«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрақтандыру қоры — арзан баға кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымыздың тұрақтандыру қорында 5 мың тоннаға жуық азық-түлік бар. Мұндағы баға нарықтағыдан анағұрлым төмен, сондықтан сұраныс та жоғары.

Осыдан төрт жыл бұрын Петропавлда 12 ай бойы өнімді бұзбай сақтауға мүмкіндік беретін көкөніс қоймасы пайдалануға берілген болатын. Оны салудағы мақсат көктем уақытында өңірдегі көкөніс тапшылығын жойып, сырттан қымбат жеміс-жидектің әкелінуіне жол бермеу еді. Көкөніс қоймасы климаттық бес сақтау камерасымен жабдықталған. Әр камерада белгілі бір өнім түрлері сақталады. Мамандардың айтуынша, ондағы бірегей микроклимат көкөністі ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.

“Мәселен екінші камерада қырыққабат сақталған, ондағы температура 0 градус. Сақтау технологиясы дұрыс болған жағдайда өнім мамыр айының соңына дейін бүлінбейді. Үшінші камерада тұрған көкөніс – картоп, мұндағы температура +3 градус, яғни біз камералардың әрқайсысына жайлы орта қалыптастырамыз. Нысанның камераларын апта сайын озондаймыз, ол жағымсыз иісті, микробтарды жою үшін атқарылады. Бұдан бөлек, өнімді саудаға шығармас бұрын сұрыптау жұмыстары жүргізіледі. Сауда орындарына таза, сапалы өнім ғана жіберіледі”, – дейді көкөніс қоймасының аға менеджері Максим Ванюшин.

Өңірдің тұрақтандыру қорындағы көкөністер осы қоймада сақталған. Биыл мамандар қорға 1300 тонна картоп, 250 тонна қырыққабат, 200 тонна сәбіз, 300 тонна пияз, 1500 тонна ұн, 680 тонна қант және 524 тонна сұйық май сатып алған. Бұдан басқа, күріш пен қарақұмық бар.

“Өнім жергілікті тауар өндірушілерден төмен бағаға сатып алынады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатуға арналған өзіміздің алты дүкеніміз бар, олар Петропавлдағы әр базарда және үлкен сауда орталықтарында орналасқан. Баға, әрине, нарықтағыдан арзан. Тұрақтандыру қорында азық түлік жеткілікті, күзде жаңа өнім түрлерін сатып аламыз”, – дейді “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашов.

Тұрақтандыру қорында картоптың келісі – 115 теңге, пияз, сәбіз, қырыққабат 95 теңге тұрады. Мұндай баға қала дүкендерінде жоқ.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp