Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екені, бұл бағытта оң үрдістердің қалыптасқаны, соған орай экономика әртараптанып, өнім түрлерінің көбейіп келе жатқаны белгілі. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Бұл, ең алдымен, өнім өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі аралықтағы өндірілетін өнімге тікелей қатысты дер едім. Біріншіден, сапа жайы әрдайым қанағаттандыра бермейді. Екіншіден, делдалдардың араласуынан бағаның шарықтап кетуі жиі кездеседі. Бұл мәселелерді шешу жолдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында жан-жақты айтылған.
Мен бір округте қатарласа қонған, жер құнарлығы да, техникалық әлеуеті де шамалас шаруашылықтардың көрсеткіші неге әрқилы деген сұраққа жауап іздей келіп, бәрі, айналып келгенде, жеке бастың жауапкершілігіне байланысты екенін ұқтым. Бәріміздің асыраушымыз – Жер-Ана, “жерден идірсең, көктен береді” деп бабаларымыз текке айтпаған. Өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Менің мамандығым – құрылысшы. Еліміз егемендік алғанға дейін “Ильич” кеңшарының “Агроном” деген бөлімшесінде мамандығым бойынша қызмет атқардым. Одақ ыдырап, әркім қара басының қамын күйттеп кеткен қысылтаяң кезеңде інілеріммен бірлесе отырып, “Агроном-Тайынша” шаруа қожалығын құруға тура келді. Нанасыз ба, алғашқы жылдары бар-жоғы 91 гектар жерге астық өсірумен айналыстық. Оның өзі өте ауыр соқты. Себебі техника, тұқым, минералдық тыңайтқыштар жетіспейтін. Жыртығымызды бүтіндеп, жоғымызды табуға қаражат тапшы болды. Мемлекет қолдауы, қазіргі кездегідей Үкімет тарапынан жасалатын жеңілдіктер өңіміз түгіл түсімізге енбейтін. Бүгінде астықты алқаптың көлемі 8 мың гектардан асады. Ірі серіктестік ретінде орнығып, жылқы, сиыр, қой өсіреміз. Бауырларым Жомарт, Амангелді, Ерік төртеуіміз жұдырықтай жұмылып, түйткілді мәселелерді бірлесіп шешуді дағды еткенбіз. Айтпағым, кей адамдардың “даяр асқа – тік қасық” мінез көрсетіп, қоғамдық еңбекке деген немқұрайды көзқарасы, “жеңілдің астымен, ауырдың үстімен” жүруге әуестігі көңілге қаяу түсіреді. Қазір аз сөйлеп, көп іс тындыратын уақыт. Ескі заманды аңсай бермей, ғылым мен технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, алға ұмтылуымыз, қол жеткен жетістіктерді еселеудің қарышты қадамдарын қарастыруымыз қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында жалпы экономикалық дамуымызда ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айта келіп, елеулі артықшылығымыз – бәсекелестік болуы тиістілігін, одан айырылып қалмауымыз керек екендігін атап көрсетті. Бұл орайда көтерме-тарату орталықтары желісін құру, олар біз секілді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, оның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімділікті қалыптастырса, нарық монополияланбас еді.
Соңғы бес жылда ғана ел бойынша субсидиялауға екі триллионнан астам қаржы бөлінген екен. Оның “қызығын” кімдер көріп отыр? Әрине, алпауыттар. Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істерге қарап-ақ қомақты қаражаттың “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кеткенін аңғару қиын емес. Субсидияны рәсімдеу тәртібі ашық әрі түсінікті жүргізілгенде мұндай талан-таражға жол берілмес еді.
Ветеринария саласы да жетілдіруді қажет етеді. Мал басының амандығы мен өнімділігіне, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысы тікелей әсер етеді. Себебі ветеринария қызметі бүгінгі уақыт талабымен үндеспесе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Былтыр өңірдің Еуразиялық экономикалық елдермен өзара сауда айналымы 476 млн. доллар болса, экспорт – 68,3 млн. доллар ғана. Сондықтан шаруалар үшін отандық шикізаттың қолжетімділігі айрықша маңызды. Баса айтарым, ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланып жүр. Жоғарыда айтқанымдай, табыстың басым бөлігіне алып-сатарлар мен алпауыттар кенеліп жатады. Мұның бәрі аграрлық саясатта сабақтастықтың болмауынан.
Жасыратыны жоқ, егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егудің агротехникалық талаптары, ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақтала бермейді. Көп шаруашылықтар сапалы тұқым қорын жинақтауды қиынсынады, оның орнына шығымдылығы төмен “дайын” сұрыптарды егуге әуес. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен жуырдағы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының алқа мәжілісінде атап өтілгендей өңделетін алқап саны ұлғайғанымен, бұл жұмыспен барлық агроқұрылымдардың 13 пайызының ғана айналысатыны еш сын көтермейді. Яғни 4062 шаруашылықтың 513-і ғана озық технологияны игерген деген сөз.
