«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛ” АЙМАҚТАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылғы 15 қаңтардан бастап облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Коронавирус инфекциясының кең таралуына байланысты өңірдің кей мектептері қашықтан оқыту форматына көшірілді.

Жаңа қаулыға сәйкес үшінші тоқсанда Петропавлдың және аудан орталықтарының, ауылдардың 600-ге жуық оқушысы бар мектептері штаттық режімде жұмысқа кіріседі. Оқушы саны одан жоғары болған жағдайда қашықтан оқыту форматына көшеді. Ал қашықтан оқыту форматына көшкен мектептерде әкімшіліктің шешімі бойынша 1-2 сыныптар қалыпты режімде, ал 3-5 сыныптарда кезекші сыныптар болуы мүмкін.

Петропавл қаласында оқушы саны 600-ден асатын 22 мектеп бар. Бұл мектептерде 1-5 сынып оқушылары штаттық режімде білім алады. Сондай-ақ облыстағы 450 мектептің 53295 оқушысы 17 қаңтардан бастап дәстүрлі форматта білімдерін жалғастырды.

“Петропавл қаласында 1-5 сыныптың 12 мыңға жуық оқушысы дәстүрлі форматта оқып жатыр. Ал 6-11 сыныптардың 9 мыңға жуық оқушысы қашықтан оқуға ауыстырылды. Назарбаев зияткерлік мектебі де толық онлайн оқуға көшірілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларын мектептер қажетті компьютерлік техникамен қамтиды. Қазіргі уақытта 420 компьютер уақытша қолдануға берілді. Әлі 1,5 мың техниканы үлестіруді жоспарлап отырмыз”, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.

Мектептер “бір сынып – бір кабинет” қағидатымен оқытады. Бұдан бөлек, дезинфекция жасауға 75 млн. теңгенің керек-жарағы алынды.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелері дәстүрлі форматта жұмысын жалғастырады. Мектептен тыс білім беру ұйымдарында оқыту штаттық режімде жүргізіледі, тек топта адам саны 10-нан аспауы қажет.

“Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері аралас оқыту форматына көшеді, дәрістер қашықтан, ал зертханалық-тәжірибелік жұмыстар оффлайн өтеді. Екпе алған оқушылар мен толық вакцинация курсын аяқтаған студенттер оқу орны әкімшілігінің рұқсаты бойынша штаттық режімде оқи алады. Оқу процесіне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Call-орталықтың 87152350007 телефон нөміріне немесе қала бойынша 87152465359 телефон нөміріне хабарласуға болады”, – дейді Нәзір Жәшібеков.

Сондай-ақ “Ashyq” жобасына қатысатын нысандар жұмыс және демалыс күндері сағат 01.00-ге дейін, “Ashyq” жобасының көшбасшыларына сағат 03.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Демалыс күндері жұмыс істейтін нысандарда қызметкерлер мен келушілерде “жасыл” мәртебесі немесе сынамаларды алған сәттен бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тест, КВИ-ға қарсы вакциналауға тұрақты медициналық қарсы көрсетілемдері болуы міндетті немесе соңғы 3 ай ішінде КВИ-мен ауырып жазылғаны туралы анықтаманы көрсетуі қажет.

“Жасыл” мәртебесінің болуы облысаралық және облысішілік тұрақты тасымалдарға, отельдерге, қонақүйлерге, әуежайларға, теміржол, автомобиль, автобекеттерге, жолаушыларға қызмет көрсету бекеттеріне, білім беру нысандарына, ЖОО-ға, колледждерге, білім беру ұйымдарының интернаттары мен жатақханаларына, сондай-ақ “Ashyq” жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық нысандарда міндеттелмейді. Ал сауда орталықтарына, театрларға, мәдениет нысандарына, спорт кешендеріне, сауна, монша, бассейндерге тек “жасыл” мәртебесі барлар ғана шектеусіз кіре алады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірімізде коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді. 15 қаңтар күні “жасыл” аймақта болған өңір екі күннің ішінде “қызыл” аймаққа өтті. Ауырғандар саны бірден шамамен төрт есе артып, 16 қаңтарда коронавирус жұқтырудың жаңа 101 жағдайы тіркелді.

Қазір инфекциялық стационарларда 229 адам ем алып жатыр. Емдеу мекемелері 18 пайызға толған. 21 адам жансақтау бөлімшелеріне орналастырылған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp