«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жастарға – айрықша қамқорлық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табалдырықтан аттаған әр жылдан жақсылық тілейтін, ізгілік күтетін халықпыз ғой. Алайда қордаланған әлеуметтік проблемаларға орай ұйымдастырылған бейбіт митингілердің ақыры мұндай ауыр жағдайға ұласарын күтпеген едік. Мұның өзі еліміздің экономикасына ауыр салмақ түсірген қоғамдық-саяси өмірдің қиын сынағына айналды. Сарбаздардың жау оғынан ажал құшуы орны толмас қаза болды. Осындай қиын кезде бірліктің туын қолға алған Президент тығырықтан шығар жолды таба білді. “Алматы трагедиясы” жүректерге жазылмас жара салды. Сан ғасырлар бойы армандап, қанын төгіп, жанын беріп, от кешкен ата-бабаларымыздың алып берген аманаты – тұғырлы Тәуелсіздігімізден айырылып қала жаздадық.

Іргемізді шайқалтып кете жаздаған радикалдық топтардың әрекеті еркіндіктің қаншалықты қымбат екенін ұқтырды. Негізінде, Отан деген ұлы ұғым отбасынан басталады. Міндетіміз – тәрбиелі де иманды ұрпақ өсіру десек, Отан алдындағы осынау жауапкершілікті бәріміз жете сезініп жүрміз бе? Ата-аналар арасында істеп жүрген жұмыстарын сылтауратып, балаларына көңіл бөлмейтіндері аз емес. Қазақ ұрпағын “ұят болады”, “жаман болады”, “обал болады” деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Обал мен сауапты айырмаған жаннан патриоттық сезім күту қиын. Осындайда Бауыржан Момышұлының “тәртіпке бағынған ел құл болмайды” деген даналық сөзі еске түседі. Тал бесіктен басталған тәрбие ғана рухы мықты азаматтар шоғырын қалыптастыруға қызмет етеді. Мемлекет басшысының Үндеулері, Парламент Мәжілісі отырысында сөйлеген сөзі үлкен ой салды. Алдағы уақытта ел болашағы – жастар үшін көптеген бағдарламалар жүзеге асырылатын болады. Сондай ауқымды міндеттер бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы – сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға, жоғары оқу орнын бітірушілерді тұрақты жұмысқа орналастыруға қатысты айтылды. Осыған орай “Жастар тәжірибесі”, “Алғашқы жұмыс орны” жобаларына қатысу мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыру Үкіметке тапсырылды.

Агротехнологиялық факультет “Агрономия”, “Өсімдік қорғау және карантин”, “Орман ресурстары және орман шаруашылығы”, “Биотехнология”, “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы”, “Азық-түлік өнімдерінің технологиясы” мамандықтары бойынша ауыл шаруашылығы бакалаврлары мен магистрлерін даярлайды. Олардың жалпы саны – 716. Былтыр түлектеріміздің 83 пайызы жұмысқа орналасып, ауыл шаруашылығы құрылымдарында еңбек етіп жүр. Бізде жоғары білікті кадрлар әзірлеудің ғылыми әлеуеттік негізі қалыптасқан. “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты”, “Полтавское”, “Алабота асыл тұқымды зауыты”, “Шағала-Агро”, “Ақ жер”, “Стредец” вермифирмасы”, “Baltic Control Kazakstan”, “Борз”, “Арқалық”, тағы басқа серіктестіктермен, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Беларусь, Қытай, Литва, Италия, Польша сықылды мемлекеттермен әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатылған. Жетекші практик-мамандар дәрістер оқиды, зертханалық-тәжірибелік сабақтар өткізеді. Студенттер факультет бөлімшелерінің базасында ауыл шаруашылығы өндірісіндегі кәсіби шеберліктерге үйренеді, практикалық дағдыларды меңгереді. LOGO бағдарламасы бойынша Германияның экологиялық шаруашылықтарында кәсіби тәжірибеден өту жолдары қарастырылған. ТМД елдерінің 150-200 қатысушылары ішінен біздің факультет студенттері де “топ-10” үздіктер қатарына кіріп, органикалық өнім өндіруге мамандандырылған Еуропаның “Grupa Producentow Agros” компаниясының жұмыс тәсілімен танысуға мүмкіндік алды. Университеттің агротехникалық паркі базасында далалық ауыл шаруашылығы дақылдарын экологиялық сорттық сынақ бағдарламалары, агроқұрылымдардың тапсырысы негізінде қаржыландырылатын ғылыми жобалар ұсынылады. Мұның бәрі Президент атап өткендей, жергілікті жерлерде жастардың іскерлік бастамаларын жүзеге асыруға жан-жақты жағдай жасайды. Бүгінде жаңа экономика құруда ЖОО-ның бәсекеге қабілеті өте маңызды.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде студент жастарға Тәуелсіздіктің кепілі бірлік екені кеңінен түсіндіріледі. “Төртеу түгел болса төбедегі келер, алтау ала болса, ауыздағы кетер” деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білсек, іштегі де, сырттағы да жау алмайды. “Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен, Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген”, – деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, “қазақ қаншама тар жол, тайғақ кешуден” өтсе де, жігері мұқалмаған. Бұл сынақтан да сүрінбей өтеріміз кәміл. Тәуелсіздік тек бірлікпен ғана мәңгілік жасайды. Бірлігі жарасқан ел ғана озады, аңсаған мұратына жетеді.

Алтын ШАЯХМЕТОВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті агротехнологиялық факультетінің деканы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp