«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

250-ге жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов тау-кен байыту комбинаты қызметін тоқтатып, 250-ге жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Оның себебін кәсіпорын қызметкерлері құқық қорғау органдарының өндірілген өнімді сатуға кедергі келтіруімен байланыстыруда. Бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан дауға сот та нүкте қоя алмай отырған сыңайлы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, Обухов Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі бірегей кен орны. Мұнда титан цирконий концентраты өндіріліп, өнім экспортталады. Мәліметтерге қарағанда, бұл еліміздегі осы өнімді шығаратын жалғыз зауыт екен.

Тоқтала кететін жайт, жақында құқық қорғау органдары өнім тасымалдау кезінде алынған, яғни сатуға жіберілген концентратты тәркіленген. Зауыт басшысы бұл тәркілеуді заңсыз десе, комбинат қызметкерлері тәркіленген өнімнің өзі дұрыс сақталмағанына наразылығын айтып жатыр.

«Цирконий концентратын сақтаудың өзіне тән талаптары бар. Ал тәркіленген өнім сол талапқа сай сақталмауда. Осыған дейін біз қаптарды бір-бірінің үстіне 2 қатар қойғанын көрдік. Ара қашықтық та жоқ. Сақталатын жер құрғақ болуы керек. Осының барлығы бұзылған. Демек өнім енді жарамсыз. Оны ешкім алмайды. Ал шығынды кім өтейді? Құқық органдары сақтау ережелерін білмейді ғой», – деді Обухов тау-кен байыту комбинатының геологі Ирина Калдинцова.

«Обухов тау-кен байыту комбинаты» ЖШС директоры Данил Долгалевтың сөзіне қарағанда, 2020 жылдан бері кәсіпорыннан 500 тонна өнім тәркіленді. «Тәркіленген өнімнің жалпы құны – 250 мың АҚШ доллары. Қазіргі уақытта оның қайда екені де белгісіз. Сақталуына ешкім кепілдік бермейді. Құқық қорғау органдары Обухов тау-кен байыту комбинаты өз өнімін сыртқа шығармауы керек деген ұстанымда. Алайда, біздің өнімге сотпен ешқандай шектеу қойылған жоқ қой», дейді серіктестік басшысы.

Осы мәселеге құқық қорғау органдарының да өз пікірі бар. Дауға байланысты жергілікті прокуратура да, ішкі істер органдарының басшылары зауыт жұмысшыларымен бірнеше рет кездескен. Бірақ әзірше еш нәтиже шықпағанға ұқсайды. Сонымен қатар, негізі кен өндіретін орын «Тиолайн» аталатын серіктестікке қарайды екен. Ал сот шешімі бойынша оның мүлкін сыртқа шығаруға болмайды. Ал тау-кен байыту комбинаты бұл біздің қызметке кедергі келтірмеуі керек деген пікірде. Осы жерде комбинат пен құқық қорғаушылардың пікірі қайшы болып тұр. Өйткені, Тайынша аудандық прокуратурасының мәліметінше, сот орындаушысының қызметін жүзеге асыруы соттың бірінші сатысында заңсыз деп танылды. Алайда прокуратура аппеляциялық сотқа жүгінген. Сондықтан, прокуратура қазіргі уақытта іс қайта қаралып жатқанын, соттың шешімі шыққан соң ғана, нақты бірдеңе айтуға болатынын алға тартады.

Дегенмен, «Тиолайн» компаниясының өкілдері бұл серіктестікті банкрот қылып, шетелдіктерге сату үшін қасқана істеліп отырған әрекет дейді. Тергеу де сол себепті негізсіз ұзаққа созылуда. Ал тараптар текетіресінің салдарынан кәсіпорын тоқтап, адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp