Халқымыздың ән өнерінің алтын бастауында Сегіз сері, Нияз сері, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Естай, Үкілі Ыбырай, Мұхит сынды небір дүлдүлдердің тұратыны ақиқат. Олардың ізбасарлары жезтаңдай, күміс көмей әншілер: Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла, Күләш, Жамал, Розалар. Биыл “Алыптар тобының” ішінен жарқырап шыққан, аты аңызға айналған Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақ КСР-і және КСРО халық әртісі Роза Бағланованың туғанына жүз жыл толып отыр.
“Нансыз қазақ болса да, әнсіз қазақ болмаған”, – депті қазақтың батыр жүректі ақыны Жұбан Молдағалиев.
– Әннің пайда болуы туралы діни әңгіме есіме түсті, – дейді белгілі әнші, композитор, ақын Елена Әбдіқалықова, – жаратушы адамға жан берерде жан қорқып, адамның ішіне “тым қараңғы ғой”, – деп кірмеген көрінеді. Сонда Алла тағала адамның ішіне алдымен үн, әуен жіберіп, “енді кіріп көр”, – дейді. Жан кеудеге енбек болып қараса, әуен толған кеуденің іші жап-жарық болып тұр екен. Сөйтіп, адам жүрегінде ән, әуен жаннан да бұрын жаралған деседі. Рас шығар, әйтпесе неге жақсы үнді әншіні жанымыз жақсы көреді?! Ән естісек жадырайтынымыз не, қайдағымыз есімізге түсіп, жылайтынымыз тағы бар…”.
“Құлақтан кіріп, бойды алар,
жақсы ән мен тәтті күй,
көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй”, – демеп пе еді Абай.
Қазақтың әні мен сәні болған Роза әншінің даусын бала кезімізден әуелі патефоннан, кейіннен радио арқылы сүйсіне тыңдап, қадірлеп өстік.
Жоғарыда аттары аталған атақты әншілердің өнерге барар жолдары қазақтың ашық даласы еді. “Дала ашық жатқан тірі кітап, соның мінезін бағып, көзін қандырып, көңіліне сіңіріп сұңғыла болған”, – дейді біртуар әнші Жәнібек Кәрменов.
Роза әншінің де алғашқы әдебиеті әнге, сырға толы, мың сан әуезді кең жазира даласы еді.
Роза Тәжібайқызы Күндей әжесі туралы естелік әңгімесінде былай деп жазады: “Әжем сырмақ, көрпе тігіп отырып, өзінің әдемі де нақышты әуенімен өлең айтатын. Кейбір мұңды сарындағы әуендерді айтқанда көңілін кірбің шалып, терең ойға кететін. Ал жайдары да көңілді әндерді айтса, бетіне нұр ойнап, құлпырып шыға келетін. Мен сол әжем айтқан әуендерді тез-ақ үйреніп аламын да, әжеммен қосылып айтуды әдетке айналдырдым. Сол күндерде-ақ Қызылорда, Орынбор, Алматы қалаларының сахналарында, бүкіл Қазақстан оқушыларының көркемөнерпаздар байқауларында әжемнен үйренген “Жайдарман”, “Қараторғай”, “Екі жирен” сияқты халық әндерін айтатынмын. Бұл әндер менің әжемнің көзіндей, репертуарымның төрінен түскен емес”.
“Халық әні – ұлттың жаны” десек, Роза Бағланова – халқымыздың ғажайып сұлу, ойлы әндерінен тарих жасаған саңлақ әнші.
“Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға алдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын, әнін бізге жеткізді. Бұл – бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазына”, – депті ғаламат жазушы, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов.
Сол қымбат мұра, бай қазына қазақ әнін жарты ғасыр бойы әуелі туған халқының жүрегіне ұялатып, жарты әлемге жарқырата танытқан қазақ әнінің сандуғашы Роза әнші еді.
Роза құйқылжытып ән салғанда қандай тас көңіл болсаң да жібімеске еркіңе қоймайды. Тыңдаушының қайдағы-жайдағысы есіне түсіп, қандары қайнап, арқа қозады, бой балқиды, сол әндегі рух сүйегіңе сіңеді, құлағыңда қалады.
Кейбір атақты деген әншілердің өзі халық әндерін арияға тән мақаммен айтып, әннің әрін кетіреді, өңін бұзады. Әнші Роза көзі тірісінде қазақтың халық әндерін “Екі жирен”, “Жайдарман”, “Бипыл”, “Маусымжан”, “Сәулем-ай”, т.б. нақышына келтіріп орындады. Ол қазақ ән өнеріне орындау шеберлігі жөнінен жаңашылдық, жаңа ырғақ, танымдылық сипат берген реформатор әнші болатын. Қазақ әншілерінің эталоны десе де болады.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары қазақтың алғашқы кәсіби композиторларының бірі әйгілі Бақытжан Байқадамовтың “Айгөлек”, “Домбыра” әндері халық арасына кеңінен тарала бастады. Роза Бағланова орындаған бұл әндер халықтың сүйсініп тыңдайтын шығармасына айналды.
Роза Бағланова – күрескер, патриот, батыр әнші. Ұлы Отан соғысы кезінде сұрапыл майданда алдыңғы шептегі жауынгерлерге қыстың қақаған аязында дірдек қағып, күздің лайсаң суығында, көктемнің тынбай селдетіп жауған жаңбырының астында тұрып айтқан Роза Бағланованың “Екі жирен”, “Қыз арманы”, “Жайдарман”, “На солнечной поляночке”, “Темная ночь” әндері туған елінен жырақта жүрген әскерлердің рухын көтеріп, бір серпілтіп тастады. Әншінің: “Қазақтар қайда, қалай күн кешеді? Бір жағында тұтас бір ұлтты жатырында тұншықтырып өлтіріп жатқан Семей ядролық полигоны, анау Арал, суы құрғап, жері сорға айналған… Адамзатты қырып-жоятын аждаһа, тажал қаруды ойлап тапқан, сол үшін бір емес, бірнеше мәрте Еңбек Ері атанған “тырнақшаның ішіндегі ғалымдар” не ойлайды?! – деп ұлтының тағдырына алаңдап айтқан сөздері қазақтың көкейінде жасырынған, ашық айтылмай жүрген ащы запыран еді.
Роза Бағланова – талай қазақ әнінің, композиторының, ақынының бағын ашқан әнші.
Қазақ вальсінің “королі” атанған Шәмшінің “Ақ маңдайлым”, “Ақ сұңқарым” әндерін Роза Бағланова айтпаса, ол әндер өздеріне тән табиғи асыл қасиетін көрсете алмауы да мүмкін-ау?…
“Абай жолы” романынан кейін осы заман тақырыбында роман жазбақ болып, оңтүстікке сапарының бірінде ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) Қаратаудың жотасынан аса бергенде көлікті тоқтатып қойып, халық әртісі Роза Бағланованың орындауында Шәмшінің “Ақ маңдайлым” әнін ұйып тыңдапты.
Әсіресе ән:
“Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші,
Жадырашы, назданшы, еркелеші!” – деп аяқталғанда:
– Пәлі, мынау жиырмасыншы ғасырдың төбесінен тамшылап тұрған лирика ғой! – деп қатты қуанған екен. Әннің сөзі қазақтың белгілі ақыны Мұзафар Әлімбаевтың қаламынан туған.
Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума әндері екенін Розадай сұңғыла әнші ерте түсінді.
Жарты әлемді аралап, әнімен тамсандырған даңқты әнші Роза Бағланова гастрольмен барған елдерде концертін қазақ әнімен бастайтын. Тағы бір ерекшелігі сол ұлттың бір әнін үйреніп, ән қоржынын толықтырып отыратын.
Қазақтың даңқты батыр ұлы Бауыржан Момышұлы 1965 жылы Фидель Кастроның шақыртуымен Кубаға аттанғанда Роза Бағланованың испан тілінде айтатын “26 шілде маршы” әнін таспаға жазып алып барады. Бұл ән – Кубаның гимні. Баукең Фидель Кастроның үйінде қонақта отырғанда сол әнді әдейі тыңдаттырыпты. Сонда Фидельдің таңданысында шек болмапты. Баукеңді құшақтап, қолын сүйіп: “Ойпырмай, бұл әнші кім? Әннің сөзін қандай дәлме-дәл, дұрыс та анық айтқан, ал әннің сазы да нақпа-нақ кубалықтардың салған әніндей ғой, міне, тамаша!” деп таңғалыпты. Сонда Баукең:
– Бұл әнді айтып тұрған – қазақтың ең сұлу әрі әнші қызы – Роза Бағланова, – депті. (“Айналайын халқымнан еркелеткен” кітабынан).
Роза әнші көзі тірісінде Мәскеудің талай үлкен залдарында концерт берді. Сондай бір концертте орыстың атақты әншісі, КСРО халық әртісі Лидия Русланова Розаның “Саратовские частушки”, “Ах, Самара – городок” әндерін ерекше сүйіп тыңдайтынын айтып: “Молодец, Розечка, учи нашим русским как народные песни петь, как петь настоящие частушки”, – дегені бар.
1949 жылы Дүниежүзілік жастар фестивалінен соң Австрия, Чехословакия, Польша, Венгрияға сапарлағанын, “Чехословакияда чех тілінде “Танцуй-танцуй”-ды айтқаным үшін Чехословакия ОК-нің бірінші хатшысы Клемент Готвальд Прагадан Венаға бару үшін өзінің жеке пойызымен мені аттандырған еді”, – деп еске алады даңқты әнші Роза Бағланова.
Әнші Польшаға барған сапарында поляк тілінде “Шла девчонка” халық әнін орындап тыңдаушыларды таңдандырған. Бір ғажабы, Роза Бағланова поляктің осы әнін қазақшаға аудартқан. Әуені мен сөзінің келіскені сондай, тыңдаушыға қазақ әні болып тарап кеткен ғой. Бұл жайдан бейхабар атақты “Дос-Мұқасан” әншілер тобы Польша еліне сапарындағы концерттерінде осы әнді “Тоқтаңыз, сұлу қыз, су іздеген, танысқым келеді менің сізбен”, – деп төгілдіріп, мөлдіретіп айтып тұрғанда залдағы тыңдармандар поляк тілінде әнге қосылып отырыпты. Бұл жайға таң-тамаша қалған “Дос-Мұқасандықтар”: “Біздің әнді сіздер қайдан біліп жүрсіздер? – деп сұрайды, таңданыстарын жасыра алмай. Өзге ұлттың әнін өз ұлтының әніне айналдырып жіберу Роза Бағланова сияқты біртуар әншінің ғана еншісіне бұйырған бақыт. Кезінде “Ах, Самара – городок” әнімен бүкіл Кеңес Одағының халқын тамсандырды. Әншінің даңқы шартарапқа жайылды.
Атақ пен даңқ екі ұғым ғой. Атақ жоғары биліктің тарапынан беріледі, ал даңқ халықтың шынайы ықыласынан туындайды. Адамды атағынан айыруға болады, даңқ мәңгілік, иесімен бірге кетеді.
Мені бір тыңдағаннан-ақ ғашық қылған ән – Роза Бағланованың орындауындағы бұл күндері ескерілмей, елеусіздеу қалып жүрген сазды, әуезді ғажайып туындыларды дүниеге әкелген композитор Әбілахат Еспаевтың “Маржан қыз” әні. Әндегі асқақ әуен қазақтың кең жазира даласын, жайлауын көз алдыңа елестетеді.
Қазақы үн, әуен демекші, қазіргі эстрадалық әндерде басқа ұлттың әуені басым, ырғаққа, биге бейімделген, әуенге кедей, аты қазақ әні дегенмен әуен басқа. Осы тұста әнді нағыз қазақша айтудың үлгісін жасап кеткен Рәбиға Есімжанова, Жамал Омарова, Рақия Қойшыбаева, Тұрсынхан Абдрахмановалар ойға оралады.
Роза Бағланованың көп әншілерден ерекше артықшылығы әннің әр сөзін шегедей шегелеп, анық, қазақ сөзінің үндестік заңын бұлжытпай сақтап айтатын ерекше дикциясы.
“Ән – менің өмірім. Ішерімді іше алмай, сүйерімді сүйе алмай, күлерімді күле алмай, еркін жүріп тұра алмай, елу жылдан аса күлкімді де, махаббатымды да, өз бойымдағы нәрімді де – бәрін де әніме бердім”, – деп ұлты, халқы үшін бойындағы барын аямаған қазақтың аты аңызға айналған әнші қызы Роза Тәжібайқызының әндері әлі талай ғасыр жасай береді.
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
еңбек ардагері.