Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысқан алқалы жиын өтіп, алда атқарылатын міндеттер айқындалды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, жергілікті ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Жангүл Жолмұқанованың пікірінше, жаңғыртудың, стратегиялық маңызды реформалар мен қайта құрулардың қағидаттарын Президент Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде нақты белгілеп берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат, ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты бағалап, сақтай білуіміз керек. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Сондықтан ортақ идея төңірегінде топтасу айрықша маңызды. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру мен дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясына зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
“Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына кіретін этномәдени бірлестіктер мемлекеттік саясатты түсіндіруге және іске асыруға үлкен үлес қосып келеді. Қоғамдық маңызы бар оқиғалар мен іс-шаралардан шет қалған емес. Этносаралық толеранттылық пен әлеуметтік келісімнің қазақстандық үлгісін нығайту бағытында алдағы уақытта үйлесімді жұмыс атқара берері сөзсіз. Ассамблеяның басты міндеттері – бір шаңырақ астында өмір сүретін этностардың достығын қорғау және нығайту, әр азаматтың өз елінің шынайы патриоты болуына ықпал ету. Патриотизм біздің күнделікті іс-әрекеттерімізден, мінез-құлқымыздан, Отан мен азаматтардың игілігі жолындағы істерімізден, адал еңбегіміз бен бастамаларымыздан көрініс табуы тиіс”, – деген Жангүл Жолмұқанова алдағы уақытта ақпараттық-түсіндіру, әлеуметтік және қайырымдылық іс-шараларына үлкен маңыз берілетінін атап өтті.
Ассамблея қызметін жаңғырту мақсатында Достық үйлері мен “Қоғамдық келісім” мекемелері “сервистік модель” аясында ресурстық орталықтар мен жобалық кеңселер жұмыстарына белсене атсалысатын болады. Арнайы бағдарламалар аясында барлық құрылымдар қызметі жандандырылады. Жеке бағыттар бойынша да бастамаларға кең қолдау көрсетіледі. Базалық, жаңа әлеуметтік жобалардың сапалық мазмұны жетілдіріліп, түйінді мәселелерге баса назар аударылады.
“Ассамблея төрт жоба әзірлеп отыр. Оның аясында мемлекет пен қоғам арасында сындарлы өзара қарым-қатынас құру мәселесі өткір тұр. Сондықтан этностар өкілдерімен, әсіресе жастармен, әрбір елді мекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізу белгіленген. Тағы бір маңызды бағыт “Жаңғыру жолы” базасында жастар және еріктілер қозғалысы дамытылады. Қазір өңірде “Ассамблея жастары” филиалдарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жастар – ел болашағының тірегі екенін естен шығармауымыз керек”, – деді Жангүл Серікқызы.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.