«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ ҚЫЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Базар маңынан өтіп бара жатып қайыр тілеп, қол жайып отырған екі адамды көзім шалып қалып, солай қа­рай бұрылдым. Көріп тұрып, көрме­гендей өте шығу – мұсылмандығы­мызға жат, оның үстіне, ораза айында сауапты іс істейін деген де ойым болды. Қастарына жақындап барға­нымда байқадым, оң жағында отыр­ған адамның екі қара санының тө­менгі бөлігі жоқ. Сол жақта тұрғаны бет-аузы ісініп, адамдық кейпінен ай­рылған. Екеуіне алма-кезек қарап, әмия­нымнан ақшамды ала бергенім­де, состиып тұрған атпалдай азамат алақанын жайып, отырған мүгедектің алдын кес-кестей берді. Өзіне тиын тимей қала ма деген қауіп қой сол. Бірақ садақаны екеуіне тең ұстат­тым. Мүгедек кісі өзін сабырлы ұста­ған қалпы ернін жыбырлатып, бетін сипады. Қырықтың қырқасына шы­ғып қалған сияқты. Жанарында өмір­ге деген құштарлық та жоқ емес. Тағ­дырына өкпелеп, еңсесі түсе езілуден аулақ. Қайта “Осы күніме де шүкіршілік!” дейтін сынды. Жай да отырған жоқ. Жанында жатқан газет – оның ендігі ермегінің бірі болса керек.

Ал қасында тұрған жігіттің бетін айғыздап әжім торлаған. Екі көзі шү­ңірейіп ішіне кіріп кетіпті. Үсті-басы са­бын көрмейді-ау, шамасы. Көрінген жерге аунап ұйықтай салатын сияқ­ты. Біраз үнсіз мөлиіп тұрған ол ала­қанын қайта жайды. Бұл арадан тез кетуге тырыстым. Одан әріде күнде­лікті керек-жарақ сатып тұрған орта жас шамасындағы апай менің қимы­лымды бағанадан қалт жібермей ба­қылап отырса керек, қасынан өте бер­генде тоқтатып алды.

– Ана тұрған жігітке садақа берудің қажеті жоқ! – деді ренжіген кейіпте. Ол – арақ ішуден басқаны білмейтін кер­жалқау. Еңбек етуге қауқары же­тіп-ақ тұр. Денсаулығы да жақсы.

Садақаны қандай адамға берге­німді білсем де, еш өкінген жоқпын. Бір Құдайдан қайтсын деп тіледім. Алайда тепсе темір үзетін мына жі­гіттің қайыр тілеп отырғанына қатты қынжылдым. Әйел заты болса түсініс­тікпен қарайтын едік, атпалдай аза­маттікі не масқара?

Айналамызға анықтап қарасақ, қазіргі таңда осындай тәні емес, рухы мүгедек жандар аз емес. Қайыр тілеу ақша табудың оңай жолы болсын де­лік, бірақ бұл жол мүгедек, ақыл-есі кем адамдарға жарасар. Аяқ-қолы балғадай азаматтарға не жорық? Олар жұрт алдында алақан жайып, әркімге бір жалтақтап тұрғанша аяқ киім тігумен айналысса, әйтпесе, тым құрығанда, көше сыпырса, адал еңбегінің жемісін көрмей ме? Басына қандай жағдай іліксе де мойымайтын санасы сергек, рухы өр жандардың кеу­десінде қашан да намыс оты жа­нып тұрады. Бойында ұяты аздау, тек­тілік қасиетінен ада кейбіреулер ха­лық арасына келеңсіздік жағдай ту­ғызып, қоғамның құтын қашыруда. Оны­мен қоймай кейінгі жастарға маз­мұнсыз жол сілтеуде. Рухани мүгедек боп өмір сүргенше, шын мүсәпірдің күйін кешкен әлдеқайда артық-ау.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp