолдарын іздестіре келіп, Иман-Бұрлық суару-суландыру жүйесі құрылысын тездетіп бастау жөнінде шешім қабылдады. Суы те­ле­гей-теңіз Кіші және Үлкен Тораңғұл көлдері құрғақшылық, қуаңшылық жыл­дары тайызданып, бірқатар су ай­дындары батпаққа айналатын. Аш­тық кезінде мыңдаған солтүстікқазақ­стандық осы көлдерден балық аулап, жан сақтағанын үлкендер айтып оты­ратын.

 Соғыс уақытында әскери за­уыттардың жұмысшы-қызметкерлерін тамақпен қамтамасыз ету мақ­сатымен балық артельдері ұйымдас­тырылған. Сондықтан стратегиялық маңызы өте зор жобаны жүзеге асыру міндеті топтық су құбырларын салу және тарату жұмыстарымен айналы­сатын “Союзцелинвод” тресіне жүк­тел­ді. Оның басқарушысы өте тәжі­рибелі маман, ел-жұртқа беделді, абы­ройлы Қаттай Кеншінбаев еді. Трест мамандарынан құрылған топ жергілікті жердің жағдайын зерттей оты­рып, проблеманы шешудің жол­да­рын ұсынды. Экспедициялық де­ректер негізінде КСРО Министрлер Кеңесінің, Су шаруашылығы ми­нистрлігінің келісімімен “Казгипро­вод­хоз” институты 1976-1980 жыл­дар­ға арналған Иман-Бұрлық аймағын суландыру-суару жүйесінің тех­никалық жобасын әзірледі. Жобаны пысықтау кезінде Иман-Бұрлық, Пит­ное көлдерін ғана емес, сонымен қа­тар Қамысты, Қарасу, Бозарал секілді кеуіп қалған өзендердің арналарын қалпына келтіру жоспарланды. Су­ландыру жүйесінің жалпы аумағы оң­түстіктен солтүстік-шығысқа қарай со­зылып, бес ауданды қамтыды. Тір­шілік белгісі байқалмайтын 11 көлді сумен толтыру белгіленді. Иман-Бұрлық өзенінде, Шал ақын ауданында бөгет салу, ұзындығы 60 шақырым болатын канал қазу, оны Қамысты өзенімен қосу белгіленді. Шамасы Қамысты өзенінің Үлкен Торанғұлға құятыны, Питное көліне дейінгі тоғыз су қоймасын өзара жалғастыратыны ескерілсе керек.

Плотина салу 1980 жылы баста­лып, жұмыс қызу қарқынмен жүрді. Алайда жиналған су көлдерді толтыруға жеткілікті болғанымен, 1981 жылдың көктемінде өзеннің қатты тасқыны салдарынан бөгенді су шайып кетті. Осыған орай жоспар күрт өзгеріп, Сергеев су қоймасының жа­ғасында, Социал ауылына жақын жерде уақытша сорғы станциясын салу және ағынды су құбыры арқылы ка­нал арнасына су беру туралы ше­шім қабылданды. Бөлім бастығы Н.Ларкин жетекшілік еткен жобалау­шы­лар тобы уақытша сорғы станция­сын тұрғызудың жобалық құжаттама­сын дайындады. Үш сорғы агрегат, бо­лат су тартқышы бар қосалқы стан­циялар орнатылатын болды. Канал “Заря” кеңшарының 1-ші бөлімшесі ма­ңынан басталып, “ВЛКСМ-ның 50-жылдығы”, “Еңбек”, сондай-ақ сол кездегі Мәскеу ауданының “Пушкин” кеңшарларының аумағынан өтті. Ка­нал­дың ұзындығы 60 шақырымға со­зылып, Қамысты өзенінің сағасына дейін жетті. Ол – қазіргі “Пушкин” кең­шарының бұрынғы бөлімшесі Денежное ауылының жаны.

Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 1981 жылы Сергеевка құрылыс-пайдалану басқармасы құрылып, бес ауданға су тарату желілерін жеткізу белгіленді. Облыстық атқару комите­ті­нің шешімімен, Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне қарас­ты “Союзсельхозвод” жабдықтау бас басқармасының келісімімен Сергеев­ка құрылыс-пайдалану басқармасы және аудан орталығында орналасқан №1 жылжымалы механикаланды­рыл­ған колонна “Союзцелинвод” тре­сі­нің қарамағына берілді. Жалпы бас­шылыққа трестің бас инженері Э.Ре­мих тағайындалды. Мен Сергеевка құрылыс-пайдалану басқармасының бас инженері ретінде көпірлер мен өткелдердің құрылысына жауапты болдым. Құрылыс учаскесінің басты­ғы болып Г.Синерук бекітілді. Құры­лыс жұмыстарына трестің барлық бө­лімшелері мен механикаландырыл­ған жасақ, 40-тан астам эксковатор, бульдозер, драглайн жұмылдырыл­ды. Қаттай Бектасұлы апта сайын құ­рылыс нысандарын аралап, жағдай­мен жіті танысып, проблемаларды қол­ма-қол шешіп отырды. Оның әр сапары ұжымды қатты жігерлендірді. Бас механик Л.Пенчуков, энергетика бөлімінің бастығы Н.Вологодский, ма­мандар А.Ахметов, А.Люлько, В.Ми­хайленко, Б.Потапенко, жобалау то­бы­ның жетекшісі Н.Ларкин, геодезист В.Терехов, тағы басқаларының жан­қиярлық еңбегін ерекше ризашылық­пен атай кеткім келеді. Қарасу өзені­нің сағасын тазарту және тереңдету­мен бас инженер И.Лугин, топтық су құбырлары басқармаларының бас­шы­лары К.Калитов, Е.Әлжанов айна­лысты. 1984 жылы қараша айында барлық жұмыс толығымен аяқталып, ка­нал арнасына су жіберілді. Кіші және Үлкен Тораңғұл көлдері толып, Есіл, Аққайың аудандарының аумағы арқылы Мағжан Жұмабаев ауданын­дағы Питное көліне дейін жетті. Бір­неше көпір тұрғызылды. 11 көл бұ­рынғы қалпына келтіріліп, жағала­рында мал фермалары салынды. Өріс төрт түлік малға толды.

Республикада 1990 жылға дейінгі кезеңге арналған азық-түлік бағдар­ла­масы қабылданып, ол үшін жем­шөп базасын ұлғайту міндеті қойыл­ғаны белгілі. Облыста ірі қара мал басының күрт өсуіне байланысты жемазық тапшылығы қатты сезілді. Иман-Бұрлық суландыру жүйесінен Сергеев ауданының “Еңбек”, “Заря”, “ВЛКСМ-ның 50 жылдығы”, Мәскеу ауданының “Пушкин”, “Тораңғұл” кең­шарлары үшін суармалы учаскелер құрылысын тездету туралы шешім қа­былданды. Бұл бағдарламаны орын­дауға Социалистік Еңбек Ері, Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Есім Шайкин баға жетпес үлес қосты. Волжанка суару қондыр­ғылары Иман-Бұрлық сорғы станция­ларының қысымды су өткізгішіне жал­ғанды. Екі жылдың ішінде суармалы учаскенің көлемі 1200 гектарға жетті. “Заря” кеңшарының директоры Н.Юрковтың, №2 бөлімшенің басқа­ру­шысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің де­путаты, Ленин комсомолы сыйлығы­ның лауреаты Е.Қантаевтың, КОКП ХХYІ сьезінің делегаты, бригадир К.Ах­метовтің де сіңірген еңбегі зор.

Қазақстанда алғашқылардың бірі болып “Союзцелинвод” тресінің ұжы­мы “Кубань-М” суару қондырғыларын монтаждауды бастады. Бұл жұмысқа Сергеевка инженерлік-техникалық қызметкерлері (бастықтың орынба­сары Ж.Коспанов, бас энергетик В.Костюшкин, суару учаскесінің бас­тығы Б. Сазонов, механик В.И.Лозорский, геодезист Е.Нұрақаев) белсене аралсты.

“Союзцелинвод” тресіне қарасты темір-бетон бұйымдары зауытының жұмысшылары темір-бетон науала­рын шығаруды қолға алды. Үш жыл­дың ішінде 5000 гектар суармалы жер игерілді. Кеңшарлардың агроном­дары топыраққа тыңайтқыштар енгі­зіп, шөптің жаңа сорттарын аудандас­тырды. “Еңбек” кеңшары жыл сайын суармалы жерде өсірілген картоп пен көкөністен жоғары өнім алып отырды. “ВЛКСМ-ның 50 жылдығы”, “Заря” кең­шарларының бас агрономдары А.Бал­табаев, А.Пашковский бау-бақ­ша өсіріп, өзгелерге үлгі көрсетті. “Союзцелинвод” тресінің басшылығы каналды және суару жүйесін тиімді пайдалану үшін қажетті техникалар­мен толық қамтамасыз етті.

Суландыру жүйесі ауыл шаруашы­лығы тауар өндірушілеріне орасан табыс әкелді. “Әттеген-айы” сол, Ке­ңес одағы ыдырағаннан кейін жақсы бастама аяқсыз қалды. Суландыру құрылысы мен пайдалануында жұ­мыс істеген адамдардың адал да жан­қиярлық еңбектері атап өтуге әбден тұрарлық.

Мұрат ЖАНТІЛЕУОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp