Осыдан 40 жыл бұрынғы оқиға ұмытылар емес, әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр. Облыстық партия комитеті суы тартылып қалған көлдерді қалпына келтіру жолдарын іздестіре келіп, Иман-Бұрлық суару-суландыру жүйесі құрылысын тездетіп бастау жөнінде шешім қабылдады. Суы телегей-теңіз Кіші және Үлкен Тораңғұл көлдері құрғақшылық, қуаңшылық жылдары тайызданып, бірқатар су айдындары батпаққа айналатын. Аштық кезінде мыңдаған солтүстікқазақстандық осы көлдерден балық аулап, жан сақтағанын үлкендер айтып отыратын.
Соғыс уақытында әскери зауыттардың жұмысшы-қызметкерлерін тамақпен қамтамасыз ету мақсатымен балық артельдері ұйымдастырылған. Сондықтан стратегиялық маңызы өте зор жобаны жүзеге асыру міндеті топтық су құбырларын салу және тарату жұмыстарымен айналысатын “Союзцелинвод” тресіне жүктелді. Оның басқарушысы өте тәжірибелі маман, ел-жұртқа беделді, абыройлы Қаттай Кеншінбаев еді. Трест мамандарынан құрылған топ жергілікті жердің жағдайын зерттей отырып, проблеманы шешудің жолдарын ұсынды. Экспедициялық деректер негізінде КСРО Министрлер Кеңесінің, Су шаруашылығы министрлігінің келісімімен “Казгипроводхоз” институты 1976-1980 жылдарға арналған Иман-Бұрлық аймағын суландыру-суару жүйесінің техникалық жобасын әзірледі. Жобаны пысықтау кезінде Иман-Бұрлық, Питное көлдерін ғана емес, сонымен қатар Қамысты, Қарасу, Бозарал секілді кеуіп қалған өзендердің арналарын қалпына келтіру жоспарланды. Суландыру жүйесінің жалпы аумағы оңтүстіктен солтүстік-шығысқа қарай созылып, бес ауданды қамтыды. Тіршілік белгісі байқалмайтын 11 көлді сумен толтыру белгіленді. Иман-Бұрлық өзенінде, Шал ақын ауданында бөгет салу, ұзындығы 60 шақырым болатын канал қазу, оны Қамысты өзенімен қосу белгіленді. Шамасы Қамысты өзенінің Үлкен Торанғұлға құятыны, Питное көліне дейінгі тоғыз су қоймасын өзара жалғастыратыны ескерілсе керек.
Плотина салу 1980 жылы басталып, жұмыс қызу қарқынмен жүрді. Алайда жиналған су көлдерді толтыруға жеткілікті болғанымен, 1981 жылдың көктемінде өзеннің қатты тасқыны салдарынан бөгенді су шайып кетті. Осыған орай жоспар күрт өзгеріп, Сергеев су қоймасының жағасында, Социал ауылына жақын жерде уақытша сорғы станциясын салу және ағынды су құбыры арқылы канал арнасына су беру туралы шешім қабылданды. Бөлім бастығы Н.Ларкин жетекшілік еткен жобалаушылар тобы уақытша сорғы станциясын тұрғызудың жобалық құжаттамасын дайындады. Үш сорғы агрегат, болат су тартқышы бар қосалқы станциялар орнатылатын болды. Канал “Заря” кеңшарының 1-ші бөлімшесі маңынан басталып, “ВЛКСМ-ның 50-жылдығы”, “Еңбек”, сондай-ақ сол кездегі Мәскеу ауданының “Пушкин” кеңшарларының аумағынан өтті. Каналдың ұзындығы 60 шақырымға созылып, Қамысты өзенінің сағасына дейін жетті. Ол – қазіргі “Пушкин” кеңшарының бұрынғы бөлімшесі Денежное ауылының жаны.
Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін 1981 жылы Сергеевка құрылыс-пайдалану басқармасы құрылып, бес ауданға су тарату желілерін жеткізу белгіленді. Облыстық атқару комитетінің шешімімен, Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне қарасты “Союзсельхозвод” жабдықтау бас басқармасының келісімімен Сергеевка құрылыс-пайдалану басқармасы және аудан орталығында орналасқан №1 жылжымалы механикаландырылған колонна “Союзцелинвод” тресінің қарамағына берілді. Жалпы басшылыққа трестің бас инженері Э.Ремих тағайындалды. Мен Сергеевка құрылыс-пайдалану басқармасының бас инженері ретінде көпірлер мен өткелдердің құрылысына жауапты болдым. Құрылыс учаскесінің бастығы болып Г.Синерук бекітілді. Құрылыс жұмыстарына трестің барлық бөлімшелері мен механикаландырылған жасақ, 40-тан астам эксковатор, бульдозер, драглайн жұмылдырылды. Қаттай Бектасұлы апта сайын құрылыс нысандарын аралап, жағдаймен жіті танысып, проблемаларды қолма-қол шешіп отырды. Оның әр сапары ұжымды қатты жігерлендірді. Бас механик Л.Пенчуков, энергетика бөлімінің бастығы Н.Вологодский, мамандар А.Ахметов, А.Люлько, В.Михайленко, Б.Потапенко, жобалау тобының жетекшісі Н.Ларкин, геодезист В.Терехов, тағы басқаларының жанқиярлық еңбегін ерекше ризашылықпен атай кеткім келеді. Қарасу өзенінің сағасын тазарту және тереңдетумен бас инженер И.Лугин, топтық су құбырлары басқармаларының басшылары К.Калитов, Е.Әлжанов айналысты. 1984 жылы қараша айында барлық жұмыс толығымен аяқталып, канал арнасына су жіберілді. Кіші және Үлкен Тораңғұл көлдері толып, Есіл, Аққайың аудандарының аумағы арқылы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Питное көліне дейін жетті. Бірнеше көпір тұрғызылды. 11 көл бұрынғы қалпына келтіріліп, жағаларында мал фермалары салынды. Өріс төрт түлік малға толды.
Республикада 1990 жылға дейінгі кезеңге арналған азық-түлік бағдарламасы қабылданып, ол үшін жемшөп базасын ұлғайту міндеті қойылғаны белгілі. Облыста ірі қара мал басының күрт өсуіне байланысты жемазық тапшылығы қатты сезілді. Иман-Бұрлық суландыру жүйесінен Сергеев ауданының “Еңбек”, “Заря”, “ВЛКСМ-ның 50 жылдығы”, Мәскеу ауданының “Пушкин”, “Тораңғұл” кеңшарлары үшін суармалы учаскелер құрылысын тездету туралы шешім қабылданды. Бұл бағдарламаны орындауға Социалистік Еңбек Ері, Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Есім Шайкин баға жетпес үлес қосты. Волжанка суару қондырғылары Иман-Бұрлық сорғы станцияларының қысымды су өткізгішіне жалғанды. Екі жылдың ішінде суармалы учаскенің көлемі 1200 гектарға жетті. “Заря” кеңшарының директоры Н.Юрковтың, №2 бөлімшенің басқарушысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Е.Қантаевтың, КОКП ХХYІ сьезінің делегаты, бригадир К.Ахметовтің де сіңірген еңбегі зор.
Қазақстанда алғашқылардың бірі болып “Союзцелинвод” тресінің ұжымы “Кубань-М” суару қондырғыларын монтаждауды бастады. Бұл жұмысқа Сергеевка инженерлік-техникалық қызметкерлері (бастықтың орынбасары Ж.Коспанов, бас энергетик В.Костюшкин, суару учаскесінің бастығы Б. Сазонов, механик В.И.Лозорский, геодезист Е.Нұрақаев) белсене аралсты.
“Союзцелинвод” тресіне қарасты темір-бетон бұйымдары зауытының жұмысшылары темір-бетон науаларын шығаруды қолға алды. Үш жылдың ішінде 5000 гектар суармалы жер игерілді. Кеңшарлардың агрономдары топыраққа тыңайтқыштар енгізіп, шөптің жаңа сорттарын аудандастырды. “Еңбек” кеңшары жыл сайын суармалы жерде өсірілген картоп пен көкөністен жоғары өнім алып отырды. “ВЛКСМ-ның 50 жылдығы”, “Заря” кеңшарларының бас агрономдары А.Балтабаев, А.Пашковский бау-бақша өсіріп, өзгелерге үлгі көрсетті. “Союзцелинвод” тресінің басшылығы каналды және суару жүйесін тиімді пайдалану үшін қажетті техникалармен толық қамтамасыз етті.
Суландыру жүйесі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне орасан табыс әкелді. “Әттеген-айы” сол, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жақсы бастама аяқсыз қалды. Суландыру құрылысы мен пайдалануында жұмыс істеген адамдардың адал да жанқиярлық еңбектері атап өтуге әбден тұрарлық.
Мұрат ЖАНТІЛЕУОВ,
еңбек ардагері.