Ауылдарда мал жаюға 442 мың гектар жетіспейді екен. Ал ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай жатқан 411 мың гектар алқапты мал жайылымына беруге не кедергі деген сұрақ туады. Мал жаятын жерге жеке адамдар да мұқтаж. Өйткені ауыл іргесіндегі алқаптарды кейбір белгілі кәсіпкерлер иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастағандары да бар. Тиісті орындар бұл мәселені шешуге қауқарсыз. Менің ойымша, жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударып, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай “Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы” арнайы заң қабылданса, мәртебеміз және көрсетілетін қолдау шаралары құқықтық тәртіппен бекітілер еді. Өкінішке қарай, мемлекеттен жерді жалға алу құқына ие болғандардың көпшілігі оны игермей, босқа ұстап отыр. Оларды Президенттің “шөп қорыған иттің” кебін кигендерге теңегені бар. Жер – ортақ байлығымыз болғандықтан, кім оны игерсе, соған тиесілі болуы тиіс.
Теріскейде жергілікті жерде ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие экологиялық таза өнімдер өндірудің мүмкіндіктері мол. Оның бір тетігі, Жолдауда айтылғандай, ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде тек шикізатқа негізделуден түбегейлі бас тарту. Ол үшін өнім өңдейтін кәсіпорындардың санын да, әлеуетін де арттыру қажет. Бұл салаға инвесторлар тарту – маңызды міндет.
Біз тұқым шаруашылығы мәртебесіне иеміз. Қостанайда тәжірибелік сынақтан өткен отандық жазғы бидайдың “Айна” сұрыбы аудандастырылып, мол өнімге қол жеткізіп отырмыз. Серіктестікте дәнді дақылдардан бидай, арпа, сұлы, майлы дақылдардан рапс және зығыр өсіріледі. Гектар шығымдылығы 24 центнерден кеміген емес. Машина-трактор паркін жаңарту – уақыт талабы. Мемлекеттік инвестициялық субсидиялау бағдарламасының арқасында соңғы 3 жылда “John Deere”, “Case”, “Sampo Asia” сияқты қуаттылығы жоғары 25 техника сатып алынды.
Көкөніс өсірудегі тәжірибемізге әріптестерім қызыға қарайды. Бақша өнімдерімен жұмысшыларға арналған асхана толық қамтамасыз етіледі. Тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы егістік көлемі 15 гектарға ұлғайтылды. Субсидия түріндегі көмектер минералды тыңайтқыштардың, гербицидтердің, тұқымдардың және дизель отынының, сондай-ақ сатып алынатын техника құнын арзандатуға мүмкіндік берді.
Серіктестікте 200 адам еңбек етеді. Еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлегендіктен ауылда жұмыссыздық жоқтың қасы, бейсауат жүрген жанды кездестірмейсің. Орташа жалақы 140 мың теңгеден айналады. Көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде механизаторлардың еңбекақысы 1,5-2 млн. теңгеге жуықтайды. Міндеттерін асыра орындаған, еңбек тәртібінің жоғары деңгейлі үлгісін көрсеткендер қаржылық жағынан көтермеленеді, бонустар, жалақыға үстемеақы қосылады Жыл аяғында “13-ші жалақы” төлеу жүйесі кіргізілген. Әлеуметтік әріптестік аясында жолдардың қысқы және жазғы күтіміне жыл сайын 3 млн. теңге бөлінеді. Бөлімшеде тұратын оқушыларды орта мектепке көлікпен тегін тасымалдау ұйымдастырылған. “Туған жер” бағдарламасы бойынша ауылдық медициналық пунктті күрделі жөндеуден өткізуге демеушілік көрсеттік. Мектеп үйін қалпына келтірудің жобалау-сметалық құжаттарын рәсімдеуге 2 млн. теңге бағытталды. Мектеп аумағы асфальтталып, балалардың ойын алаңы жасалды. Ұзындығы 53 шақырым болатын Виноградовка-Киров бағытындағы аудандық маңызға ие жолды жөндеуге 20 млн. теңге аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз реформалаудың, жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басып отырғанын, осыған орай шешуші қадамдар жасалатынын атап көрсетті. Осынау маңызды міндеттерді үлкен жауапкершілікпен орындау, өз үлесімізді қосу біздің де басты парызымыз болмақ.
Жұмағали ҒАБДУЛЛИН,
“Агроном-Тайынша” ЖШС-ның директоры.
Тайынша ауданы.