1993 жылы өндірістік-сауда компаниясы ретінде құрылған “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Қазақстан нарығында жетекші орын алатын, ірі филиалдық желілері, инфрақұрылымы әлеуетті, көпбейінді фирмалардың бірі. Ол облыстағы халық тұтынатын тауарлардың бірегей өндірушісі және дистрибьюторы болып табылады. Азық-түлік өнімдерін, пластмассадан және металдан жасалған бұйымдарды, тұрмыстық химия, гигиена заттарын шығаруға маманданған. Өнім мен тауар ассортименті өте кең, жарты мыңға жуық түрлері, мәселен, жүгері таяқшалары, тез дайындалатын кеспе тағамдары да бар. “Сапа менеджменті” жүйесі енгізілген. Өндіріс орны процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесімен, заманауи технологиялармен жабдықталған. Қазақстанның барлық ірі қалаларында өкілдіктері ашылған.
Негізгі басымдық — экологиялық өндіріс
Серіктестіктің жаңалыққа жаны құмар басшылығы қол жеткенге тоқмейілсіп қалмай тағы бір озық жобаны жүзеге асыруға құлшына кірісіп кетті. Ол – қағаз өнімдерін шығаратын фабрика. Біз алдымен, Я. Гашек көшесі бойында орналасқан нысанның қазіргі жай-күйімен танысып қайттық. Петропавл индустриальды аймағын кешенді зәулім құрылыстар алаңы деуге болады. Фанера фабрикасы мен көкөніс өсіретін жылыжай бір-бірімен қоңсы қонған. Енді осы жерде көп жылдар бойы иесіз тұрған темір-бетон бұйымдар зауытына тіршілік қаны жүгіріпті, қыж-қыж қайнаған қызу еңбек ортасына тап келдік. Бас мердігер – “Сион Норд” ЖШС-ы, учаске жетекшісі Иван Маслаускастың сөзіне қарағанда, ат шаптырым ғимаратқа жаңадан сэндвич қабырғалар қойылып, төбелері қымталып, едендері құйылып, ішкі монтаждау жұмыстары басталып кеткен. Қазір мұнда 50-ге жуық адам еңбек етуде. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде тұрғызылатын тың жобаның құны – 1,7 млрд. теңге. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы жеңілдікті несие рәсімделіпті. Бастапқыда санитарлық-гигиеналық мақсатта пайдаланылатын қағаздар мен пакеттер ғана шығару жоспарланса, кейін түзетулер енгізіліп, “А4” үлгісіндегі кеңсе қағазы өндірісін жолға қоюға да шешім қабылданыпты.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов былтыр елордадағы орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз конференциясында 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде өнеркәсіп саласында 10 жаңа кәсіпорын пайда болатынын, экологиялық өндіріске басымдық берілетінін айта келіп, инвесторлар сабаннан және макулатура қалдықтарынан қағаз шығаратын зауыттар салуды жоспарлап отырғанын жеткізген еді. “Әлем полиэтиленнен біртіндеп бас тартып, табиғатқа зиян келтірмейтін экологиялық таза құрағыштардан қағаз өндіруге жаппай көшіп жатыр. Біз де осы жолды таңдап алдық. Петропавлда қағаз шығаратын фабриканың құрылысы басталды. Жылына 5 мың тонна өнім береді. Статистика бойынша 2000 жылы 8,3 мың тонна қағаз өнімдерін импорттаппыз. Жаңа жоба импортқа тәуекелділікті азайтады”, – деген еді Құмар Іргебайұлы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға, оның үлесін өсіруге айрықша назар аударды. “Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрлерінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді”, – деген болатын Мемлекет басшысы. “Қағаз” бизнесі жайлы да осылай айтуға тура келеді. Еліміздегі қағаз бен қағаз өнімдері өндірісінің басым бөлігін картон-қағаз өнеркәсібі құрайды. Былтыр қағаз өндіру көлемі 30 млрд. теңгені құраған. Қазақстан орманға бай емес. Сондықтан заман үрдісіне орай қайта өңделген қағаз бен картондық макулатураны шикізат ретінде қолданудың озық тәжірибесі зерттеліп, тиімді тұстары таңдап алынған. Мемлекеттік бағдарлама аясында қатталған картон, дәретхана қағазы мен қағаз қапшық шығаратын жобалар түзілсе, олардың қатарына өңірден “Радуга” ЖШС-ы да қосылып отыр. Компанияның директоры Дмитрий Шарапаев бізге болашақ өндіріс орнының тәулігіне 15 тоннаға дейін дайын өнім шығару мүмкіндігі барын айтты. Жылдық қуаттылығы – 5 мың тонна. “Зауыт іске қосылысымен дәретхана қағазы, майлық пен түрлі салфеткалар, сондай-ақ “А-4” форматындағы кеңсе қағаздарын өндіруге бірден кірісеміз. Іргелі өндіріс ошағы биыл күзге таман пайдалануға беріледі. Көктемге салым Қытайдан заманауи қондырғылар әкеліп, орнатылады”, – деді серіктестік басшысы.
Кәсіпорын басшысы біздің “Қазақстанда қарқынды дами қоймаған саланы таңдап алуларыңызға не себеп?” – деген сұрағымызға былай деп жауап берді: “Ағаш тапшылығынан еліміздегі қағаз-целлюлоза өнеркәсібі шикізат проблемасына кезігуде. Соған қарамастан жоғары сұрыпты түрі болмаса да, тұрмысқа қажетті түрлері шығарылады. Жаңашылдық дегеннен туады, 2025 жылдан бастап Қазақстанда полиэтилен пакеттерін сатудан толық бас тарту белгіленген. 2019 жылдан бастап қоқыс қалдықтарын, оның ішінде макулатураны полигондарда сақтауға тыйым салынған. Полиэтилен пакеттерін экологиялық таза қағаз пакеттерге ауыстыру мәселесі әлемдік деңгейде өте өткір тұр. Бұл қадамдар қағаз өнеркәсібінің дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Макулатураны шетелге сатуға да шектеу қойылмақ. Өйткені шикізат жергілікті, алдымен, қағаз қалдықтарын өңдейтін кәсіпорындарға қажет. Бұл – бірден-бір дұрыс шешім. Өйткені біздің макулатураны Ресей арзанға алады да, ішкі нарықта тапшылық қатты сезіледі. Өзімізді қамтамасыз ете алмай отырғанда сыртқа шығарудың өзі қисынсыз. Ең бастысы – шикізат пен бәсекеге қабілеттілік. Көп жылғы тәжірибемізді ескере отырып, бұл салада бағымызды сынап көруді ұйғардық. Болашақта қағаз шығаратын өнеркәсіп кластеріне айналып жатсақ, өндіріс көлемін арттыра түсетін боламыз. “Көз – қорқақ, қол – батыр” демей ме? Елімізде қағаз қалдықтарының 55 мың тоннасын ғана отандық кәсіпкерлер игереді екен. Осыншама зор ресурс қоры облыста да мол. Қағаз өндірушілер теріскейде жоқтың қасы, сондықтан біздің бастамамызды тиісті орындар қуана қолдады”. Ол қоқыс жинауда, оны сұрыптауда іркілістер орын алуы ықтималдығын жасырмады. Осы себепті қазірдің өзінде шикізат қорын еселей түсудің бірқатар бағыттары белгіленген. Негізгі өнім ретінде жергілікті макулатура пайдаланылмақ. Қағаз қалдықтарын қайта өңдеу бойынша ішкі нарықтағы тапшылықты жоюдың бір жолы ретінде балаларды қоқыс тастау мәдениетіне балабақшадан, мектептен үйретуді ұсынды. Адамдардың қоқысты аралас жинап, бірден жәшікке лақтыра салатынына қынжылыс білдірді.
Бас мердігер – “Сион-Норд” ЖШС-ның директоры Денис Бернат комбинат бес мың шаршы метр аумақты алып жатқанын, бүгінде тиісті жұмыстардың үштен бірі атқарылғанын, екі өндірістік желі іске қосылатынын, бірінде кеңсе қағаздарын кесетін станоктар және дайын өнімдерді қаттайтын жабдықтар қойылатынын, дайын өнімдердің бір бөлігі экспортталатынын, “Радуга” ЖШС-ның техникалық мәселелер жөніндегі директоры Андрей Титов серіктестік бойынша макулатура жинайтын орындар құрылатынын, шикізатты өзгелерден сатып алатындарын жеткізді.
Қоқыс жинаудың да мәдениеті бар
Бүгінде Қазақстан полигондарында 40 млрд. тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жинақталған. Бұған жыл сайын 5 млн. тонна қоқыс қосылып отырады екен. Бұлардан өңделетіні – 15 пайыз ғана. Қарап отырсақ, қалдық көп, олай болса, елімізде қоқыс жинап, сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың шикізат тапшы деп дабыл қағуы қалай? Шыны керек, бұл компаниялардың қағаз, картон секілді заттарды қайта өңдеуге мүмкіндігі жеткілікті. Бірақ жоғары бағамен қабылдайтындықтан, шетелдерге саудалағанды әлдеқайда тәуір көреді. Бұл пікірлерді Дмитрий Шарапаев ұшқары, негізсіз деп санайды. “Бүгінде республика аумағына да, сыртқа да тасымалдау логистикалық жағынан тиімсіз. Керісінше, өнімдерін біз сияқты ірі компанияларға өткізсе, еш ұтылмайды. “Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” деген мақал дұрыс айтылған. Құжаттар рәсімдеп әуре-сарсаңға түспейді. Қолма-қол есеп айырысуға да болады. Жұмсалатын шығын да аз. Қазіргі уақытта қайталама шикізатты жинауда “хабтар” құру маңызды. Біз осы бағытта да жұмыс істейтін боламыз. Сонымен бірге инфрақұрылымы жоқ жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желілерін орнатамыз”, – дейді тәжірибелі басшы алдағы іс-қимыл жоспарларымен таныстырып.
Білімін мұхиттың арғы жағалауында жетілдіріп, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша біраз іс-тәжірибесі бар Қайыржан Айсин “Вторсырье” ЖШС-на жетекшілік етеді.
– Ұзақ жылдарға белгіленген озық жобада барлық жайттар, оның ішінде шикізаттың жеткіліктілігі жан-жақты ойластырылғаны күмәнсіз. Дамыған елдер қатты тұрмыстық қалдықты біз сияқты “қоқыс” деп емес, “байлық” деп санайды. Мәселен, Швейцарияда қоқыс полигоны жоқ. Мұнда қалдықтардың 90 пайызы өңделеді. Германияда ҚТҚ-дың 68-70 пайызы кәдеге жаратылып, 50 млрд. еуроға дейін кіріс алады. Біздің кәсіпорында бір айда 100 тонна шыны, 20 тонна картон, 10 тонна қағаз, 15 тонна пластик өңделеді. Шикізаттың басым бөлігі еліміздің зауыттарына жөнелтіледі. Сұраныс болып жатса, комбинатпен ынтымақтастыққа әзірміз. Жалпы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу – өте күрделі өндіріс. Өкінішке қарай, елімізде қағаз қоқыстарды бөлектеп жинау үрдісі дұрыс жолға қойылмай келеді. Мекеме, үйлер жанында қойылған контейнерлерге сұрыпталмаған күйі тастай салады. Бұл кәсіпорындарға қосымша қолбайлау туғызып, қайта тазалауға мәжбүр етеді. Сондықтан экологиялық мәдениетті үйренбейінше, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас қалыптастырмайынша проблема түбегейлі шешіледі деу қиын. Шетелдерде тұрғындар қоқысты бөлектеп жинауды әдетке айналдырған. Екіншіден, тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын мекемелердің саны жеткіліксіз. Облыста олардың саны – 21 ғана. Кәсіпкерлер тарапынан белсенділік байқалмайтыны, бұл жұмыстың машақаты жетіп артылады. Бәрінен бұрын тұрғындар әлі күнге дейін пластик, қаптама пленкалар, құтыларды бөлек контейнерлерге тастауға енжар, ерінеді, – деді ол.
Экология департаменті мамандарының пікірлері де осыған саяды. Олардың ойларынша, комбинатта шикізат жетімсіздігі орын алмайды. “Еліміздегі заңнамаларға, оның ішінде Экологиялық кодекске қалдықтарды бөлектеп жинау мен оларды өңдеуге қатысты бірқатар түзетулер енгізілгені мәлім. Мысалы, тұрмыстық полигондарға қоқыстың 12 түрін тастауға рұқсат етілмесе, 2019 жылдан бастап тағы үш түріне – пластик, макулатура және шыныға тыйым салынды. 2021 жылдан бастап бұл тізімге құрылыс материалдары мен азық-түлік қалдықтары енгізілді. Бұл шаралар өңірде қағаз қалдықтарын өңдеу көрсеткіштерін көбейтіп, қоқыстарды сұрыптау ісін жетілдіре түсері сөзсіз”, – дейді ведомство өкілдері.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жергілікті жерлерде қоқысты сұрыптаумен шұғылданатын кәсіпорындардың санын көбейтуге ерекше ден қоюы құптарлық. Бүгінде елімізде 200-ден астам ҚТҚ-ды өңдейтін мекеме болса, олардың оннан бірі біздің облыста жұмыс істейді. 2017 жылы қатты өңделген және кәдеге жаратылған ҚТҚ-тың үлесі бар-жоғы 3,59 пайыз болса, былтыр 14 пайызды құраған. Бөлектеп жинайтын 755 контейнер орнатылған. 2030 жылға дейін олардың саны 40 пайызға дейін ұлғаймақ. Дегенмен рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастайтын орындар әлі де көп, олардың саны – 581.
Пікір қайшылығы дегеннен шығады, кей кәсіпкерлер бизнес үшін қоқыс өңдеу мен сұрыптайтын кәсіпорындар ашу тиімсіз деген ұстанымын алға тартады. Қоқыстарды жинау мен полигондарға тасымалдау жүйесі болмағандықтан, елді мекендерде жаппай өртеу көріністері тән. Оларды шығаруға, арнайы жерлерге жеткізуге қаржы тапшылығы қолбайлау. Әйтпесе, тау-тау болып үйіліп жатқан қағаз қалдықтарын дайын өнімге айналдыруға әркім-ақ ниетті. Екіншіден, тасымалдау тарифінің төмендігі де жақсы іске тежеу болып отырған сияқты. Сондықтан бұл сала Үкімет қолдауына зәру. Полигондар мемлекеттікі, кәсіпорындар кәсіпкерлердікі болғандықтан, кейбір түсінбеушіліктер орын алып жататыны жасырын емес. Еліміздегі ҚТҚ өңдеумен айналысатын ұйымдар соңғы жылдары 4 млн. тоннаға жуық қоқыс жинап, олардың 17 пайызы ғана сұрыптауға жарамды болып шыққан. Демек, полигондарға жеткізілген барлық қоқыстың 4 пайызы ғана шикізат ретінде пайдаланылған. Мұның бір ұшығы озық технологиялардың кеңінен қолданылмауына да келіп тіреледі.
– Бір көңіл жұбанатыны, өңірде жылына 70 мың тонна қоқыс сұрыптайтын кешен салу жоспарланған. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысын жүргізуге конкурс жарияланып, бір гектар жер бөлініп отыр. Ғимараты бар өндірістік кешен Қызылжар ауданы Шаховское ауылы маңында “Қызылжар тазалық” ЖШС-ның қатты тұрмыстық заттар полигоны аумағында салынады. Қоқысты сұрыптау-өңдейтін инфрақұрылымдық екі желі орнатылады. Жоба өңір экологиясын жақсартумен бірге комбинатты шикізатпен қамтамасыз етуге де зор мүмкіндіктер бермек. Тығырықтан шығудың жолдары аз емес, оның бірі – қоқыс орындарын қалпына келтіріп, қайта жаратуға бейімдеу”, – дейді А. Титов.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.