Жаһандық жарыс қаңтардың 21-і мен 22-сі күндері өтті. Онда дүниежүзінің аузымен құс тістеген кіл мықтылары бақ сынады. Қазақстан намысын 8 спортшы қорғады. Додаға қатысқандардың қатарында солтүстікқазақстандық Инесса Шумекова да бар. Ол конькимен жүгіру спорты бойынша күміс медальға ие болды.
– Бұл – жасөспірімдер арасында өткен жарыс. Тартысты додада алғашқы медалімді иелендім. Менімен бірге ел намысын астаналық қыздар қорғады. Біз жүлде еншілеу үшін барымызды салдық. Жүлдегерлер қатарынан көрініп, Қазақстанның абыройын асқақтатқанымызға қуаныштымыз. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды білдіремін, – дейді әлем Кубогының күміс жүлдегері Инесса Шумекова.
Қыздардан құралған ұжым командалық спринтте мәре сызығын екінші болып кесті. Қазір жерлесіміз әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Бұл дода қаңтардың 28-і және 29-ы күндері Австрияда өтпек.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.