«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ісмердің ізденістері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жеңіс көшесіндегі үйдің сыртындағы “Тігін цехы” деген жазу сол маңнан арлы-берлі өткенде жиі көзге ұшырайтын. Сырты оюмен көмкерілген қоңыр үйде оңтүстік өңірден қоныс аударған отбасы тұратынын кейін білдік. Қала орталығында ондай тігін тігумен айналысатын адам жоқ-ау шамасы. Болған күнде де ұлттық киім тікпейтіні анық.

Таяуда бірінші сыныпта оқитын қы­зыма күзгі шараға байланысты ар­найы киім қажет болғанда, сол үйдің отанасы киімнің түр-түрін тігетінін естіп, бірден солай қарай тарттық.

Ол кісі өзін Зүбила Рақымжанқы­зы­­мын деп таныстырды. Келген бұ­йым­­тайымызды айтып едік, бір-ақ са­ғатта дайын болады деді. Үйдің бір бөл­месін тігінханаға лайықтап, жаб­дық­тапты. Әңгімелесе келе, оның он саусағынан өнер тамған нағыз өнер иесі екеніне көз жеткіздік.

“Тігін тігу – үлкен өнер. Бұл бойы­ңыз­ға қалай дарыды?” – деп сауал тас­тадым құр отырмай.

“Бұл өнер маған анам мен әжем­нен келген болса керек. Өйткені олар өз заманында ауыл-жұртқа мәлім ісмер болған. Ол кезде бала болдық та, көп нәрсені аңғармадық. Кейін есе­йе келе, өзімнің бойымда да осы өнер­ге деген бейімділік бар екенін байқадым. Мен Шығыс Түркістанның Текес деген жерінде дүниеге келдім. Жолдасым Тарбағатайдан. Қытайда орта мектепті тамамдағаннан кейін Құл­жа қаласын­дағы медициналық кол­леджге оқуға түс­тім. Оны бітіріп, ма­мандық бойынша жұмыс істеп жүр­генімде атажұртқа кет­сем деген ой маза бермеді. Сол жыл­дары паспорт мәселесі қиындап тұрған кез еді. Ол үшін алдымен Қазақстаннан шақырту алдыратынбыз, оны тиісті орынға өт­кізгеннен кейін көп уақыт күтіп жүріп қол­ға алатынбыз. Сол бір жапырық қа­ғазды бір сиырдың құнына алдыр­ған­дар да болыпты. Атажұртқа аңсары ауған ел оған да қараған жоқ қой. Ебін тапқандар ортадан ақша қым­қырып, жағдайын жасап алды. Құжат мәселе­сі­мен жүргенде анам маған: “Қызым, мұнда алған білімің Қазақ­стан­да кә­де­ге жарай қоя ма? Жазу­лары басқа ғой. Тілден қиналасың-ау. Білгенің артықтық етпейді, жол жүрген­ше бір өнердің басын меңгеріп ал”, – деді. Мен ойлана келе, өзімнің бейімім бар тігіншілік кәсібіне ден қойдым”, – деп әңгімесін сабақтады Зүбила.

Ол Құлжа қаласындағы “Гүлназ” тігін шеберханасына хабарласады. Бір-екі айдың ішінде ұлттық бұйым­дардан бөлек күнделікті тұрмысқа кие­тін киімді өлшеп, кесіп, тігуді үйренеді. 2005 жылы тәуекелге тастүйін дайын­далып, Қазақстанға ат басын тіреген.

Зүбила Алматыға келгеннен кейін сондағы Қыздар педагогикалық инс­ти­­тутында қолөнерді дамыту орталы­ғы бар дегенді естіп, қабілетін аз бол­са да ұштағысы келген екен. Бірақ түр­лі жағ­дайлар алдынан кес-кестеп, ол ойы іске аспапты. 2006 жылы отбасын құ­рып, үлкен шаңыраққа келін болып түс­кеннен кейін, кәсібін жалғастыруға тіпті мүмкіндігі болмаған. Үйдің тірлі­гінен қол босамаса керек.

“Үлкен үйге келін болып түскеннің өзіндік ауыртпалығы бар, қолымда қа­йын атам және апам болды. Олардың ас-суын дайындап беру керек. Көп өт­пей кішкентайлы болдық. Сөйтіп, кә­сіп­тен біраз жыл қол үзіп қалдым. Со­дан 2008 жылдан бастап қайта қолға алып, 5-6 жыл көрші-қолаң, ағайын-туыстың тігінін тігіп, бір жағынан бала мен үйдің шаруала­рын да қатар алып жүрдім”, – дейді ісмер.

Зүбила 2016 жылы Алматы облы­сы­ның Ескелді ауданына қоныс ауда­рып, аудан орталығынан шағын киім тігу цехын ашады. 2017 жылы Талды­қорғандағы Технология колледжіне оқуға түседі. Ал 2018 жылы кәсібінің ауқымын кеңейту мақсатында жеке кәсіпкерлік ашып, “Агро-Капиталдан” несие рәсімдеген. Ол екі бас гүл кес­тені қатар тігетін станок, бірнеше тігін ма­ши­насын және түрлі керек-жа­рақ са­тып алыпты. “Жұмыс қызып жатты. Жұрт­тың ұлттық өнерге деген ынта-ықы­ласы оянып келе жатқан тұста ма­ған тапсырыстар көптеп түсе баста­ды. Шәкірт тәрбиелеудің де орайы кел­ді. Қалааралық түрлі ұлттық көрме­лер­ге қатысып, тәжірибе алмастыр­дым. Үздіксіз ізденудің арқасында кез келген тапсырысты орындай алатын деңгейге жеттім”, – дейді тігінші.

Әне-міне дегенше тапсырысым да дайын болды. Зүбила тігіншінің жұ­мысты көз ілестірмес шапшаңдықпен істейтіні таңғалдырды. Ол бұл күнде ұлттық киім тігіп қана қоймай қыз жа­сауы, төр көрпелер, мектеп, емхана фор­масы, әскери киімдер, көлік орын­дығының қаптамасы, терезеге перде, киіз үй жабдықтарын да еш қиналмай өзі өлшеп, тіге береді екен. Бұған дейін былғарыдан аяқ киім де тіккен. “Әттең, жұмыс істейтін орын таршы­лық етпе­ген­де, бұл саланы да қосып алар едім”, – деп отыр. Әрине, үлкен кәсіпті дөңге­лету үшін де қомақты қаражат керек-ақ.

Шәкірт тәрбиелеген ұстаздан ба­қыт­ты кім бар? Зүбила осы күнге де­йін 150-ден астам шәкірт тәрбиелеп үлге­ріпті. “Ұстаздан шәкірт озар” де­мек­ші, бү­гінде 30 оқушысы әр өңірде өз кәсі­бінің маманы.

Ол әңгіме барысында сонау Тал­ды­қорғаннан Мамлют ауданына қа­лай кө­шіп келгенінің жай-жапсарын ай­тып бер­ді.

“Ресейдің Омбы қаласында өткен ұлттық киім жәрмеңкесінде Мамлют ауданының басшылары менің өнерім­ді жоғары бағалады. Ауданның енді-енді қазақыланып келе жатқанын, ұлт­тық өнер ауадай қажет екенін айтты. Со­дан кейін жолдасым екеуміз ақыл­даса келе, 2019 жылы Қызылжар өңі­ріне қоныс аударуға бекіндік. Қала­ның орта тұсынан үй алып, енді жұ­мыс бастай­мыз деп отырғанда елді ін­дет жайлап, ойға алған көп жұмысы­мыз ақсап қал­ды. Кәсіп бастасаңдар, қол ұшын бере­міз деген сөздері жа­булы қазан күйін­де қалып қойды. Екі рет қайтарымсыз грантқа құжат өткіз­сек те ала алмадық. Үйдің бір бөлмесі көпбалалы отбасыға таршылық етіп отыр. Өзім төрт бала­ның анасымын, үш қыз, бір ұлым бар. Балаларым Мамлют қазақ мектеп-интернатында оқып жатыр”, – дейді ол.

Тігіншінің айтуына қарағанда, жұ­ба­йы Әділдің де қолынан көп іс келетін кө­рінеді. Кезінде ағаш шебері болып, сап­таяқ, астау, кесе сынды бұйымдар жа­са­ған. Сұраныс болып жатса, неге өз өне­рін дамытпасқа! Ұлттық өнерді кө­­зі­нің қарашығындай сақтап, дамы­туға күш салып жүрген Зүбила сияқты жан­дар ортамызда көп болса, онда өшке­ні­міз жанып, өлгеніміздің тірілгені емес пе!

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp