Дарынды әнші, ақын, сазгер, күйші, домбырашы Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай өзенінің маңында Ақбақай деген жерде 1841 жылы дүниеге келген. Әкесі Мералының тұрмыс жайы жақсы болған. Кезінде ел басқару ісіне де араласты. Мералы Мұхитты өзі сияқты ел басқарып, шаруашылықпен айналысады деп ойлаған. Бірақ Мұхит жастайынан шаруаға орашолақ болады. Керісінше, ән-күйге құмартып өсті. Өткен-кеткен әнші, жыршы, домбырашыны көрсе, басқа дүниеге зер салмады. Балалық шақтан ауып, жігіттік кезеңге қадам басқан тұста Мералының көзіне Мұхит жат мінезді болып көрінгенімен, айналаға сүйкімді, жиын-тойдың көркі болды. Жасы жиырмаға жеткенде әкесі оны үйлендіріп, енші беріп отау қылып шығарады. Оған да “байланбай”, ел аралай береді. Жасы жиырма беске келгенде сол кездегі Орал, Торғай, Қостанай облыстарына оның айтқан әні, тартқан домбырасы белгілі болып, “Сал Мұхит” атанып кетті. “Салайын, сал Мұхиттың “Айдайына” деп басталатын ән осы айтқан жайдың айғағы. Алты ағайынды Мұхиттың бауырлары да ән-күйге құмар болды. Мералыдан Паңгерей, Шаңгерей, Мұхамбеткерей (Мұхит), Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп есімді алты ұл және Саржан, Дәржан деген екі қыз туған. Мұхиттың арғы атасы ақсүйек Қаратайдан тарайды. Қаратайдан – Еркін, Еркіннен – Мералы.
Қазақстанның батысында көп орындалатын “Паңкөйлек”, “Гурьев”, “Төрт пішен”, сол сияқты тағы басқа әндерді Мұхит басқалардан артық айтып, құбылтып, құйқылжытып шырқады. Ол жәрмеңке, халық топталып жиналатын жерлерді аралап өз өнерін халыққа паш етсе, екінші жағынан маржан іздеушідей өз ән қорын толықтыра түсті.
Мұхит халық әндерін айтумен бірге өз жанынан әндер шығарды. Алғашқы әндерінің бірі “Алуаш”, “Бала Ораз”, “Жылқышын” – бұл ән “Бала Ораз” немесе “Үлкен Айдай” да болып орындалып келеді. Музыка маманы өнер ғылымының кандидаты Қайролла Жүзбасовтың зерттеуі бойынша, Мұхит әндерінің жалпы саны 56 екен. А.Затаевич Мұхиттың 26 әнін нотаға түсірген. Осы әндердің ішінен “Зәуреш” әніне тоқталуды жөн көрдім.
Ел арасында Медет хан жөнінде аңыз тарайды. Аңызда Медет ханның үш әйелінен отыз ұл, бір қыз болады. Елге тараған ауру-апаттың салдарынан Медет ханның бір жылда 30 ұлы қайтып, жалғыз қызы қалады. Хан жолаушылап кетіп, қайта оралса, Зәуре де бақилық болыпты. Медет қайғыдан қан жұтып, моланы құшақтап, күңіренеді. Домбырасын алып, ән шығарады. Әннің аты халық арасында “Зәуреш” болып тарайды. Қазір әннің сөзі үш шумақ болып айтылып жүр. Бұрын 14 шумақ болған. Ән тыңдаушыны еріксіз егілдіріп, сай-сүйегіңді сырқыратады. “Зәуреш” адам жанының трагедиясын ән арқылы суреттеген өз алдына дара бір реквиум тәрізді. Мұхит әндерін жете зерттеген А.Затаевич “Бұл Мұхитқа ғана тән қолтаңба”, – деп өте әділ баға берген.
1948-1949 оқу жылдарында Баян ауылының жастары мен мектеп мұғалімдерінің 8 наурызға арналған мерекелік концерті өтті. Кеш бастауыш мектептің үлкен бөлмесінде болды. Концертті Күлжан Сағындыққызы жүргізіп, Мұхиттың “Зәуреш” атты әнін Кенбай Асылтаев орындайтынын айтты. Ортаға шыққан орта бойлы, дөңгелек жүзді жас жігіт көпшілікке бас иіп, амандасқан ізетін көрсетті. Қолында жібек ақ орамалы бар, құлаққа жағымды тенор даусымен өлеңнің төртінші жолына келгенде “Иіскеп, бір сүйейін деген едім”, – деп әндетіп айтқанда күңіреніп, кемсеңдеп, Кенбай ағам көзінен жас алғандай болып, орамалмен қос жанарын кезек-кезек сүрткенде Медет шалдың образын елестетті. Онымен бірге кемпір-шалдардың уһілеп жылағандары есімде қалды. Бұл Мұхит әнінің құдыреті болса керек.
Мұхит әншілігімен қоса домбырашы болған. Оның бір күйі нотада А.Затаевичтің жинағында бар. Көптеген халық композиторларының ішінде өзінің ән мұрасын түгелдей кейінгіге қалдырып кеткен Мұхит – бақытты адам. Мұхиттың балалары мен немерелері де музыкаға аса қабілетті болды. Мұхит әндерін балалары Мұхамбетжан, Нәу, немерелері Шайхы, Лұқбан, Ғұбайдоллалар жеткізген еді.
Қаратайдың Тілеуінен тараған Шыңғыс Қаратаев Мұхиттың жанында көп жыл жүріп оның әндерінің негізін алып қалды және сол әндердің шығу тегін білетін. Мұхит әндерінің негізі Лұқбаннан жазылып алынды. 1933-1934 жылдары ол республикалық радиодан көп ән айтты.
Қазақ радиосы арқылы Мұхит әндерін насихаттауға көп еңбек сіңірген әнші – Тәмпи Ибрагимова. Тәмпи Мұхиттың көп әндерін нотаға түсірді. Мұхит әндерін осы күнге дейін бабына келтіріп орындаған Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев. Ғарифолла Құрманғалиев туралы радио арқылы бір сөйлеген сөзінде Хамит Ерғалиев “Ғарифолла – Мұхит мектебінің медресесі”, – деген еді. Мұхиттың шөбересі болып келетін оның ән-күйлерін насихаттаушы, домбырашы Қазақ мемлекеттік консерваториясының ұстазы Құбыш Мұхитовты айтуға болады. Ол – КСРО жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, профессор.
Отызыншы жылдардың басында Алматыға келіп, көп жыл Құрманғазы оркестрінде домбырашы болып, концерттерде үнемі жеке ән орындаған Нағима Әбілова да Мұхит әндерін насихаттауға айтарлықтай үлес қосты. Бүгінде Мұхит әндерін Қатимолла Бердіғалиев, Ырысты Сүлейменова, Қайрат Кәкімов, Ажар Сейтенова мен тағы басқа әншілер орындап жүр.
Мұхит әулеті жүз жылдан астам уақыт өнерге қызмет етті. Олардың бірқатары бүгінге дейін Алматы консерваториясында ұстаздық қызметте. Еуропаның Бах әулеті сияқты Мұхиттың мұрагерлері атасының мұрасын алтындай сақтап келеді.
Мұхит Мералыұлы – бойындағы бар дарынын, биік өнерін халқының игілігіне жұмсаған асқақ әнші, жалынды суреткер. 1918 жылы 77 жасында дүниеден өтті. А.Затаевич мұхит өнеріне аса жоғары баға беріп, оны “Оралдың Баяны” деп атады. Күй алыбы Құрманғазы қос ішекті домбырада замана тауқыметінің сарынын сазды күймен қалай толғаса, Мұхит өз заманын әсем әнмен толғауда сол деңгейге көтерілді.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.