«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қалаға көшкіміз келмейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан Қызыләскер елді мекенінде 320 адам бар. Олардың үштен бірі – оқушылар. Бұрындары көпбалалы отбасылар некен-саяқ кездессе, қазір олардың саны артуда. Қай тұрғынмен сөйлессең де, ауылдан кеткісі жоқ.

Мен өзім “Қызыләскер” ЖШС-да мотор жөндеуші бо­лып жұмыс істеймін. Серіктес­тікте 140-тан астам ауыл тұр­ғыны еңбек етеді. Әсірелеп айтты демессіздер, тұрмысы­мыз қаладағыдан кем емес. Жалақыдан бөлек, жылына екі рет ынталандыру сыйақы­сы беріледі. 2018 жылы Ва­лерий Кейсарчук шаруашы­лық басшылығына кіріскеннен бастап, бірінші кезекте адам­дардың өмір сапасын жақсар­туға, жастардың тұрақтап қа­луы­на зор көңіл бөлді. Ескір­ген техниканы жаңалаудың, мал шаруашылығын дамыту­дың жолдарын тынбай іздесті­ріп, қаражат салудан тартын­ба­ды. Қазір бізде бәрі бар, жұ­мыс та, баспана да! Ең бас­тысы, туған жерді өркендетуге деген ықылас ерекше, ынта күшті. Әр аула қосалқы шаруа­шылықпен айналысып, төрт түлікті көптеп өсіреді. Өйткені мал азығы арзан, құнарлы. Мә­селен, құрамажемнің әр тон­насы 20 мың, 35 центер шөп 7,5 мың теңге тұрады. Соңғы кездері облыс орталығынан бес отбасы көшіп келіп, біржола орнықты. Олар үймен қам­тамасыз етілді.

Галина Ильяшенко “Қызыл­әскер” серіктестігінде 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір бас бухгалтер. Қаражат қайда, қай салаға жұмсалаты­нын күні бұрын біліп, хабардар етіп отырады. Орташа айлық жа­лақы 100 мың теңгеге жете­ға­был. Көктемгі, күзгі дала жұ­мыстары үшін тиесілі сыйақы­дан басқа “онүшінші жалақы” да төленеді.

Ауыл ішіне дейін су құбыры тартылып, 50-ден астам отба­сы игілігін көріп отыр. Суық су да, ыстық су да, дәретхана да, жуынатын бөлме де үйле­рінде. Серіктестік бұл мәселе­ні өз қаражаты есебінен шеш­кен. Бүгінде Қызыләскер ауыл­дық округіне қарасты үш ауыл да (Степное, Раздольное, Қызыләскер) сапалы тір­ші­лік көзімен толық қамтама­сыз етілген. 2019 жылы бас­шы­лық Меңгесерден Қызыл­әскерге дейінгі ауданаралық жолды қалпына келтіру мақ­сатында жобалық-сметалық құжаттамаға тапсырыс бер­ген. Мердігер компания был­тыр аяқтауы тиіс еді, бірақ үл­гермеді. “Бір жылға қоян терісі де шыдайды” демеуші ме еді? Есесіне былтыр заманауи ас­ха­на пайдалануға берілді. Өр­тенген клуб үйі қайта бой кө­терді. Орта мектепті күрделі жөндеуге құжаттар әзір. Во­лей­бол, шағын футбол алаңы, мұз айдыны бар спорт кешені салынбақ. Валерий Иванович­тің ендігі ойы – тауарлы-сүт фермасын тұрғызу. “Ең басты­сы, кадр жеткілікті. Бәріміз ор­тақ мақсат жолына жұмыла кі­ріссек, алынбайтын асу жоқ”, – дейді іскер басшы.

Ауылдық округте үш меди­ци­на­лық пункт жұмыс істеп тұр. Олардың екеуі “Қазпош­та” бөлімшесі сияқты ЖШС ғи­мараттарында орналасқан және жалға алу ақысынан бо­сатылған. Директор өз кеңсе­сіндегі бірнеше кабинетті шаш­тараз бен тігін ательесіне бо­сатып берген. Елді мекенде бұ­рын балабақша, екі қабатты ау­рухана, сауықтыру лагері, тұр­мыстық қызмет үйі болған. Оларды қалпына келтіру жос­парлануда. Ауылішілік жол­дар да ретке келтірілмек. Бас­тауыш сынып оқушылары те­гін тамақтандырылады. Нау­байханада пісірілетін салмағы 850 грамдық бөлке нан 90 тең­геден саудаланады. Мал азы­ғы тек жұмысшыларға ғана емес, барлық тұрғындарға та­ратылады.

Ескі “Кировецтердің” орнын ресейлік “Векторлар” басты. Со­дан кейін шетелдің егіс ке­шендері – “CASE” сатып алын­ды. Өнімділігі жоғары суперкомбайнның біріне бесаспап механизаторлар Александр Князев пен Виктор Згонник иелік етеді. Біреуі түнде, екін­шісі күндіз егіс танаптарында астық бастырады. Кондицио­нер, стерео, “Bluetooth”, “Wi-Fi”… кабина іші осындай озық технологиямен жабдықтал­ған. Жауапты, туған жеріне жанашыр басшының алдымен адамдардың жайын ойлайты­ны заңды. “Бірақ берген кө­мек­ке арқа сүйеп, соны мал­данып, жұмыс істегісі келмей­тін­дер де кездеседі. Олардың намысын қамшылап, ар-ұятын оятып, сөзбен дүрелеп ала­мыз”, – дейді Валерий Кей­сарчук.

Серіктестік бүгінде асыл тұ­қымды мал шаруашылығы­мен де шұғылдануда. Өсіріле­тін қал­­мақ тұқымдас сиырлар теріскейдің қатал табиғатына шыдамды, суыққа төзімді. Өсім­тал, еті дәмді. Болашағы ке­мел осындай елді мекенде тұру – біз үшін бақыт! Қалаға көш­кіміз келмейтіні сондық­тан.

Алексей БЕЙ,

Қызыләскер ауылының тұрғыны.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp